- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2015
- Жаңа жыл мерекесін...
Жаңа жыл мерекесін қай елде қарсы алуға болады?
Жаңа жыл мерекесі нағыз жанұяның ортақ шаттық күні болып табылады. Жылда бір тойланатын мерекені естен кетпестей етіп өткізу үшін шетелде қарсы алуды да ойлайтын қызыққұмар азаматтарымыз бар. Қай елде Жаңа Жылды қарсы алуды армандайсыз? Ендеше біз көптің сұранысына ие болатын бірнеше елді ұсынамыз.
АҚШ-тағы Жаңа Жыл (Нью-Йорк)
Әлемнің қаржы орталықтарының бірі болатын Нью-Йорк қаласы туристердің ең көп бөлігін қамтитын АҚШ-тағы бірден-бір қала деуге болады. Егер сіз Жаңа Жылды аталған қалада өткізуді мақсат етсеңіз еш өкінбейсіз.
Желтоқсан айының басынан бастап қаланың көркі жаңа жылдық иллюстрацияға толы болады. Әсіресе қаланың жарық көшелерімен серуендеу сізге ләззат берері сөзсіз. Ал әйгілі Бродвей көшесінің жарыққа малынғаны сонша, америкалықтар оны «Үлкен ақ көше» деп атайды екен. Көптеген Голливуд фильмінен белгілі Эмпайр-Стейт-Билдинг зәулім ғимараты жыл сайын қызылды-жасылды неонды жарықпен көмкеріледі. Манхэттен көшелерінде Санта Клаустарды, эльфтер мен ертегілердегі бұғыларды кезіктіруге болады. Тіпті олармен естелікке суретке түсуге де мүмкіндік аласыз.
Рокфеллер орталығының қасында 80 жылдан бері туристерді өзіне баулып келетін коньки тебу орталығы да көңілден шығатыны рас. Ал Рокфеллер ғимараттарынан алыс емес жердегі Лоуэр алаңына Нью-Йорктағы ең үлкен шырша қойылады. Шыршада 28 мыңнан астам жарық лампалары жанатын болады.
Халық көп жиналатын шулы мекенде Жаңа жылды қарсы алғысы келетін қазақстандықтар үшін Таймс-Скверге баруды кеңес береміз. Егер аталған орталыққа кешкі сағат алтыда келетін болсаңыз Америкадағы Жаңа Жылдың кіре бастағанын дәлелдейтін алып шар зәулім ғимараттардың бірінен дөңгелене түсе бастағанына куә боласыз. Ал Жаңа Жылға екі сағат қалғанда көздің жауһарын алатын лазурьді шоу басталады. Таймс-Сверде мерекені өткізу үшін жылда 50 мыңға жуық турист жиналады. Солардың бірі болуға асығыңыз.
Франциядағы Жаңа Жыл (Париж)
Париж..... Әлемнің романтика қаласы жылдың кез келген мезгілінде де тамаша көрініске ие. Егер сіз Жаңа Жылды шетелде өз сүйгеніңізбен өткізгіңіз келсе, онда Парижден басқа қаланы таңдамайтыныңыз рас. Францияның астанасы қарапайым күндерден бөлек, жаңа жылдық бейнесі қайталанбастай кейіпте болады.
Париж қаласында Жаңа Жылды үлкен қарқынмен қарсы алады. Қалада Жаңа Жылдың самалын бірнеше апта бұрын сезіне бастайсыз. Желтоқсанның соңына қарай қар көп жауа қоймағанымен, барлық ағаштар жасанды қарлармен оранады. Қаланың 120 көшесінен айнала орталықтағы Париждің көркі болатын Эйфель мұнарасын тамашалауға болады. Galeries Lafayette, Printemps және BHV деп аталатын қаланың ең үлкен дүкендері де өздеріне ерекше әр беріп, туристерді өзіне қаратпай қоймайды.
Парижде Жаңа Жылды қарсы алу үшін бір ай бұрын келген дұрыс. Себебі Жаңа Жылдың алғашқы мерекелік күні 6 желтоқсаннан басталады. Мерекелік іс-шаралар барысында жәрмеңкелер, карнавалдар, сондай-ақ әр түрлі бал кештеріне қатыса аласыз. Ал шоппинг жасауды ниет етсеңіз, Париждің Дефанс кварталындағы үлкен дүкендер орталығына баруыңызға болады.
Қыс болған соң, коньки тебуге еш нәрсе кедергі бола алмайды. Франциядағы ең үлкен мұз айдыны да Париж қаласындағы Гран Пал сарайының қасында орын тепкен.
Парижде сізді тағы бір тосын сый күтіп тұрады. Ол жаңа жылдық шоппингтегі жеңілдіктер маусымы. Әдетте жеңілдіктер 25 желтоқсаннан бастау алады.
Ал Жаңа Жылдың түнін жайлы өткізуді ойластырып жатқан болсаңыз, оған да бірнеше кеңес ұсына аламыз. Ең ерекшесі – ғашықтар үшін Сена өзенінің бойымен жүретін круиз. Ал егер жылдың басты мерекесін француздар арасында, отшашуларды тамашалаумен өткізуді қаласаңыз Елисей алаңына барғаныңыз жөн. Егер Наполеонның этикасымен таныс болғыңыз келсе, француздық стильден алшақтамай рестораннан орын алыңыз. Айта кеткен жөн, ресторанда үстелге ертерек тапсырыс беріп қоймасаңыз, соңғы күндерде бірде-бір орынның қалмауы мүмкін. Фуа-Гра немесе трюфель секілді нағыз француз тағамдары мен табиғи жолмен дайындалған винодан дәм татуды ұмытпаңыз.
Аустралиядағы Жаңа Жыл (Сидней)
Жаңа Жылды Жер шарында бәрінен бұрын қарсы алғыңыз келсе, Аустралия – сіз үшін таптырмайтын ел. Өзінің географиялық орынына байланысты аталған елде 1 қаңтар басқа елдерге қарағанда ерте келеді. Жаңа Жыл алды мерекелік іс-шаралар таңертеңнен басталып, түн ортасына дейін жалғасын табады.
Әсіресе жылдың басты мерекесін елдің штат орталықтарында ерекше қарсы алады. Сондай-ақ, жыл сайын Сидней қаласының Sydney Harbour кеме айлағында әлемдегі ең үлкен отшашу атылады. Аустралиялықтар Жаңа Жылды ысқырық, барабан мен автокөліктің сигналдарын басып қарсы алады. Бұл үрдіс бізге таныс болмаса да, кенгурулар отанында жыл сайынғы дәстүрге айналып үлгерген. Ал сосын 1 қаңтар күні Аустралия тұрғындарының әдеттегі айналысатыны жағажайда жатып, күнге күю болып табылады. Одан бөлек карнавалдар мен пикниктер де ұйымдастырылады.
Аустралия оңтүстік жарты шарда орналасқандықтан, біздің елде қыс болған кезде, ол жақта жаздың шілдесі болады. Сол себепті қалың киімсіз, мұхит жағасында Жаңа Жылды қарсы алуға зор мүмкіндік аласыз. Ал күнге күйіп алған Санта Клаустар сізге сыйлық берумен қатар, жүзіңізге күлкі сыйлайды. Ендеше экзотикадан құр қалғыңыз келмесе, Аустралияны таңдаңыз.
Сурет: www.popsugar.com, www.nydailynews.com
Ж. Өрісбай