Әйелдер гинекологқа барарда жіберетін 5 қателік

Әйелдер гинекологқа барарда жіберетін 5 қателік
Фото: pixabay.com

Көпшілік әйел гинекологқа қаралуға барарда аздап уайымдайды. Алайда дәрігер мен науқастың арасында сенімді қарым-қатынас болғаны жақсы. Қандай жағдай болмасын әр әйел гинекологқа жарты жылда бір рет қаралып тұруы керек. Бұл түрлі қауіпті аурулардың алдын алуға көмектеседі, себебі көптеген аурулар жылдар бойы еш белгі бермей өтуі мүмкін. Гинеколог Евгения Назимова Doctorpiter порталына әйелдер жиі жіберетін қателіктер жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бірден айтайын, егер қатты ауырсыну пайда болса, әдеттегіден басқаша бөлініс, қан ағу байқасаңыз, жедел гинеколог-дәрігерге барыңыз. Жағдай шұғыл болуы мүмкін, мұндай жағдайда күтуге немесе дайындалуға уақытыңыз жоқ", - деп ескертті Евгения Назимова.

Егер жоспарлы тексеріс жайлы айтатын болсақ, онда оған алдын ала дайындалу керек. Дәрігер гинекологқа жоспарлы түрде қаралу кезінде сақтау керек ережелерді ұсынды.

Гинекологқа қаралуды етеккір келетін күндерге жоспарламаңыз

Бұл біреулерге белгілі нәрсе болуы мүмкін, бірақ әлі күнге дейін гинекологтарда осындай жағдайлар кездеседі.

"Етеккір кезінде көп жағдайда жұғынды алу мүмкін емес. Оны алғанның өзінде нәтижелері нақты болмауы мүмкін", - дейді дәрігер.

Дәрі ішпеңіз

Кей дәрілерді дәрігерге қаралуға баруға бір күн қалғанда ішпеген жөн. Оған вагиналды препараттар, мысалы, тығындәрі, кремдер жатады. Олар жұғынды нәтижесін өзгертуі мүмкін.

"Егер вагиналды құралда антибиотик болса, мысалы, қандай да бір ем алып жатқан болсаңыз, оны алдымен аяқтау керек. Кей жағдайда емнен кейін жұғындыны анализге тапсырмай тұрып кішкене күте тұру керек болады. Бірақ сізге бұл жайлы препаратты жазып берген дәрігер айтуы керек", - дейді гинеколог.

Жыныстық өмірден бір күнге бас тартыңыз

Бұл да жұғынды нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Әркез емес, бірақ алдын алған артық етпейді.

Эпиляция жасау міндетті емес

Кей әйелдер гинекологқа барарда міндетті түрде эпиляция жасау керек деп ойлайды. Алайда бұл міндетті емес, ол дәрігер тексерісіне ешқандай әсер етпейді.

"Егер сіз әдетте эпиляция істемейтін болсаңыз немесе уақытыңыз болмай жатса, ода тұрған қорқынышты ештеңе жоқ. Тексеру үшін және жұғынды алу үшін интим аймақтағы түк кедергі келтірмейді. Түктерді алу немесе алмау – әр әйелдің жеке шаруасы", - деп түсіндірді дәрігер.

УДЗ алдында цикл күндерін санаудың қажеті жоқ

Көпшілік кіші жамбасты УДЗ-ға циклдің тек 5-7 күні түсіру керек деп ойлайды. Бұл олай емес.

"Егер біз қандай да бір нақты патологияны анықтағымыз келсе, әр жағдайда оған сай келетін цикл күндері әртүрлі болады. Ал егер сіз жай ғана жоспарлы УДЗ-ға бара жатсаңыз, оны циклдің кез келген күнінде жасауға болады", - дейді Евгения Назимова.

Әйел денсаулығын құртатын 7 әдет

А. Жапатова