Жыл басы

Қазақ бағзы замандардан бері он екі жылды бір мүше санап келген. Мүшел жылдар 12 түрлі хайуан атымен аталады. Бұлар төмендегідей: 1- жыл(басы)- тышқан, 2 жыл –сиыр, 3 – барыс, 4 –қоян, 5 – ұлу, 6 – жылан, 7 – жылқы, 8 – қой, 9 – мешін, 10 – тауық, 11 – ит, 12- доңыз. Аталған жылдардың жартысы үй хайанаттары да, қалғаны – түз тағылары. Сонымен 12 жфлдан кейін 13 – жыл тышқаннан бастап, осы мерзім бір мүшел деп аталады. Мүшел жылдың басын қашанда 22-наурыздан санайтын болған.

Мүшелдің шығу тарихы туралы әр алуан аңыз бар: Мәселен, Махмұт Қашқаридің айтуынша, ертедегі түркілердің бір ханы бұрынғы елекулі бір соғыстың қай мерзімде өткенін сұрағанда, жұрт тап басып айта алмаса керек. Сонда хан енді бұдан былай Зодиактағы он екі таңбаға сәйкес он екі жылды біркезеңге негіз етіп алуды ұсыныпты. Екінші бір аңыз-әңгімеде тағы бір хан аңға шығып, қасындағы қағушыларды түз аңдарын өзенге қарай тықсыртып қуса керек. Судан өткен аңдардың кезегіне қарап жыл санаудың тәртібін белгілепті деседі.

Үшінші аңыз бойынша он үш хайуан жыл атын иемденуге талап қылып, өзара таласып қалыпты. Содан тышқан тұрып: «Ертең ерте тұрып, жаңа шыққан Күнді аңдиды. Сонда Күнді ең бірінші көрген «жыл бсы» болсын, қалғандары Күнді көрген кезек тіртібімен жыл атауына ие болсын», - деп ұсыныс жасапты. Бәрі соған келісіп, уақыт жақындаған кезде тышқан ептілікпен түйенің басына шығып алып, Күнді бірінші көріпті. Бұдан кейін Күнді көрген он бір хайуан да жыл атын иемденеді де, «Менен бұрын ешкім көре алмас» деп, бойына сенген түйе, жыл атынан құр қалыпты делінеді.

Келесі бір аңызда түйе де құалақан қалмапты деседі. Бұл бойынша, жоғарыда аталған он екі хайуан түгел жиналып, түйенің мүшелерін бөлісіп алса керек. Осыдан барып жыл атын алған тышқанның құлағы, барыстың кеудесі, қоянның ерні, жыланның иір-иір бойы, сиырдың тұяғы, жылқының жалы, қойдың жоны, мешіннің бөксесі, тауықтың айдары, иттің саны, доңыздың құйрығы түйеге тартыпты дейді.

Жыл қайыру

Қазақта жыл басы Наурыз айының 22-нен басталады. Он екі жыл бір айналғанда бір мүшел толды деп есептелінеді. Жыл басы «тышқан» саналады. Ал 1983 жылдың наурызында доңыз жылы басталса, ол енді1995 жылдың наурызында қайта келеді. Кестеде қазіргі жыл санау мен ескі жыл қайыру қатар берілген. Сол арқылы әркім ескіше жыл қайыру әдісімен қазақтың жыл санауы бойынша өзінің қай жылы туғанын және неше мүшелге толғанын біле алады. Бірінші мүшел 13 жаста толады. Оған 12 жылды қосып отырсаңыз, келесі мүшел шығады. Адам өзінің туған жылын мүшел жылмен есептеу үшін туылған жылына 9 санын қосып, сол санды 12-ге бөледі. Ал сонда қалдық саны мүшел жыл саны болып шығады. Мәселен, кісі 1940 жылы туылған болса, бұл мүшел есебінің қай жылына тура келетінін білу үшін, оған 9 санын қосса, 1949 жыл болып шығады, ал соын 12-ге бөлсек, 5 қалдық саны қалады. Демек мүшел жыл есебі бойынша ол ұлу жылы туылған болады. 

el.kz