Ежелде әр елдің өз жаңа жылының белгілі бір күні болған. Мысалы, Грекияда Жаңа жыл 22 маусымда, көне Мысырда шілде-қыркүйек айларында, Батыс Еуропада қазанның соңында, Ресейде 1 қыркүйекте, ежелгі Римде наурыз айында қарсы алған және әрқайсының өз жаңа жылдық салты бар. Солардың бірнешеуін назарыңызға ұсынамыз.
– Итальяндар ескі жылдың соңғы сағаттарында ешкіммен ренжіспеуге және ешкімнен қарыз алмауға тырысады. Жаңа жылдың алғашқы түнінде үйлеріндегі сынған ыдыстарын, ескірген жиһаздарын аулаларына шығарып тастайды.
– Оңтүстік Америкадағы Эквадор халқы Жаңа жылда сабаннан жасалған қарақшыны ескі жылдың символы ретінде далада жағылған отқа өртеп жібереді.
– Үндістандағы жаңа жыл Дивали деп аталады. Оны жарық пен оттар мерекесі деп те атайды. Әйел адамдар көшеге шығып, жерге түрлі оюлы суреттер салып, оларға ұн, топырақ сеуіп, шырақтар жағып көркемдейді.
– Франциялықтар Жаңа жыл кешінде жомарт болуға құмар. Бұл күні мейрамханалар адамдарды тегін тамақтандырып қана қоймай кетерінде сыйлықтар береді.
– Голландияда Жаңа жыл кешіндегі дастарханға жүзім салып пісірген нан тағамы қойылады. Бұл тағам жылына бір-ақ рет дайындалады.
– Финляндияда Жаңа жыл кешінде тұрмыс құрмаған бойжеткендер кебістерін иығынан асыра лақтырады, кебіс есікке тұмсығымен тисе, сол жылы жолы болып, сол жылда тұрмысқа шығады деп есептеген.
– Бирмада Жаңа жылда да күн ыстық болып тұратындықтан адамдар бір-бірінің үстіне су шашып құттықтайды екен. Сондықтан осы күні үсті-басы су болған адамдарды жиі кездестіруге болады.
– Гвинеяда көшеге піл жетектеп шығады. Жұрт осы пілдерді айнала би билеп, ән салады.
– Кубада Жаңа жылда барлық ыдыстарға су толтырылып, Жаңа жыл түнінде оны далаға төгеді. Бұл бар күнә жуып-шайылсын деген наныммен жасалатын дәстүр. Кубада Жаңа жыл Патшалар күні деп аталады. Сағат 12 болғанда әркім 12 түйір жүзім жейді.
– Қытайда Жаңа жыл мерекесі көшеде барабандар, темір тәрелкелер соғылып, фейерверктер атылып, жаңа жыл салтанатын билеген айдаһарлар шеруі бастайды. Дастарханға туралған нарцис гүлін қою дәстүрге айналған. Жаңа жыл мерекесі он бес күнге созылады. Бұл қаңтардың аяғы мен ақпан айының басына келеді.
– Болгарияда сағат тілі 12-ні соққанда барлық үйде жарық сөне бастайды. Сол кезде әркім көңілі қалаған адамымен 3 минут бойы сүйседі. Дастарханға міндетті түрде самса қойылады.
– Ұлыбритания алғаш ашық хаттарды (открытка) шығарған ел болып есептеледі. Сондықтан да Жаңа жылда осы елдің әр жанұясы таныстарын ашық хат арқылы құттықтағанды ұнатады.
– Тибетте Жаңа жыл күні жергілікті халық бәліш пісіріп, оны өткен-кеткен азаматтарға таратады. Мұнда Жаңа жылда келетін табыс пен молшылық таратылған бәліш санына байланысты болады деген сенім қалыптасқан.
– Қазақстанда жыл басы мерекесі наурыз айында тойланады. Бұл қазіргі күн есебі бойынша наурыздың 22-ші жұлдызына сәйкес келеді. Бұл күні адамдар жұмыс істемейді, сапарға шықпайды, кір жумайды, ешкімді ренжітпейді. Барлық үйде мерекелік дастарқан жайылады. Бұл күні күн мен түн теңеседі.