- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2015
- Әлемді өзгерткіңіз келсе,...
Әлемді өзгерткіңіз келсе, өзіңізден бастаңыз
Адам баласы уәде беруге құмар келеді. Бірі – берген уәдесін орындаса, екіншілері – ол туралы мүлдем ұмытып кетеді. Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста демекші, өзіңізді өзгертуге тырысып көрдіңіз бе? Егер көрмеген болсаңыз, ол өзгерісті төмендегі келісімшарттың көмегімен жүзеге асырыңыз.
♥ Туған-туысқандарым мен достарымды туған күнімен құттықтауды ұмытпаймын.
♥ Өзім орындай алмайтын уәде бермеймін. Және беріп қойған уәдемді міндетті түрде орындаймын.
♥ Өзіме қажетсіз заттарды сатып алуды доғарамын. Өзімнің ұшқалақтығым мен аңдаусыздығымды басқа жерлерде көрсетемін.
♥ Достарымның қалжыңы мен ата-анамның ұрысқанына түсіністікпен қараймын. Олар мұны мені ашуландыру үшін жасап жатқан жоқ.
♥ «Мен қорқамын», «Мен ұяламын» сынды ішкі дауысымды бұдан былай тыңдамаймын.
♥ Майда-шүйдеге бола шағымданбаймын. Өмір туралы жағымсыз бір нәрсе айтқым келген кезде, өмірімнің ең бақытты сәті туралы ойланамын.
♥ Тек әдемі журналдарды ғана оқымаймын, мұнымен қатар қалың кітаптарға да мән беретін боламын.
♥ Өзім танымайтын адамдармен әлеуметтік желіде сөйлесу, «Уәде беремін», «Қыз ғұмыры» сынды телехикаялар көру сынды уақытты өлтіретін әдеттерден аулақ боламын.
♥ Күн сайын кем дегенде бір жақсылық жасаймын. Бөлмені жинастырып, ыдыс жууда жақсылыққа жатады. Әрине, бұл сіздің тікелей міндетіңіз болмаған жағдайда.
♥ Жақындарыма оларды жақсы көретіндігімді жиі айтамын. Себебі, маған қиын емес, оларға жақсы. Және ең бастысы – ертең не болатынын ешкім де білмейді.
♥ Істі кейінге қалдыруды доғарамын. Бүгін және дәл қазір орындаймын.
♥ 10 минуттан артық уақытқа кешіксем, ескертемін. Өзімді күттіріп қойғаным мәдениетсіздік болады.
♥ Өзімді осы қалпымда қабылдап, қатты жақсы көретін боламын. Әр адам өзінше сұлу. Мұнымен қатар, өзімді жақсылап күтімге аламын.
Ал Сіз уәде беруге дайынсыз ба?
Сурет: rudaki.ru
Қ. Бүйенбай