Жаңа жыл – 2016. Сыйлықты бірге таңдайық

Жаңа жыл – 2016. Сыйлықты бірге таңдайық
Фото: moiasemia.ru

Жаңа мешін жылының табалдырығымызды аттауына да көп қалған жоқ. Ал жақындарыңызға жаңажылдық сыйлық жасау – сіздің көңіліңізді, қамқорлығыңызды білдіріп қана қоймай, мерекелік жақсы көңіл-күй сыйлайды. Алайда «талғамға талас жоқ» демекші әрқайсысының табиғатына жақын, көңілі мен талғамынан шығатын сыйлық жасау — оңай шаруа емес. Сол себепті де сыйлық жасауға үлкен жауапкершілікпен қарағаныңыз жөн. Ал бұл жолдан қиналмай өткіңіз келсе, төмендегі кеңестерге көз сала өтіңіз.

Ал ата-анамызға не сыйлаймыз?

Ата-аналардың көпшілігі сыйлықтың санынан гөрі сапасына қызығады. Ең бастысы анаңызға қажетті затын сыйлаңыз. Мәселен, анаңыз мектепте қызметкер болса, қолға ұстайтын сөмке, қол сағаты, қолғап, мойынорағыш, әтір, жылы орамал секілді сыйлықтар сыйласаңыз болады. Сонымен қатар, анаңызға үйде ортақ тұтынатын зат та үлкен сыйлық болмақ. Яғни анаңыз осыны үйге алу керек еді деп жүрген затын сыйласаңыз, керемет болатыны сөзсіз және өз қолыңыздан жасалған бұйым да анаңыздың көңілінен шығады.

Әкеңізге қырынуға арналған жиынтық, ұстара аспаптарын, жақсы кітаптар, иіс су, әмиян, былғары фотоальбом,  қол сағатын сыйласаңыз болады. Бастысы әкеңіз алып бір бұрышқа қоя салатындай емес, тұтынатын, қажетті затын сыйлаған дұрыс. Шын көңілден сыйланған әрбір сыйлық бағалы екенін естен шығармағайсыз. Ата-әжеңізді де ыстық лебізді тілектер жазылған ашық хат арқылы құттықтап, бір қуантып алуға болады. Үлкен кісілер көбінде қабырғаға ілетін отбасылық суретті, қол сүртетін орамал, жылы халат пен жайлы сүйретпеден бас тартпасы анық. Сонымен қатар, отбасылық дастарханда әжеңізге, атаңызға арнап ән шырқап, өлең оқысаңыз, бала жанды ата-әжеңіз бір марқайып қалады.

Отбасында ойып орын алатын ыстық жандардың бірі – бауырлар. Оларға  сыйлық таңдау үшін тек өз талғамыңызбен ғана санаспаңыз. Өзіңізге ұнамайтын зат әпкеңізге, сіңліңізге, жеңгеңізге де ұнамауы мүмкін. Сол себепті керегіне жарайтын сыйлық таңдауға тырысыңыз. Бұл тұста жас ерекшелікті де ескерген дұрыс. Бәріне бірдей емес, егер сіңліңіз мектеп оқушысы болса, сүйікті авторының кітабын, әдемі мойынорағыш, жылы жемпір секілді сыйлықтар сыйлауға болады. Ал әпкеңізге сүйікті әтірін, косметикалар жиынтығы, әшекей бұйымдар, қол сөмке секілді тамаша сыйлықтар жасай аласыз. Анаңызға айта алмайтын сырды айтатын үйіңізде бір жан бар. Әрине, ол – жеңгеңіз. Жеңгеңізге құрбыңыздай қарағандықтан, сыйлықты талғамына қарай таңдаңыз. Жылы орамал, сүйікті әтірі, шыны ыдыстар не дейсіз ұнататын кез келген затын сыйлауға болады. Алайда өзі жақында ғана алған немесе өзінде бар заттарды қайта сыйламаған дұрыс. Кез келген жанға сыйлықтың ең кереметі – өзіне қажетті бұйымы мен тұтынатын керекті заты. Ол жанда жоқ немесе алғысы келіп жүрген зат сыйлықтың көкесі болмақ.  

