Массагеттен мәзір: жаңа жыл мерекесіне арналған торт

Массагеттен мәзір: жаңа жыл мерекесіне арналған торт
Фото: Massaget.kz

Массагет мәзірі әр мереке сайын жаңаша үлгіде торт ұсынады. Екі-үш күннен кейін ескі жылды еңсеріп, жаңа жылдың есігін ашамыз. Әр үйдің дастарханы ерекше жайылады. Әр отбасы өзінше қарсы алады. Жаңа жылда дүкендер желісінен торт таппай жатамыз. Тапсырыс беруге де кешігіп жататын кездер болады. Осындайда үйде өзіміз ерекше етіп торт жасауға болады. Күнделікті көз үйренген дөңгелек немесе төрбұрышты торт емес, жанұяның жылуын, берекесін білдіретін жаңаша үлгіде торт дайындап көріңіз.

Біздің бүгінгі мәзірдегі торт "Жылы жанұя"  деп аталады. Тортқа қажетті ингредиенттер:

– 350 г ұн;
– 250 мл сүт;
– 4 жұмыртқа;
– 350 г қант;
– 200 мл сұйық май;
– 2 ас қасық какао;
– 3 мл не 5 тамшы сұйық ваниль;
– 1,5 г
разрыхлитель.

Ең әуелі шұңғыл ыдысқа 4 жұмыртқа мен 350 гр қантты салып, араластырып аламыз. Қант толығымен ерітіндіге айналғанша араластырамыз.

Содан кейін сүт пен сұйық май құйып, олардың үстіне разрыхлитель, какао, ваниль және ұн салып, барлығын миксермен араластырамыз.

Дайын болғаны қоспаны қалыпқа еппен орналастырып, пешке саламыз. 15 минуттан кейін қайта аламыз. Дәл осындай бисквитті 3 не 4 рет жасауға болады.

Піскен торт бөліктерін төртбұрышты етіп үйшік қалпына келтіреміз. Әрқайсысының ортасына крем жағып, бірі-біріне әбден сіңгенінше орналастырамыз.

Торттың сыртқы бейнесіне арнайы мастика қолданамыз. Мастика – пластилин секілді арнайы торт безендіруге арналған тағам. Жеуге болады.

Торттың кремін даярлау үшін Президент кілегейіне 1 ас қасық қант және маскарпони сүзбесін қосып, бәрін бірге миксермен араластырамыз. Қоспаны 15 минутқа тоңазытқышқа қою керек.

Торттың әдемі көрініс беруі сіздің қиялыңызға байланысты.

Ә. Жутаева