- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2016
- Жаңа жыл –...
Жаңа жыл – 2016. Әртістер Жаңа жыл мерекесімен құттықтайды
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Табиғаттың төрт мезгіліне өлең арнаған Абайдың осы «Қыс» өлеңі кейіптеудің биігі десек, қателеспеген болар едік. Алты қанат ақ орданы паналаған қазақтың бүгінде Астананың төрінде Ақордасы менмұндалап тұр. Жылдан-жылға тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтары ән ұранымызды шырқап, көк байрағымызды желбіретіп, қадам басып келеміз. Осы жылдар аралығында, бүгінде елімізде экономикалық, әлеуметтік т.б. қиындықтардың белең алғаны да жалған емес. Алайда, кезінде жоңғардың шапқынында, қытайдың езгісінде, орыстың отарында болған Қазақ бұл күнді де еңсерер! Осы орайда, қыста сеңсең тон, түлкі тымақ киген халқымыздың Шопан атасы кетіп, іргеде мешін жылы сығалай тұрған тұста 90 жылдық мерейтойын тойлайтын қазақ өнерінің қарашаңырағында еңбек еткен театр қызметкерлерінен сұхбат алуды жөн көрдік.
Ғазиза Әбдінәбиева, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
Өткенге саламат, бүгінге салауат. Қылышын сүйретіп қыстың аязы, құйырығын сүйретіп мешін жылы келе жатыр. Төрт түлігін қастерлеген қазақ үшін қой жылы да өзінің берекесімен өтті. Бастысы, ел – тыныш! Қарнымыз – тоқ! 1990 жылдармен салыстырғанда «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман». Келер жылдан да жақсылық күтеміз. Алла қаласа, масатыдай құлпырып жердің жүзі, қар еріп, күн шуақтап, кетеді қыстың сызы, бәйшешек пен жауқазын тайталаса, өскенде тау аралап, қырды кезіп, келеді мұсылманның наурызы. Нағыз қазақтың жаңа жылы – наурыз. Ал қыстың көзі қырауда келетін жаңа жылды бала кезімізден санамызға сіңгеннен кейін тойлап жатырмыз. Бұл күні үйге балалар келіп, отбасымызбен кішігірім дастарқанда бас қосамыз. Арақ ішіп, шампан ататынымыз жоқ, айран, сүт, жалпы ақ ішеміз.
Жаңа жыл құтты болсын! Өнер әлемінде жүрген барша өнерпаз қауымға айтарым, асар асулары көбейе берсін, шабыттары сарқылмасын! Қанаттарын кеңге жайып, қазақ мәдениет, өнері үшін деп еңбек еткен жандардың асулары биік болсын!
Ерлан Біләл, театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Абай он бесінші қарасөзінде «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді. Ертеңгі күнге еңсеңді тіктеп, қадамыңды нық, табанды басу үшін өткен 2015 жылға бір қарайламай, жеткен жетістіктеріміз бен кеткен әттеген-айларымыз болса, ақылдың таразысына, ойдың өлшеміне салып, екшеп, қорытынды шығармасақ, келер күнді қалай өкшелемекпіз?!
2015 жыл театрымыз үшін табысты жыл болғанын тілге тиек еткім келеді. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға бас болып, Елордамызда Президент алдында өнер көрсету мен Қазақ хандығының туы тігілген Тараз шаһарында бір елдің тарихының бастау алған қайнар бұлағы туралы спектакль қою – қарашаңырақ театр үшін өткен күннің есебімен бірдей. 90 жыл, еткен еңбек, күткен үміт, төккен тер зая кетпегенінің дәлелі. Қазан қаласында өткен ХІІ Халықаралық «Наурыз» фестивалі мен Астанадағы «Сахнадан сәлем» фестивалінен жоғары баға алып, Қырғызстан мен Атырауда өткен екі бірдей Халықаралық театр фестивалінен Бас жүлдені қанжығалау осы сенімді күшейте түссе, тарихта болмаған, бір театрдан бес жас артистің ҚР «Серпер» жастар сыйлығының иегері атануы, тәуелсіздік күніне орай театр қызметкерлерінің «Парасат», «Достық», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталғанын осы табысты бекіте түсті. Оған жыл соңына санаулы ғана күндер қалғанда екі бірдей артисіміздің Президент стипендиясының иегерлері атануын қосыңыз. Есімдері еленді, үміт ақталды деп арқаны кеңге салу тағы жоқ, 2016 жылы есіктен кіре театрымыздың 90 жылдық мерейтойы төрімізде тойланбақ. Мешін жылы да табысты, жемісті жыл болады деген үміттеміз! Жаңа жыл құтты болсын!
