«Массагет» оқырмандары 2015 жылдың үздіктерін таңдау сауалнамасына қатысып, белсенділіктерін танытты. Назарларыңызға сауалнаманың алғашқы нәтижелерін ұсынамыз.
Танымдық бағытта жұмыс жасайтын порталымыздың оқырмандары жылдың үздік әншісі ретінде Төреғали Төреәліні таңдады. Осы «Ұлы дала баласы» деп жеке концертін өткізген эстрада жұлдызының өнері көптің көңілінен шығып жүр.
Порталда және «вконтакте» желісінде жүргізілген үздік әншіні таңдау сауалнамасына 775 адам қатысты. Оның тең жартысы Төреғали Төреәліні үздік деп таныды. Оны төмендегі сауалнама қорытындысынан байқай аласыздар.
Екінші орынға 71 дауыс жинаған Димаш Құдайбергенов орналасты. Ол осы жылы Витебскте өткен «Славян базары-2015» музыкалық байқауында бірінші орын алған болатын. Үштікті Бауыржан Ретбаев түйіндеді.
2015 жылдың үздік әнін таңдауға да дауыс берушілердің саны мол болды. Бұл аталымда да Төреғали Төреәлінің аты оза шапты. Еске Есмаханмен дуэт құрап айтқан «Алло, алло» әні тыңдармандарының жүрегіне жол таба білді.
Үздік әндер шеруінде екінші орынға Ғаділбек Жанайдың «Ханшайымым» әні тұрақтады. 2015 жылы әншіні ерекше қырымен таныта түскен әнге 156 адам өз дауысын берді. Үштікті Жанар Дұғалованың «Айта берсін» әні қорытындылады. Өзге де статистикалар туралы төмендегі скриншоттан көре аласыздар.
Өзге аталымдардағы жеңімпаздарды алдағы уақытта жариялайтын боламыз. Өзге аталымдарда порталда дауыс беру тоқтатылғанмен, «вконтакте» әлеуметтік желісінде жалғасуда.