Жаңа жыл қарсаңында әрбір адам көтеріңкі көңіл күймен мейрамды қарсы алғысы келеді. Дегенмен әр жылдың бірдей болғаны да қызықсыз болуы мүмкін. Біреулер мейрамды саяхатпен біріктіріп, шетелге жол тартса, тағы біреулер ауа-райы мүлде бөлек, әсіресе ыстық аймақтарға баруды жоспарлайды. Ал жаңа жыл қарсаңында әлемнің әр бөлігінде қандай ауа-райы болады екен. Осыны бақылап көрейік.
Бразилия
Бразилия экватор сызығының бойында жатқандықтан, қыстың суығы мүлде байқалмайды. Тропиктік климаттық белдеуде жауын-шашын мөлшері өте мол. Одан бөлек Оңтүстік Америкадағы жер көлеміне қарай ең үлкен ел оңтүстік жарты шарда орналасқандықтан, Бразилияның жазы біздің қысқа, ал қысы біздің жазға тура келеді екен. Нақтырақ айта кетсек, желтоқсан айындағы орташа температура +32…+34° С болады. Нағыз жаздың ауа-райы қаңтар айында басталады.
Оңтүстік Корея
Оңтүстік Кореяның географиялық орналасуы Қазақстанмен бір параллель сызыққа тура келуі ауа-райының да біршама ұқсас екенін көрсетеді. Дегенмен Оңтүстік Корея теңіз бойында орналасқандықтан, бриз желі мен жылы ағыстар климатты өзгертпей қоймайды. Елдегі ауа-райының орташа температурасы – 0 С. Бұл әрине біздегі суыққа қарағанда біршама жылы температура. Оған Шығыс Қытай теңізінің жылы ағыстары себеп болады.
Аустралия
«Бір ел, бір континент» атағына ие кенгуру Отаны да оңтүстік жарты шарда орналасқан. Аустралия одан бөлек «Ең құрғақ ел» деген атақты да иемденіп алған. Сондықтан қыс мезгілінің суығы дерлік жоқ деуге болады. Аустралиялықтар жаңа жылды жағажайда шомылумен қарсы алады екен. Алматыда орташа температура −14 С болған кезде, Сиднейде +30 С-қа жетеді.
ОАР
Субтропиктік белдеуде жатқан Оңтүстік Африка Республикасының тұрғындары өз елінде соңғы рет қашан қар жауғанын тіпті есіне түсіре алмайды. Себебі Африкадағы біздегідей жылдың төрт емес, екі мезгілі ғана болады екен. Айта кетсек, ыстық және өте ыстық ауа-райы болатын мезгіл. Кейптаун қаласы ауа-райының орташа температурасы +25 С-тан асады.
Франция
Көне галдардың мекенінің ауа-райы теңіздің самалы арқасында өте құбылмалы болып келеді. Гольфстрим жылы ағысы батыстан жылы температураны алып келсе, шығыстан Альпі таулары суық ауамен қамтамасыз етеді. Дегенмен Франция климатының Қазақ елінің ауа-райына біршама ұқсастығы бар. Себебі екі ел де бір параллель сызықта, бір климаттық белдеуде және бір жарты шарда жатыр. Францияның қыс мезгіліндегі температурасы орташа −10, −15 С болады.
Сурет: animated-images.su