- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2016
- Мешін жылын ойынмен...
Мешін жылын ойынмен қарсы алайық
Жаңа жылды көңілді қарсы алу үшін сіздерге мынадай ойындар ретін ұсынамыз! Мерекені үйде қарсы алғанда осы ойындарды ойнауға болады. Бір жақсысы, адам саны шектеусіз. Мешін жылын көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, келер жылды ойлағанымыздай өткізгенге не жетсін?!
«Селфи: мешінмен»
Бұл ойынға үстел басындағы барлық қонақ қатысады. Екі адам селфи жасап суретке түседі. Бірақ оның оң жақта отырғаны мешін кейпін жасап суретке түсуі керек. Тізбек бойынша кезек келе береді. Күлкілі әрі әсерлі суреттер бәріне қызықты болады.
«Уақыт уәдесі»
Бұл ойын аса күрделі емес. Бірақ барлық адамды ойландыруы мүмкін. Бір парақ алып, оған «Мен 2016 жылы ... уәде беремін, орындамасам айыбымды өтеймін» деп әзіл араласқан астарлы уәдесін жазады. Мысалы, «Мен 2016 жылы 3 күн диета ұстаймын» деген секілді. Әркім ойының ұшқырлығына қарай жазады. Кейін бұл парақты сақтап қойып, келесі жылы ашып, уәдесін тексересіздер.
«Тақырып тілегі»
Бұл тілек тілеудің өзгеше түрі десек те болады. Мұны қонақтарға дастарқанға отырған кезде ескертіп қойған абзал. Ол үшін барлығына арнайы тақырыптар бөліп бересіз. Мысалы, «Доллар», «Бозбала», «Бойжеткен», «Қыс», «Мешін», «Дәрі» деген секілді тақырыптарды парақшаларға жазып, таратып бересіз. Олар өз тілек кезегі келгенде осы сөздерді байланыстырып тілегін білдіреді.
«Мешінді танисыз ба?»
Енді кезекте викториналық сұрақтар шеру бастайды. Кино, шығарма, мультфильмдегі маймылдар туралы сұрақтар беріледі. «Сұлулыққа ғашық алып маймылдың есімі» деп сұрақ қойсаңыз, қатысушылар жауабын айтуы керек. Ол үшін сұрақтар ретін ойластыру керек.
«Ештеңе естімедім, көрмедім, айтпадым»
Жапондардың осы философиясы үш маймылдың кескінімен жасалғаны белгілі. Олар жапон тілінде «мидзару, кикадзару, ивадзару» деп аталады. Ал «дзару» сөзі «маймыл» деген сөз. Сайыс үш бөлімнен тұрады және оған 3 адам қатысады.
1. Ештеңе көрмедім. Қонақтар қатысушыдан бір затты жасырып отырады. Ол қонақтарға және жасырылған затқа қарамайды, яғни теріс қарап тұрады. Ол «Бұны жеуге бола ма?», «Оның түсі қызыл ма?» деген секілді сұрақтармен заттың не екенін табады.
2. Ештеңе естімедім. Бұл бөлімде қонақтар параққа бір затты жасырып жазады немесе өзара келісіп алады. Қатысушыға ешқандай дауыс білдіртпей не нәрсе екенін қимылмен көрсетеді. Қатысушы олардың қимылына жасырылған затты табуы тиіс.
3. Ешкімге ештеңе айтпаймын. Ал бұл бөлім алдыңғысына керісінше жүреді. жүргізуші қатысушыға бір сөзді көрсетеді, ал ол жасырылған затты қонақтарға қимылымен ғана бейнелеп көрсетеді. Қонақтар жасырылған сөзді табуы қажет.
Г. Берік