Дария Жүсіп, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Бүгінгі күні елімізге қиын кезең келе жатыр. Сол күннен халқымыз абыроймен өтсе екен деп тілеймін! Қазақ не көрмеді?! Әр нәрсені кеңінен сараптап, тереңіне үңіліп қарасақ, әр кезең ұрпақтарының басынан өтетін қиындықтар болады. Көкірегі зар мен мұңға толы халқымызды 1917 жылғы революция да, 1933 жылғы ашаршылық та, 1945 жылғы Ұлы Отан соғысы да қайыстыра, жігерін жасыта алмады. Есесіне, қамшы болды деп ойлаймын. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтары тарих толқынындағы сол зұлмат замандарды, ерлердің ерлігі мен ұлағатты істерін еске алып, жырға қосып, жүректерінде сақтап, қастерлеп өтсе екен. Ондай қиындықтарды бастарына бермесе екен деп тілеймін. Ал келе жатқан 2016 жылы қазақ өнерінің іргетасы қаланған қарашаңырақ Мұхтар Әуезов театр ұжымы үшін, жалпы халық үшін үлкен мереке – театрымыздың 90 жылдық мерейтойы. Осындай киелі сахнада, мәдениет ошағында қызмет еткен әріптестерім үшін үлкен бір белес. Мен алғаш театрға келген жылдары 70 жылдықты тойлап едік. Енді 90 жылдықты абыройлы атқаратынымызға сенемін! Дүниеден өткен, театрға еңбегі сіңген апаларымыз бен ағаларымыздың жатқан жерлері жайлы болсын! «Ғалымның аты, жақсының хаты» өлмейді дегендей, ол кісілер біздің арамыздан кетсе де, есімдері ел есінде. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Барша әріптестеріме шығармашылық табыстар тілеймін!
Бауыржан Манжігітов, актер:
Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Жаңа жыл құтты болсын!
Мен қыстың үскірік боранында шырша айналып, шампан ататын жаңа жылдан гөрі, өзіміздің түркі қандас бауырларымыздың, жалпы мұсылман қауымының тойлайтын наурыз меркесіне ықыласым ерекше. Алайда, жақсылықтың жаршысы болғанға не жетсін?! Биылғы жылға үңілсек, мен үшін театрға, сахнаға қайта оралу жылы болды. Себебі, бір жылдай өз еркіммен сұранған жайым бар еді. Ал ең үлкен қуанышым – ұлды болдым. Келер жылда бағындырар асулар көп. Бұйырса босағадан сығалап тұрған мешін жылы театр репертуарына жаңадан екі спектакль қосылмақшы. І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша сахналанатын спектакльден (реж. А.Кәкішева) Қазақ хандығының байрағын тіктеп, қазақ халқының басын қосқан Керей ханның ролі, А.Володиннің «Қоштасқым келмейді...» (реж. А.Маемиров) қойылымынан Беляевтің ролі бұйырды. Көрерменнің көңілінен шығуға тырысамын, рөлімді сәтті алып шығуға барымды саламын деген сенімдемін. Ал жаңа жылды отбасыммен бірге қарсы аламын. Қолөнер бұйымдарын сыйлағанды, тосын сый жасағанды ұнатамын! Келе жатқан мешін жылы өз жаңалығымен келсін! Әріптестеріме айтар тілегім: өнердегі тастары өрге домаласын!
Айзада Сатыбалдиева, актриса:
Жақында ғана ғаламтордан Аяз ата мен Ақша қардың шығу тарихы туралы мәліметті оқыдым. Аяз ата қаһарлы, үскірік адам болған екен. Ол келгенде, аязы мен ызғарын ала келе елдің тыныштығын бұзатын көрінеді. Қаһары қайтсын, елге маза берсін деген ниетпен жыл сайын бір қыздарын құрбандыққа беретін болу керек. Кейін орыстар оң жағына балап, ел болып тойлайтын мерекеге айналды.
Санамызға сіңген мереке болғаннан кейін жыл сайын балалар үшін үй безендіріп, жаңажылдық көңіл күй сыйлайтынбыз. Алайда биыл тойламауға тырыстық. Жаңа жыл мұсылман қауымы үшін, нағыз қазақ ай мен күннің теңескен, самарқанның көк тасы еріген уақытта наурыз айында келеді. «Жаңа» деген сөздің өзі алдымызда келе жатқан бір жылдан күткен үміт дегенді білдіреді. Біздің үйдегі ағаңыз Бақыт Беделхан – әдебиеттің адамы, мен – мәдениет саласында еңбек ететін актрисамын. «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал ала алмайсың» дейді, қырыққа ол кісі де, өкшесін ала бере мен де жақындап қалдық. Ел-жұрттың батасын алсақ деген игі ниетіміз бар. Алла берген көзіміздің ақ пен қарасы қызымыз бен ұлымыз бар. Қызым өнер жолында білім алып жатыр, бұйырса 2016 жылы оқуын бітіреді. Қазіргі жастарға көпсаланы меңгерген қызметкерлер болу керек. Сол қызымыз жоғары оқу орнына түсіп кетсе деген арманымыз бар. Тілек көп, арман одан да көп. Жаңа жыл құтты болсын!
Қ. Бүйенбай