Балаларға арналған жаңа жылдық тақпақтар

Балаларға арналған жаңа жылдық тақпақтар
Фото: Pandaland.kz

Жаңа жыл келсе алдымен қуанатын бүлдіршіндер. Себебі Аяз атаға сенетін олар үшін "Жаңа жыл" таптырмас мереке. Олар үшін тақпақ айтып, ән салып, өнерлерін көрсетіп сыйлық алу – керемет сезім. Біз бүлдіршіндерге арнап жаңа жылдық тақпақтар топтамасын ұсынып отырмыз. 

Аяз ата ақсақал, 
Иегі аппақ қапсақал. 
Қандай сұлу, қарашы, 
Қасындағы ақшақар. 

Тақпақ айтып берейін, 
Аяз ата не дейін?! 
Осы өлеңге қанеки, 
Не бересіз көрейін. 

***

Жаңа жылда ойнаймыз, 
Отбасы боп тойлаймыз. 
Аяз ата келгенде, 
Тақпақ айтып қоймаймыз. 

***

Тақпағымыз тамаша, 
Аяз ата қараса! 
Әттең мені көрмей тұр, 
Бойым шіркін аласа. 
Кәмпитіңді алайын, 
балалармен таласа. 
Бір қарашы өтінем, 
Айтқан әнім ұнаса. 

***

Аяз ата барсың ба? 
Әлде ұшқын қарсың ба? 
Бәрімізді алдайтын, 
Жетпістегі шалсың ба? 

Ақшақарың әдемі, 
Сұлулықтың әлемі. 
Сыйлығыңды дайында, 
Жақсы болса өлеңі. 

***

Қызыл шапан жамылған, 
Жүрісінен жаңылған. 
Аяз ата келіп тұр, 
Арбасына таңылған. 

Бұғылары аспанда, 
Ұшады екен қашқанда. 
Ыршып өтіп таудан да, 
Үйлерден де тастан да. 

Ақшақары қасында, 
Ақ үлпегі басында. 
Немере мен атасы, 
Секілді екен расында. 

Ал айтайын әнімді, 
Сынап бүгін әлімді. 
Сыйлығымды алайын, 
Қарық қылып бәріңді. 

***

Аяз ата тыңдашы,
Жаңа жыл бұл, жыл басы.
Өнерімді көрсетем,
Сыйлық берші, тұрмашы!

***

Аяз ата, аман ба,
Бір тақпақ бар балаңда.
Сізге сенем шынымен,
Сенеді оған анам да.

Өнеріме тамсанып,
Берейін ал ән салып.
Сенде тұршы Ақшақар,
Шапалақтап тамсанып.
 

М. Ақан