Жаңа жыл — ескі өкпе-наздың жазылып, ойдағы бар мәселелер ұмтылатын уақыт. Дегенмен өмірде, тіпті, ең жақын деген адамдарыңның өзімен, болмашы бір нәрсеге ренжіп қалатын кездері болып жатады. Бірақ ұзақ жылдар бойы «Жаңа жылды таза көңілмен, жақсы ниетпен, өкпе-ренішті ескі жылға қалдырған қадаммен аттау керек» дегенді көп естиміз.
Қазір, тіпті, ғылымның өзінде психологиялық күйзеліс адамның тән саулығына әсер ететіндігі дәлелденген. Өкпе, нала, реніші бар адамның күйі шектен тыс толықтыққа, жүрек-қан тамырларының ауруларына әкеліп соғады екен. Сондықтан да, ондай көңіл-күйден тез арылып тұру қажет. Ал егер сіз біреуді ренжітіп қойған болсаңыз, ол адамнан тез арада кешірім сұрауға тырысыңыз. Бірақ кешірім сұрағанда қысқа, артық ауыз сөздерді қыстырмай, ең бастысы, ақталуға тырыспай (ақталған болсаңыз, алдыңызда тұрған адам сіздің өз қателігіңізді әлі мойындамағаныңызды түсінеді) жасау керек. Оған гавай халқының ұстанымын келтіргім келеді: «Ренжіткен кісіңізден кешірім сұраған уақытта 4 ауыз сөз айтуды ұмытпаңыз дейді. Олар - «мен қатты өкініп тұрмын», «кешірім сұраймын», «мен сені жақсы көремін», «саған алғысым шексіз». Осы төрт ауыз сөзден кейін ол кісінің сізге деген ашуы тарқап, кешірім беріп, өзіңізге де алғысын білдіреді» дейді. Ал егер кешірім сұрауға барғанда ол адам сізді тыңдамай кетсе, оған хат немесе смс құттықтау жазу арқылы кешірім сұраңыз. Бұл бір жағынан кешірім сұрау, бір жағынан келе жатқан жаңа жылымен құттықтау есебінде жүреді. Бірақ, хат арқылы кешірім сұраған кезде міндетті түрде «не үшін?» кешірім сұрап жатқаныңызды, ендігі жерде бұндай жағдай қайталанбас үшін нақты не істейтініңізді анық жазыңыз.
Бұл менің қазіргі, ес біліп, ақыл тоқтатқан кездегі көзқарасым. Ал бала күнімнен бір тәмсіл айтайын. Жаңа жылға аз күн қалған кездерде анам бізге бір қалта дәнді дақыл әкеліп беріп: «Кім осы жылы «кімге?» немесе «неге?» неше мәрте ренжіді, сонша уыс дәнді өздеріңнің қалталарыңа салыңдар, содан соң бірден далаға шығып, қалталарыңды басып тұрған реніштеріңді далаға шашып тастаңдар. Бірақ, жолға емес, себебі ол келеңсіздіктер осы жылы қайтадан жолыңа кезігіп қалуы мүмкін. Ал оларды тоғайға немесе талдың түбіне шашсаңдар, ол реніштеріңді құстар алып кетеді, сөйтіп сендер өздеріңді мазалап жүрген өкпе-наздарыңнан құтыласыңдар», — дейтін. Бала болдық, аңғал болдық, соған сендік... Дегенмен бұл да анамыздың бізге үйреткен тәрбиесі. Бір жағы біздің көңілімізді тазарту болса, екінші жағы қыстағы тоңған құстарды тамақтандыру... Міне, жаңа жылдың құдіреті, пайдасы, қызығы да осыда шығар деп ойлаймын.
Қазіргі таңда әртүрлі ағымдағы қоғамдық топтарда «Жаңа жыл біздің халыққа тән емес», «мұсылман халқының жаңа жылы емес», «тойламаймыз», «күтпейміз» дейтіндер саны артып келе жатыр. Ал, менің ойымша, жаңа жылдың шығу тарихы маңызды болмауы тиіс, ең бастысы дүние жүзі мойындайтындай, дәл осы күні жыл бастауымыз жаңарады, күнтізбедегі жыл санауымыз өзгеретіні хақ. Сондықтан да, дәл осы күнді тойлайық, тойламайық, дегенмен де күнтізбеміздің жаңа жылына жаңа, таза, пәк көңілмен қадам басайық дегім келеді.