- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2015
- Жаңа жылда Аяз...
Жаңа жылда Аяз атадан өзге кімдер сыйлық сыйлайды?
Әлемнің барлық елінде Жаңа жыл, Рождество секілді мерекелерде сыйлықтар сыйланады. Бірақ, сыйлықты Аяз ата немесе көшірмесі ғана емес, гном, трол сынды кейіпкерлер беруі мүмкін.
1. Йоласвейарлер
Йоласвейарлер дегеніміз – Исландияда Аяз атаны алмастыратын 13 тентек. Ең алғаш 1930 жылы исландық ақынның Рождество туралы жазған өлеңінде көрініс тапқан. Одан кейін мейірімді, қаһарлы сынды түрлі образда бейнеленген. Тіпті, бір кездері түнде бала ұрлайтын құбыжықтар деп сипатталған екен.
Олар, ең бірінші, тентек мінездерімен танымал. Және әрқайсысының өзіне ғана тиесілі ерекше қасиеті бар. Мысалы, Кеткрокур ілмектің көмегімен ет ұрлайды. Ал, Глюггагегир түнде бір затын алып қою үшін адамдарды терезеден бақылайды. Стеккъястур адымының дыбысын да білдірместен қойларды қуады.
Олар сыйлықты қалай береді:
Жоғарыда жазылғанға қарап олар тек ұрлықшы екен деп ойлап қалған шығарсыз. Бірақ, олардың балаларға сыйлық сыйлау сынды қасиеттері де бар. Рождество мейрамының қарсаңында 13 күн бойы өзін тәртіпті ұстаған балалардың бәтіңкесіне сыйлықтар салып қояды. Ал, бұзық болған балалардың бәтіңкесіне картоп салады. Өздерімен бірге бұзық балаларды жеп қоятын мысықтың аруағын ертіп жүреді.
2. Ниссе
Ниссе туралы аңыздарды Норвегия, Финляндия, Швеция сынды отбасылық фермалары бар скандинавиялық мемлекеттерде айтады.
Алғашында ниссе деп отбасылық фермаларды қамқорлыққа алған кішкене гномдарды атайтын. Олар адамдарға мейірімділік танытса да, әділетсіз жандармен орынсыз қалжыңдасатын болған. Уақыт өте келе Рождество мерекесінің басты кейіпкерлеріне айналып, сырт көрінісі Санта-Клаусқа ұқсай бастайды.
Олар сыйлықты қалай береді:
Кейде йоулупукки деп аталатын заманауи нисселер көршілеріміздің Санта-Клаус және Аяз ата сынды кейіпкерлерінен әлдеқайда өзгеше. Мүсіні арық, әрі шанамен ұшпайды. Солтүстік полюсте өмір сүрмейді. Кейбір аймақтарда балалар нисселердің үйінің жанында тұрақтайтындығына сенеді. Балаларға міндетті түрде сыйлық сыйлайды, бірақ ол үшін түнде мұржаға кірмейді. Бар болғаны балалардың атасы мен әкесі Аяз атаның киімін киіп алып, балаларға сыйлық таратады.
3. Белсникель
Көбінесе Германия, Аустрия, Аргентина, АҚШ сынды мемлекеттердің аңызында көп айтылады. Белсникель – әйгілі кейіпкер. Ол Аяз атамен бірге Еуропа, Голландия, Америка аймақтарында жүреді. Германия мен Аустриядағы Крампус, Франциядағы Пер Фоттар секілді Белсникель де айналадағы тыныштықтың жаршысы. Әдетте сырт келбеті түк басқан, бетінде бетпердесі бар тау адамына ұқсайды. Адамдар Санта-Клаусты балалардың сүйіктісі болу үшін жаратса, Белсникельді керісінше қорықсын деген ниетпен ойлап тапқан. Көп аймақта балаларды қорқыту үшін айталады.
Олар сыйлықты қалай береді:
Жоғарыдағы сипаттамаларға сай Белсникельді жағымсыз кейіпкер деп атасақ та, кейбір аймақта олар сыйлық берушілердің рөлін сомдайды. Мысалы, Германияда тәртіпті балалар 6 желтоқсан Әулие Николай күнінде одан сыйлық алады. Ал, тәртіпсіз балаларды ата-аналары ұрып-соғады деген түсінік қалыптасқан.
4. Пер Ноэль мен Пер Фоттар
Аты көбінесе Франция мемлекеттерінде көп айтылады.
Францияда Ноэльдің әкесі өзгелеріне қарағанда танымал. Сырт келбеті Санта-Клаусқа ұқсағанымен, үнемі Гуи есімді есекті мініп жүреді. Француз тілінен аударғанда «ақ жидекті улы бұта» деген мағынаны білдіреді.
Францияның кейбір бөлігінде Әулие Николай күнін 5 желтоқсан күні атап өтеді. Пер Фоттар да Белсникель секілді жағымсыз кейіпкер. Ертегі желісіне сәйкес ХІІ ғасырда Пер Фоттар мен әйелі үш баланы ұрлап, олардың етінен сорпа пісірген екен. Артынша, бұл істері әшкереленіп, Пер өз кінәсін толықтай мойындаған.