Ағаңыз бен ініңізге шахмат, нарды секілді ойын құралдарын сыйлап бір қуанта аласыз. Сонымен қатар, ағаңызға қырынуға арналған жиынтық, ұстара аспаптарын, иіс су, мойынорағыш, қол сағатын сыйлауға да болады. Ініңіз мектеп жасында болса, калейдоскоп, дүрбі, иероглиф, жақсы әдеби кітаптар, қойын кітапша сыйлауға болады.

Жігіттер қауымына:

Жаңажылдық сыйлықтың көмегі арқылы сүйіктіңізге деген махаббатыңыз бен қамқорлығыңызды жеткізе аласыз. Сол себепті мерекеге ерекше дайындалғаныңыз жөн. Баршаңыз білетіндей қыздарға сыйланатын ең танымал сыйлықтар – иіссу, боянатын заттар, гүл және түрлі ойыншық. Ерекше күнді ерекше етіп өткізіп, сүйіктіңізді қуантып, бір тосын сый жасаймын десеңіз, қызыңыздың жеке қызушылығына, айналысатын ісіне баса мән бергеніңіз жөн. Ешқандай қыз бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан мұнда қызыңыздың талғамымен санасқаныңыз дұрыс. Сыйлықты өзіңіз таңдай алмайтын болсаңыз, құрбысынан көмек сұрасаңыз болады. Сіз туған күнінде немесе қыздар мерекесінде, ғашықтар күнінде жасаған сыйлығыңызды қайталаушы болмаңыз. Себебі қызыңыз сізден мұндай сыйлық күтпеуі мүмкін. Қолдан жасалған дүние қашанда бағалы болмақ. Сол себепті де өзіңіз немесе тапсырыс беру арқылы әдемі бұйым жасауға болады.

Қыздар қауымына:

Ер-азаматтарға сыйлық алу бір қарағанда оңай секілді көрінгенімен, таңдауға келгенде тығырыққа тірелетін кездер де болады. Сыйлық сыйлауды ойлағанда алдымен неден қашу керек? Бірінші үй жануарларын, әсіресе, мысық сыйлаудан бас тартыңыз. Себебі ер адамдар үй жұмысын жақтыра бермейтіндіктен, үй жануарларының жауапкершілігін мойнына алуға мүлде қарсы болуы мүмкін. Екінші жұмсақ ойыншықтардан. Ерекше сыйлық ретінде ұсынамын деп, ер-азаматтың көңіл-күйін бұзып, артық қыламын деп тыртық етіп алмаңыз. Жігітіңіздің қандай түс ұнататынын, көңілі неге жақын екенін анықтап алғаныңыз дұрыс.


Сүйіктіңізге сыйлық таңдағанда үнемі галстук пен оның қыстырғышынан шаршауы да мүмкін. Сол себепті жігітіңіздің ойына келмейтін сыйлық жасауға тырысыңыз. Оның қатарына өзіңіз қолдан жасалған бұйымдар кірмек. Тіпті қолдан тоқылған әдемі шәлі немесе жемпірді тарту етсеңіз, дән риза болмақ. Арнайы мерекеге арнап торт пісіріп те, жақсы кеш жасай аласыз. Сонымен қатар, жігіттер күнделікті пайдаланатын заттар мен ұсақ-түйектерге аса мән бермейді. Оны өзіне арнап алмайды да. Алайда пайдаланып жүргеніне көп болған бұйымын қайта жаңартып, сыйлық ретінде тарту етсеңіз, бір қуанып қалары сөзсіз. Яғни сапасына мән берер болсаңыз, оның керек-жарағынан асар сыйлық табылмайды.

Н. Үсенова