- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2017
- Жаңа жылдық құттықтау-тілектер...
Жаңа жылдық құттықтау-тілектер
Енді аз күндерден соң жаңа жылға қадам басып, Мешін жылынан Тауық жылына бағыт түзейміз. Жаңа 2017 жыл құтты болсын деген тілекпен жаңа жылдық құттықтау тілектер топтамасын түзген едік. Қабыл алыңыз!
Ата-анаға арналған жаңа жылдық тілектер:
- Біз бір-бірімізге әр күн сайын жылы сөз айта бермейміз. Бірақ қамшының сабындай қысқа ғұмыр оған ырық бермейді. Жүйрік уақыт көзі ашып-жұмғанша өтеді де шығады. Қадірлі әке, ана! Бүгін сіздерге алғыс айтқым келеді. Ең бірінші мені өмірге алып келгендеріңіз үшін! Әр жаңа жылға аяқ басқан сайын жарық дүниедегі әр сәтім үшін мың шүкіршілік айтамын! Сіздер аман жүріңіздер! Мен сіздерді жақсы көрем.
- Құрметті Әкешім мен Анашым! Келіп жеткен 2017 жыл сіздерге көп жақсылығымен келсін. Мәуелі бәйтеректей көз алдымызда жайқалып жүре беріңіздер. Бұл өмірде әке мен ананың шексіз мейіріміне, аялы алақанына тең келер ештеңе жоқ. Сіздердің амандықтарыңызды тілеп, осы жаңа жылды бірге қарсы алу сәтіне жеткізген Аллаға разылық білдіремін! Талай жылды бірге қарсы алу бақыты бұйырсын! Жаңа жыл құтты жыл болсын!
- Анашым, сізді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз үшін көңіліңіз ақ қардай таза, мінезіңіз ұлпа қардай жұмсақ. Қабағыңыздан қаңтардың суықтығын, ажарыңыздан ақпанның аязды кейпін көргім келмейді. Сіз маған бала кезде сағынышпен тосатын Аяз атадай қымбатсыз. Ешқашан ауырмаңызшы!
- Әкешім, Жаңа жылда сізге жақсылықтар мен ізгі тіліктерді арнаймын. Деніңізге саулық берсін. Қабағыңызға қаяу түспей, жүзіңіз жақсылықтың жаршысы болсын! Әр бала өз әкесін пір тұтады. Сіз мен үшін, асқар тау, алып бәйтерексіз. Жаңа жылыңызбен!
Достарға арналған жаңа жылдық тілектер:
- Досы көпті жау алмайды. Иә, рас достықтың, жолдастықтың қадірін ұғынған жарты жолда қалмайды. Мен сіздердей достарыммен мақтанамын! Әрқашан арамыз ажырамасын. Жаңа 2017 жыл жақсылығымен келсін! Тауық жылының «өнімі» көп болсын. Жарларыңның құрсағына бақыт бітіп, бәріміздің қуанышымызға айналсын. Құтты жылға қадам басуды жазсын!
- Аса қадірлі досым! Ескі жылдағы естеліктеріміз елеске айналып барады. Бірге өткізген шақтарымызды сағына еске алар сәттер де жақсын. Жаңа жыл екеуіміз үшін жаңа жетістіктерімен, ерекше сыйымен келсін. Біз бағындырар белес алды. Шыңдарға бірге қанат қағайық!
- Достық – ұлы ұғым. Оның қадіріне жеткен де бар, жетпеген де бар. Мен сені бұл ұғымға адал адамдардың қатарына жатқызамын. Сыйластығымыз үзілмесін. Тауық жылы табысты жыл болсын! Жаңа 2017 жыл құтты болсын!
Жалпыға тілек:
Қадірлі ағайын! 2017 жыл - Тауық жылы баршаңызға қуанышқа, шаттыққа толы болсын деген тілек айтамын. Дендеріңізге саулық, жұмыста табыс, отбасына амандық тілеймін! Жаңа жыл берекелі, мерекелі болсын! Барлық қиыншылық осы жылдың еншісінде қалсын. Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа!
Н. Айдархан