Зерттеушілер жүргізген тәжірибелер нәтижесі бойынша, отшашу адамдар санасында мереке, қуаныш және бақыт ұғымымен тең екен. Бір сөзбен айтқанда, адамдар отшашуды жақсы көреді. Бұл адамның физиологиясымен тығыз байланысты: отшашу кезіндегі жалындар, жарқылдар және шу адам ағзасында адреналин мен дофамин гормондарының бөлінуіне сеп болады екен. Бұлар адамда рахаттану және бақыт сезімін туындатады, жүйке жүйесін тыныштандырады, шаршауды басып, жүрек қағысын жиілетеді. Сондықтан отшашудың атылуы жаңа жылдық көңіл күйді көтеретін бір жол.
Отшашу қауіпті емес пе?
Жоқ! Егер көрсетілген нұсқаулықпен мұқият танысып, барлық ережені ұстансаңыз ешбір қауіп жоқ. Отшашудың жарылу қасиеті төмен, себебі, дайындалу кезінде жарылысқа қуаты жетпейтін арнайы оқ-дәрі қолданылады.
Адамдар отшашу барысында жарақат алып жататын жайттар кезігеді. Мұның бәрі ұқыпсыздық пен жауапсыздықтың салдары. Олар не қауіпсіздік шараларын ұстанбайды, не нұсқаулықпен таныспайды. Ешбір жағдайда бұлай істемеген жөн.
Ең басты қағида – отшашуды іске қосар алдында нұсқаулықты оқып, қауіпсіздік шараларын ұстану.
Отшашуды қалай таңдаған дұрыс?
Отшашуды таңдар уақытта ең алдымен қандай әсер алғыңыз келетіндігін анықтап алыңыз. Өте қатты шулы дыбыс естігіңіз келсе – петардалар, жоғары көңіл күй қаласаңыз – биікке ұшатын, ерекше көрініс беретін отшашулар алғаныңыз абзал. Өте әсерлі әрі әдемі көрінетін субұрқақ түріндегі отшашулар үлкен сұранысқа ие.
Жаңа жылдық түнге отшашу таңдау кезінде отшашу құрылғыларының қуат батареясын мұқият тексеріп алыңыз. Қуатты батареялы отшашу кішкене сәбилердің ғана емес, үлкен адамдардың да таңданысын тудырып, ерекше әсер сыйлайтыны рас.
Жалған отшашулар болуы мүмкін бе?
Иә, жалған отшашулардың болуы мүмкін. Олардың дайындалу технологиялары дұрыс емес және сертификациядан өтпеген. Абайламасаңыз, отшашу уақытында іске қосылмай мерекелік көңіл күйді бұзуы мүмкін.
Мұндай жалғандыққа ұрынбау үшін көшеден немесе базардан отшашу құрылғыларын алмағаныңыз жөн. Арнайы дүкендерден сатып алғаныңыз жөн. Отшашудың дұрыс дайындалғанына көз жеткізу үшін қаптамасын тексеріңіз, сонымен бірге нұсқаулық орыс тілінде немесе мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Дайындалған күні, сертификацияланғандығы туралы ақпараттарды да тексере өткен жөн.
Отшашуды қайда тұтандырған жөн?
Әрбір қалада отшашуға арналған арнайы алаңқайлар болады. Қала әкімдігі мұндай алаңқайлардың тізімін жасап, ресми сайттарға жариялайды. Мұндай алаңқайлар тұрғын үйлерден алыс орналасады.
Өз аулаңызда отшашу атқыңыз келе ме? Өте жаңсақ ой. Кез келген отшашудың қауіпті аумақ шеңбері бар. Бұл аумақта тұрғын үйлер, ағаштар, электр бағаналары болуы мүмкін.Суперсалюттер, зымырандар үшін қауіпті шеңбер – 30 метрді құраса, субұрқақ секілді отшашудың қауіпті шеңбері – 5 метрді құрайды. Егер далада жел болса, шеңбердің қауіптілік аумағы 3-4 есе ұлғаяды. Алдын ала отшашу алаңқайын дайындап алыңыз, себебі, жаңа жыл түні асығыс шешім жасап, жақындарыңыздың өміріне қауіп төндірмеңіз. Ал отшашуды тамашалайтындар 30-50 метр қашықтықтан бақылағаны абзал.