2015 жылдың табалдырықты аттауына санаулы күн қалды. Жаңа жылды ойдағыдай қарсылау көп күшті талап етпейді. Күнтізбе құрып, жұмысыңызды жүйелі жасасаңыз, бәрі де жақсы өтпек. "Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойы сондай көңіл-күйде боласың" деген ырым бар.
Ендеше Жаңа жыл күнтізбесін бірге жасайық.
Сыйлық алу. Жақын жандарыңыздың әрқайсысына сыйлық алуды бастаңыз. Ата-анаңыз, бауырларыңыз бен махаббатыңыз тізімнің басында тұратыны анық. Одан бөлек, жұмыстастарыңыз, достарыңыз бар. Сыйлықтың үлкен-кішісі болмайды. "Достың көңілі бір атым насыбайдан қалатындықтан", бастысы - қымбат сыйлық емес, көңіл екенін есте ұстаңыз.
Үйді сәндеу. Шырша құрып, оны безендіру. Бұл - өте көңілді, отбасыға ортақ іс. Бәріңіз бірге жүріп үй мен шыршаны сәндесеңіз, көңілдеріңіз көтеріледі. Оның үстіне отбасыдағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі. "Жыл сайын бір шырша ойыншығын сатып алу", "шыршаны отбасының барлық мүшесі жасыл киім киіп сәндеу" сияқты қызықты дәстүр енгізсеңіз болады.
Жаңа жыл дастарханының қамын жасау. Бұл - тек нәзік жандылардың "уайымы" болмауы керек. Жаңа жыл азық-түлігін бірге сатып алған соң ғана тізгінді асүй ханшайымына беруге болады. Ал дайындалатын ас мәзірінің түр-түрін
мына жерден табасыз.
Жаңа жылда көретін кино, мультфильм, тыңдайтын музыка, ойналатын ойын ерекше болуы керек. Өйткені олар мерекелік атмосфера тудырады. Сондықтан бәрін алдын ала ойластырып, дайындап қойған жөн.
Жаңажылдық фотосессия. 2015 жылдың алғашқы күні қайта айналып келмесі анық. Сондықтан бұл күн жадыңыз бен суретте ғана сақталмақ. Жаңа жылда түсетін суреттер де іш пыстыратын, біркелкі болмауы тиіс. Олай болса, фотоға түсудің сан қимылын ойластырыңыз.
Жаңа жылдағы киім. "Адам көркі - шүберек". Біле білсеңіз, адамдың көңіл-күйі үстіндегі киімнің түсіне де байланысты. Жаңа жылда жарқырап жүру сізге сенімділік береді. Оның үстіне жақсы киім - өзіңізге деген құрмет, айналаңызға деген сыйластық.
Жаңа жылдағы тілек. Сөз кезегі сізге берілгенде, іркілмеу үшін алдын ала тілек жаттап жүрген жөн. Күнде айтылатын тілекке қарағанда, ерекше тілекті құп көріңіз. Мәселен, 4 жол құттықтау өлеңін жаттап айтсаңыз, отырған жеріңіздің көркін қыздыра түсетініңіз анық. Ал Жаңа жыл түні тілейтін тілегіңіз - сіздің ғана құпияңыз. Сондықтан не тілесеңіз де, қиялыңызды шектемеңіз.
Өзіңе сыйлық. Қалтаңыз көтерсе, көптен алғыңыз кеп армандап жүрген затыңызды сатып алып, өз-өзіңізді жақсы көріңіз. "Мен оны 2015 жылға сыйлық ретінде сатып алған едім" деп еске алып жүретін боласыз. "Келесі жылы Жаңа жылда көлік (үй, ноутбук, т.б.) сатып алам" деген мақсат қойыңыз. Армандар орындалады емес пе?!
Сурет: liveinternet.ru, fonstola.ru