- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2015
- Жаңа жыл кешіне...
Жаңа жыл кешіне арналған сценарий
«Жаңақала патшалығында» атты жаңа жылдық бағдарлама
Барлық кейіпкерлер ұйықтап жатады. Музыка ойнайды.
Ертегі қалашығының ханы мен ханшайымы кілеммен «ұшып» келеді. Таң атады. Әтештің шақырғаны естіледі. Қояндар асыр салып жүгіріп жүреді. Сылдырлап аққан судың үні шығып, ұлу ұйқысынан оянады.
/Хан өз таяғымен кейіпкерлерді жайлап түртеді, барлығы ояна бастайды. Жарық беріледі. Хан тағына отырады, екі жағында екі уәзірі тұрады/.
Жүргізушілер – Күн мен Түн.
/Күн келе жатады/.
Барлығы: - Армысың алтын күн!
Күн: - Сәлеметсіңдер ме, достарым!
/Үлкен құмыраның ішінде Түн жатады. Құмыра жарылады да, Түн шығады/.
Түн: - Мына Күн жайына жүрсе қайтеді екен?! Өзінің ыстығын аямай жіберіп, менің құмырамды жарып жіберді ғой!
Күн: - Жарайды, Түн бауырым, өкпелеме. Екеуміз кездеспегелі қанша болды. Үнемі біріміз келгенде екіншіміз кетіп жатамыз. Бүгін екеуміз қатар жүріп, Жаңақала патшалығына келетін Жаңа жылды бірге қарсылайықшы!
Түн: - Жүр ендеше! Бүгін біз талай ғажайыптың куәсі боламыз! Әуелі бауырларша құшақтасып көрісейік те! /Екеуі құшақтасқан кезде тарсыл естіліп, тау жарылады. Таусоғар мен Саққұлақ, Жалғыз көзді Дәу келеді/.
Саққұлақ жата қалып, тың тыңдап: - Бұл не шу десем, Тазша бала ғой келе жатқан. Соңынан өкшелеп саудагерлер қуып келеді. Бұл тағы не бүлдірді екен?
Тазша бала келеді:
- Хан ием, құтқара көр! Қырық өтірік айтқан Тазша бала екенім рас, бірақ қазір ондай қулық-сұмдықты қойғанмын!
Саудагер келеді:
- Хан тақсыр, сіздің өте әділ, сан түрлі ғылымды меңгерген ғұлама хан екеніңізді естуім бар. Мына тазшаның қулығын ашып, бетіне басыңызшы. Өңкей бақыр теңгені күміс деп беріп елдің бәрін алдап жүр бұл.
Хан: - Екеуің де бері келіңдер. Қазір Тазшаның сөзінің жалғандығына көз жеткіземіз. /Тәжірибе жасап, химиялық жолмен бақыр тиынды күміске айналдырады/.
Саудагер: - Міне, ғажа-а-ап! Ал Тазшам, көмейіңе құм құйылды ма? Тақсыр, хан ием, сізге әділдігіңіз үшін мың алғыс!
Бәйшешектер биі.
Саққұлақ: /Тың тыңдайды/.
- Алдар келе жатыр!
/Тау жақтан бай мен Алдар көсе келе жатады. Байдың астындағы аты күйлі, ал Алдардікі арық/.
Алдар әндетіп:
- Мен Алдармын, Алдармын,
Балқанға да барғанмын,
Орханға да барғанмын,
Байларды да алдадым,
Шайтанды да алдадым,
Әділетсіз байларды.
Әлі талай алдармын, хай-лайлым – хай-лым, хай-лай-лым-ай!
Алдар көсе:
- О, армысың, алтын Күн,
Бармысың, барқыт Түн!
Әй, күннің бір жаманы – менің киімімнің жыртық-тесігін елдің бәрі көріп қоятын болды. Ал түннің бір жақсысы – менің арамза, қулық істерімді құпия сақтайды.
