Әлем сұлулыққа толы. Табиғаттың сұлулығы - қайталанбас көз тартар жап-жасыл әлемі. Аспан жарық жұлдыздарымен әсем. Ал адамдар арасындағы сұлулық символы – нәзік жандылар.
Әлем болып отбасы – ошақ қасы дейтін, жаңажылдық мерекені тойлаймыз. Жыл сайын ауысып келіп отыратын Жаңа жылда бәрі жаңаша болады. Мен осы бір мерекенің қарсаңында үлкен арманға қол созсам деймін...
Жарқын болашағымның жарығы болатын, жарым болатын қызым момын әрі қарапайым. Тал бойынан бір мін таба алмайсыз. Іштегі болған дүниені сыртқа, сыртта болып жатқан әрнені ішке тасымайды. Өсек дегеннен аулақ. Мені сыйлағаны сонша, асты-үстіме түсіп, бәйек боп жатады. "Ананы алып бер, мынан алып бер" деп те есімді шығармайды. "Барыма - қанағат" деп күлімдеп тұрады. Іздегені - парасаттылық пен ізгілік. Шіркін, талғамына да таң қалатын болдым. Мен қалағандай киініп, құлпырып жүреді. Соңғы кездері достарымның арасында да беделім өсіп келеді. Сол баяғы қыздың арқасы. Менің басымды жерге де, төрге де сүйрейтін өзі екенін түсінген. Артық сөзден аулақ. Аз сөзбен тілдің майын тамызып отырып, құлағыңа жағатын әңгіме айтып береді. Өркениеттің өресінен қалмайтын болды. Барынша талғаммен киініп, тәртіппен жүреді. Еркелігі де өзіне жарасымды. Көпшілік ортада менің қас-қабағыма қарап отырып сөйлейді. Маған деген адалдығы болар: үйден менсіз алысқа кетпейді. Отбасы болып жүруге дағдыланып алған. Әлі үйленбесек те...
Кеше менімен бірге отырып, ең сүйікті шытырман толы киномды көрді. Тіпті менің ермегіме айналып кеткен компьютерлік ойындарыма да сабырлық танытады. Қасымда қарап отырады. Менен ерте тұрып, менен бұрын жатпайды. Кейде бақыттан басым айналып, сый жасасам қандай дүние болмасын сондай бір ыстық махаббат, қуанышпен қабылдайды. Түнде кеш келіп жатсам, алдымнан шығып күтіп алып, ұйықтатуға тырысады. Сұрақ қоюды білмейді. Ең бастысы, мен оған, ол маған сенеді.
Бұл - менің, яғни жұмбақ жігіттің, осылай болуын осы Жаңа жылда қалайтын арманы.
Құрметті жігіттер қауымы, Жаңа жылда осындай қыздар көп болсын! Құрметті қыздар, жігіттер арманына жетсін!
Автор: Жұмбақ жігіт
Сурет: likealady.bg