Алматылықтар Республика алаңында Жаңа жыл түнін ерекше қарсы алады, − деп хабарлады "Алматы" телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, эстрада әншілерінің қатысуымен концерт өтіп, соңы отшашумен аяқталады. Балаларға арнайы мерекелік шара да ұйымдастырылған.
"Алматыда Жаңа жылға дайындық қызу. Қала мерекеге ерекше безендіріліп жатыр. 30 желтоқсанда таңғы сағат 09.00-ден бастап Республика алаңында болатын концертке қажетті жарықтар қойылмақ. Түнгі сағат 22.00-де басталатын кеш қазақстандық эстрада әншілерінің қатысуымен өтеді", − деп хабарлады телеарна.
Алматы қалалық мәдениет басқармасының мәліметінше, 30 желтоқсанда алаңның бір бөлігі жабылып, 31 желтоқсанда ол толықтай жабылады. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, биыл концерт бұрынғыдан өзгеше болады. Эстрада жұлдыздарынан бөлек, Аяз ата мен Ақшақар тұрғындарға кішігірім сыйлық үлестіреді.
"Осы жылы мерекенің шарықтау шегі ерекшеленеді. Концерт соңында Роза Рымбаева мен Батырхан Шүкеновтің әсем әуенімен жеті жарым минутқа жалғасатын музыкалық пиротехникалық шоуды қала тұрғындары мен қонақтары тамашалайды", − деп хабарлады телеарна.
Дереккөз: tengrinews