Ал, күн мен түнім, мен айтсам мына байекең сенбейді, Жаңақала патшалығында керемет ғажайыптардың болайын деп жатқаны рас па?
Күн мен Түн: - Рас.
Алдар көсе: - Ендеше байеке, сіз оған дейін 1-2 сағат ұйықтап алыңыз, жол соғып, шаршаған шығарсыз. Мен сізді өзім оятамын.
/Бай шапанын шешіп, үстіне жамылып, ұйқыға кетеді. Алдар байдың шапанын өзінің жыртық шапанына ауыстырып алады да, байдың атына мініп, «Мен Алдармын, Алдармын» әнін айтып, кете береді/.
Бай /оянып кетеді/: - Үстіндегі жыртық шапанды көріп, шошып кетеді. - Әй, менің шапаным қайда? Атым қайда? Қап бәлем, тоқта деймін! – Алдардың соңынан кетеді.
Тазша бала: - Немене, мен Алдардан кем бе екем? Мен де алдай аламын. Қазір Күн мен Түнді ұйықтатып тастамасам, бәлем.
Күн мен Түнге келіп: - Сіздер менің көріпкелдік қасиетім барын білесіздер ме? Мен алдағы күндерде не болатынын болжап бере аламын.
Жаңақала болашақта мұнай қаласы болады. Мұнда теңіз порты болады. Немене, сенбейсіздер ме? Мен қазір ешбір сіріңке тигізбей-ақ екі таяқты өртеймін, ал сендер менің сиқыршылық қасиетіме таң қалғаннан ұйықтап кетесіңдер. (Айтқандай, екі таяқтан от шығарып, түн мен күн ұйықтап кетеді) Мұны көріп тұрған Таусоғар ханға келіп: - Хан, тақсыр, тазшаның тағы бір өтірігін әшкерелеуіңізді сұраймыз. Ол сиқыршымын, көріпкелмін деп, күн мен түнді алдады.
Хан: - Сіріңкесіз-ақ жалын шығару үшін ешқандай көріпкелдіктің қажеті жоқ. Оның құпиясы міне, мынада. /........../.
/От жанғанда Күн мен Түн оянады, орындарынан тұрады/.
Саққұлақ: - Тыңдаңдар, жарандар, ғұлама ғалым әл-Фараби келеді.
Жаңақала патшалығының өткені мен болашағына көз жүгірткілерің келсе, ешбір «көріпкелді» іздемей-ақ, /Тазша бала ұялып, Күн мен Түннің артына тығылады/ «Жиырма қадам» атты мына бейнекөріністі тамашалаңдар.
Бейнекөрініс біткен соң: - Құрметті Жаңақала патшалығының кішкентай тұрғындары! Менің бала күнімнен мақсатым – ғылым, білімді игеру болатын. Сол жолда ерінбей, жаяу Бағдатқа аттандым, әлемнің көптеген елдерінде болдым, жетпіс тіл игердім, әлемдегі Екінші ұстаз атандым. Қазір сендер бақыттысыңдар, өйткені оқимын, білімді игерем деген жасқа жол ашық, барлық жағдай жасалған. Болашақта сендердің патшалықтарың үлкен алып қалаға айналмақ, өндіріс ошақтары көбейіп, халқы бай мекен болмақ. «Алтын белгі» иегерлері көбейіп, білімді жастар көбейеді, олар Жаңақаланы одан әрі гүлдендіретін болады.
Бәрі: - Рахмет сізге, Екінші ұстаз! Айтқаныңыз келсін!
Тазша бала: - Бәрің де кешіріңдерші мені. Енді өтірік айтпаймын.
Дәу: - Жарайды соңғы рет кешіреміз. Енді өтірік айтатын болсаң, жердің жарығына кірсең де, суырып аламын.
Күн: - Тыңдаңдар, жарандар! Ханымыздың Жаңа жыл қарсаңында сендерге қандай тосын сый дайындағанын білгілерің келе ме?
Бәрі: - Әрине!
Күн: - Ендеше құлақ салып, назар аударайық!
