- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2015
- Жаңа жылды қандай...
Жаңа жылды қандай көйлекпен қарсы аламыз?
Әрбір сәнқой бойжеткен үшін бұл өте маңызды мәселе. Қой жылы қазақтар үшін берекелі жыл, сондықтан синтетика, леопард дегендерді ұмытып, денеге жайлы, табиғи тығыз матадан тігілген көйлекті таңдаймыз.
Жаны нәзік, романтиканы ұнататын бойжеткендер етек-жеңі желбіршекті не кестелі көйлектер таңдаса болады, ал тік мінезді еркелеу қыздарға бір тегіс матадан тігілген көйлектер жарасады. Дизайнерлер қанық көк, қанық жасыл, күрең қызыл және классикалық қара түстегі көйлектерді ұсынып отыр.
Акссесуарлардан қымбат әшекейлер және табиғи материалдар: теріден, ағаштан жасалған алқа, өңіржиектер киген ұтымды. Алайда басыңызға, құлағыңызға, қолыңызға, білезігіңізге, мойныңызға бірден жинақты тағып алсаңыз, шыршаға ұқсап қалуыңыз мүмкін, сол себепті Коко Шанель айтқандай айнаға қарап, бір әшекейді шешіп тастаңыз.
Егер қысқа көйлекті таңдасаңыз, онда жоғары жағы жабық болғаны жөн, ал декольтелі көйлекті таңдасаңыз, онда қысқа емес, ұзындығы тізеге дейінгі көйлек үйлесімді. Ашық-шашық, арзанқол көйлектер сіз секілді аруға жараспайды. Жағасыз, терең декольтелі көйлектің сыртынан жұқа шарф, палантин жамылсаңыз, ол сізді жұмбақ, нәзік етіп көрсетеді.
Шаш – әйел затының көркі, бірден көзге түседі. Ұзын көйлек киген қыздың шашын әсем етіп жинағаны, қысқалау көйлектегі бикештің шашын бұйралағаны жарасымды.
Сізге бет-ажарыңызды сәл-пәл ғана әрлеген табиғи макияж ерекше көрік береді. Ал бүтін образды мерекелік көңіл-күй аяқтайды.
Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!
Cурет: vk.com
Ф. Абилова