Жаңа жыл мерекесі жақындап қалды. Балалар Аяз атадан сыйлық күтсе, үлкендер қауымы жанашыр жақыннан тосынсый күтетіні белгілі. Сыйлық жасау пенде атаулыға ерекше қуаныш сыйлайды. Мереке қарсаңындағы сыйлықтар тіпті ерекше болады. Жақындарымызға жаңа жылда қандай сыйлық ұсынуға болады?
Аналар қауымы. Олар жарынан, үй болып кеткен бала-шағадан сыйлық күтеді. Жаңа жыл қарсаңында аналарымызға қандай сыйлық берсек те артық етпейді. Бағалы жүзік, алқа немесе қымбат тон, кір жуу машинасы, тігін машинасы. Десе де, әр адам өз жағдайына қарай сыйлық ұсынып жатады. Ең бастысы – таза ниет, шынайы көңілмен берілсе болғаны. Осы орайда әдемі орамал сыйлауға да болады. Жасы үлкендерге шәлі орамал, орта жастағыларға сырлы да кестелі орамал. Есесіне, "мен сыйға тартқан орамал" болып есте қалады.
Әкелер қауымы. Олар сыйлыққа әуес емес кейіп танытып жүреді. Алайда сыйлық алған кімге ұнамайды? Оның үстіне мереке қарсаңында іштей күтіп жүретіні анық. Сол үшін де оларға жақсы сыйлық таңдаған жөн. Мемлекеттік қызметте жасайтын, офисте отыратын әкелерге өрнектелген қалам сыйлауға болады. "Гравировка" әдісін қолдансаңыз тіпті қатып кетеді. Сонымен қатар ою-өрнегі мол, қазақы нақыштағы әмиян мен белдіктер де сәнде. Қаражат жағынан қиналсаңыз кішігірім қол түйме сыйлығы да жаман емес. Бастысы, әкелерді елеусіз қалдырмаңыз.
Қыз-келіншектер қауымы. Олардың жаны нәзік. Міндетті түрде сыйлық күтеді. Әшекей бұйымдар, сөмке, косметикалық құралдар сыйлауға болады. Гүл де артық етпейді. Кей келіншектерге ыдыс-аяқ сыйласаңыз қатты қуанып қалар еді. Қарындастарымызға кітап, жеңгелерімізге әтір, әпкелерге әшекей ұсынуға болады. Сүйікті жарыңыздың керек затын алдын-ала біліп алып сыйлағаныңыз тіпті жақсы. Керек затын тосыннан сый ретінде алған кім-кімді болса да қуантары сөзсіз.
Балалар қауымы. Олар жаңа жылды уақыт тосып, сағат санап күтеді. Шыршаның астын күніне он қарайтын балалар да бар. Олар үшін жаңа жылдың басты құдіреті – сыйлық алу. "Берсең балаға бер",– деп қазақ бекер айтпаса керек-ті. Бүлдіршіндерге тәтті, мектеп балаларына ойыншық, кітап, жоғары сынып оқушыларына ұялы телефон немесе өздері армандап жүрген дүниесін сыйласаңыз болады.
Адамның көңілі бәрінен қымбат. Сол себепті де, кішкентай дүниелер арқылы оларды қуанышқа бөлеп, әдемі естелік қалдыруға болады. Жақындарыңызға сыйлық ретінде үнемі тосынсый жасауға асық болыңыз.