/Ханға сөз беріледі. Хан алдымен таяғын шыршаға тигізеді. Шыршаның шамдары жанады. Сөз сөйлеп сыйлықтарын береді/.
Түн: - Балалар, мен бір жұмбақ айтайын ба?
Ендеше, тыңдаңдар:
Мейірімді, әдемі,
Аралаған әр елді,
Өнері мол балаға
Сыйлық салып жүреді
Жаңа жылдың жаршысы
Кең пейілді жүрегі. Ол кім? (Ақшақар)
Қаттырақ айтыңдар? Тағы бір айтайық! Міне, Ақшақар келді деп қуанып, қояндар би билемек. Қане, бәріміз бірге тамашалайық!
/Қояндар биі/.
/Ақшақар келеді/.
Ақшақар: - Жаңақала тұрғындары, армысыздар!
Жаңа жылдық әуенге салдыңыздар.
Алыстан байқап, болжап қоятұғын,
Таусоғар, Саққұлағым, бармысыздар?
Жаңа жылды сарылып тосып жүрген
Күнделікке күнде «5» қосып жүрген,
Өнерпаз балаларға қоржынымнан
Кәмпитті сыйлығымен қосып берем
Алдымен келе жатқан Атамызды
Қарсылайық әуеннің асылымен!
/Барлығы Аяз атаны шақырады/.
Түн. «Жан-жануарлардың өмірі жайында композициялық би» орындалады.
Биден соң Аяз ата шанасымен келеді.
Аяз ата: - Амансыздар ма, Жаңақала патшалығының тұрғындары!
Алыс-алыс белдерден
Орман, тоғай, көлдерден
Асып өтіп келемін.
Білім қуған баланы,
Өнері мен дараны
Қуантқалы келемін.
Әлемнің әр түкпірін араладым,
Әр елге Жаңа жыл мен жыр сыйладым.
Алыстан шаршап келді Аталарың
Өнеріңмен жаныма нұр сыйлағын!
Жаңа жыл Қойдың сөзі.
/Хоровод. Нөмірлер/ 13 мектептің 13 нөмірі орындалады/.
Күн: - Көңілді мерекеміздің сәл мұңды сәті де кеп қалды. Бұл – ескі жылмен, сүйікті Жылқымызбен қоштасу. Жылқы жылы халқымыз үшін қолайлы өтті. Көңіліміз көк, еліміз тоқ болды. Білім әлемінде жеңісіміз көп болды.
/Жылқыға сөз беріледі. Слайд: «Білім үрдісіндегі жетістік»/.
Балалар: - Жылқы жылы, біз саған ризамыз!
Жылқы: - Аса қадірлі Жаңа жыл – Қой жылы!
Елдің ашық аспанын,
Ән мен жыр-дастанын,
Ырыс, бақ берекесін,
Үзілмес мерекесін –
Өзіңе аманаттаймын.
Қош болыңдар!
/Жылқы кетеді/.
Хан мен ханшайымға сөз беріледі.
Түн: - Бүгінгі мерекеге ат салысып, тамаша дайындықпен келген кейіпкерлерімізді марапаттап, сый-сыяпат беру үшін сөз Хан мен Ханшайымға беріледі.
«Ең үздік костюм»
«Ең үздік әнші»
«Ең үздік нөмір»
Күн: - Біздің ең әділ, білгір, мейірбан ханымыз енді балалардың соңғы тілектерін орындаса екен дейміз. Мынау, аспандағы ең жарық жұлдыздың ішіндегі жұлдыздар тілектерін оқысақ дейді балалар.
/Хан садақ атады. Бәрі оқиды/.
Кеш аяқталады...
БҚО, Жаңақала ауданы, Мектептен тыс жұмыс орталығы
Ұқсас жазбалар:
Жаңа жыл кешіне арналған сценарий
Жаңа жыл кешіне арналған сценарий – 2
Жаңа жыл кешіне арналған сценарий - 3
Сурет: kdvir.com, gostreetshop.com
Ш. Талап