Олар сыйлықты қалай береді:
Пер Ноэль де Санта-Клаус секілді сыйлықты алауошақтың сол жағында орналасқан аяқ киімнің ішіне салады. Пер Фоттар үнемі жанына тәртіпсіз балаларды жазалайтын қамшысын алып жүреді. Кейбір аймақта ата-анасын тыңдамайтын балалардың тілін кесетіндігі туралы айтылады.
5. Бефана
Италия мемлекетінде кеңінен танымал. Сырт келбеті ерекшеленгенімен, Аяз ата мен Санта-Клаусқа қатты ұқсайды. Бефана – Италия мерекелерінің бас кейіпкеріне айналған мыстан кемпір. Ол туралы оқиғаларда үш данаға тамақ пен өз қанын бергендігі туралы айтылады.
Сыпырғышта ұшып жүретін кемпір бір қап сыйлығын арқалауды ұмытпайды. Өзін бақылап тұрған кез келген баланы ұрып жіберуі ғажап емес. Оның түсінігінше, ақылды балалар ата-аналары сыйлық дайындап жатқан кезде тыныш қана ұйықтауы тиіс.
Олар сыйлықты қалай береді:
Бефан да Санта-Клаус секілді тәртіпті балаларға мұржа арқылы келіп сыйлық қалдырады, ал тәртіпсіздерге бір түйір көмір сыйлайды. Бефан үй шаруасына өте икемді жалмауыз кемпір болғандықтан, кетер алдында алауошақтың маңайын жақсылап тазартады.
6. Крампус
Аустрия, Германия және Венгрия мемлекеттерінде танымал.
Альпі етегінде орналасқан мемлекет балаларына сыйлықты Санта-Клаус әкеледі. Бірақ, үнемі оның жанында Крампус есімді құбыжық жүреді. Оның есімі неміс тілінен аударғанда «тырнақ» деген мағынаны білдіреді. Крампус Аяз атаның жанында жүргенімен, жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдайды. Ата-анасын тыңдамайтын балаларды қатаң түрде жазалайды.
Ұзақ ғасырлар бұрын белгілі болса да, аты тек ХІХ ғасырдан бастап атала бастайды. Мұнымен қатар, Бавария, Аустрия мемлекеттерінде «Крампус», «Крапустег» сынды мерекелерді атап өтеді. Аталған мерекелерде адамдар Крампуске ұқсайтын киім киіп, қала тұрғындарын қорқытады. Кейбір аймақтарда фестивальдер де өткізеді.
Олар сыйлықты қалай береді:
Сыйлық беруге құмар жан еместігі түсінікті шығар. Дәстүрлі фольклорда олардың балаларды ұратындығы, кейде, тіпті, қапқа салып өзенге лақтыратындығы туралы айтылады. Жоғарыда аталған мемлекеттердің не себепті балаларға сыйлық әкелуші ретінде Крампусты таңдағандығы беймәлім.
7. Аяз ата мен Ақша қар
Көршілес Ресей, Сербия, Босния, Украина, Македония, Польша, Қазақстан сынды мемлекеттерде көп айтылады. Аяз ата – әлемге танымал кейіпкер. Санта-Клаус секілді бұғылары жоқ, аттар жегілген шанамен жүреді. Қызыл шапаны мен ақ сақалы бар.
Бәрінен де, оның тарихы қызық. Бір кездері сиқыршы болған Аяз ата балаларды ұрлап, олардың қайтарымына бағалы сыйлық талап ететін болған. Уақыт өте келе түзеліп, өзі балаларға сыйлық береді. Бұдан өзге, үнемі көмектесіп жүретін Ақша қар есімді немересі бар. Дәл осындай қыз Аяз атадан өзге ешкімде жоқ.
Олар сыйлықты қалай береді:
Әр отбасыға 31 желтоқсан түнінде келіп, сыйлықтарды шыршаның астына қалдырады. Кейде мерекелік кештерде өзі де қалып, сыйлықты қолға табыстайды.
8. Синтерклаас пен Қара Петер
Нидерланд, Фландрия секілді мемлекеттерде танымал. Синтерклаас – Санта-Клаустың голландиялық нұсқасы. Үнемі жадырап жүретін Синтерклаас қызыл шапан киіп, ақ сақалын өсіреді. Аталған кейіпкер Сантаға қарағанда Нидерланд мемлекеттерінде қараша айының соңында пайда болады. Тұрғындардың айтуынша, Испаниядан кемемен келіп, артынша қала көшелерін аралап жүріп, балаларға сыйлық тарту етеді.
Синтерклаастың эльф секілді көмекшілері жоқ. Жанында үнемі Қара Петер есімді бала жүреді. Бұл баланың пайда болуы туралы түрлі аңыз бар. Бір аңызда оның Синтерклаастың құлы болғандығы, екінші бір аңызда пері екендігі айтылады.
Олар сыйлықты қалай береді:
Синтерклаас сыйлықты 5 желтоқсан күні береді. Балалар бұл күні алауошақтың жанына бәтеңкесі мен Синтерклаастың тұлпарына арналған сәбіз қалдырады. Егер жыл бойына өздерін тәртіпті ұстаған болса, міндетті түрде сыйлық алады. Синтерклаастың өзі еш уақытта сыйлық қалдырмайды. Ол үшін мұны Қара Петер есімді бала жасайды.
Ал Сіз Жаңа жыл мерекесіне кімнен және қандай сыйлық алғыңыз келеді?
Сурет: rudaki.ru
Қ. Бүйенбай