Әр адам Жаңа жыл қарсаңында өзінің армандары жайлы ойланады. "Бұл жылы не тілеймін?" деген ой бәрімізге де келеді емес пе? Үлкені де, кішісі де ғажайып сыйға сенеді, сенгісі келеді. 2015 Жаңа жылы қандай жігіттер көбейсін? Әр бойжеткеннің арманындағы "ханзаданың" бейнесі қандай?
Көздері әдемі, бет әлпеті сымбатты, әдепті, әдемі сөйлей білетін, лезде шешім қабылдай алатын, адамдармен тіл табысатын, ешбір әйел затына дөрекі сөз айтпайтын, сыртқы келбетінде де, жүріс-тұрысында да дөрекілік, тұрпайылық жоқ ерлер көп болсын. Нағыз еркектің өмірінде ұрыс-жанжал, тағдырға реніш, қоғамды кінәлау, опасыздық, өтірік айту және сараңдық болмайды. Керісінше, ерге лайықты әрекеттер – өзіндік пікірінің болуы, мұқтаж адамдарға көмектесе білу секілді қасиеттер болады. Сонымен қатар нағыз еркек өзіне жағымды, қызықты жұмыс іздейді, ал егер жұмысы өзіне ұнамаса, демек, ол төлемақысы жоғары қызметте істейді. Нағыз еркек – өмірге, жаңа дүниелерді білуге қызығатын болады. Нағыз ер адам немқұрайлы, жалқау болмайды. Ол белгілі бір уақыт ештеңе істемей отыруы мүмкін, алайда бұл жалқаулық емес, демалу болып саналады. Бұлардың аражігін ажырату маңызды. Нағыз еркек – қайсар мінезді болады, қиыншылықтарға төтеп беруге тырысады. Сіз оған сене аласыз, ол міндетті түрде сөзінде тұрып, сізге көмегін береді. Өзін жақсы көретін адамдар үшін ол бәріне дайын. Осындай ер жігіттер көп болсын!
Үй шаруасына бас сұқпайтын, байсалды, салмақты, кез келген мәселеге күйіп-піспей, сабыр сақтап, анализ жасай біліп, дұрыс шешім қабылдай алатын, өз ісінің шебері, әйел затына қорған болатын ер адамдар көп болсын!
Құрметті оқырмандар, қазақстандықтар, баршамызға жаңа жыл құтты, берекелі болсын! Арман-тілектеріміз орындала берсін! Тек жақсылық ойлап, жақсылыққа кенеле берейік! Жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын!
Сурет: Дидар Кушаманов