"Тіліңнің шаппа тамырын, зертте, таны сан сырын!"

"Тіліңнің шаппа тамырын, зертте, таны сан сырын!"
жеке
блог

Қазақ тілі – тамыры тереңге жайылған, сан ғасырлар бойында, тіпті сан мыңжылдықтарда бірде қарыштап дамып, бірде қанаты сынуға шақ қалған, әйтсе де өз маңызын әсте жоғалтпаған ұлттық қазына. Оның байлығының белгісі күрделі тарихымен тығыз байланысты. Өткенге толық тоқталмай, болашаққа қарай оқтала алмайсың. Осы ұран ғылымның қай саласында болсын, ең елеулі болып қала бермек. Сол себепті тілдің табиғатын түсіну де оның тарихына үңілуді қажет етеді. Дәл осы мақсатта 2022 жылдың желтоқсан айында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды. Институттың басты мақсаты – аумағы алып түркі жұртының көне мұраларын зерттей отыра, әлі де сыры ашылмаған тарихи, мәдени, тілдік фактілерді ғылымға, ғаламға паш ету.  

Түркі әлеміндегі сырға толы ескерткіштер мен қолжазбаларды зерттеу мәселесі тек қазақ жерінен шыққан түркологтарға ғана емес, өзге түркі тілдес халықтардың ғалымдарына да өзекті болып отыр. Институттың салтанатты ашылу рәсіміне Түркия, Әзірбайжан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Мажарстан мемлекеттерінің зерттеуші ғалымдары, тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері де қатысты. Сондай-ақ Халықаралық түркі академиясының президенті, тарих ғылымының докторы, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі Шаин Мұстафаев, Сумгайт мемлекеттік университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры, филология ғылымының докторы, профессор Рамазан Мамедов, Түркі мәдениетін зерттеу институтының директоры, доктор, профессор Бижан Ахмет сынды түркітану ғылымының дамуына атсалысып жүрген азаматтар тарапынан онлайн форматта құттықтау сөздер жолданды.

Түркі мұрасын зерттеу ордасы ашылғалы түрлі тақырыпта ғылыми дәрістер, конференциялар өткізілуде. Мәселен,  2023 жылдың қаңтар айында түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен жас ғалымдар мен ізденушілерге арналған «Тарих аясындағы тіл және тіл аясындағы тарих» атты дәрістер мен семинарлар курсы басталды. Курстың мақсаты, аты айтып тұрғандай, тіл менен тарих сабақтастығын айқындау, біріне бірінің ықпалын, заман ағымындағы өзгерісін анықтау. Тіл де, тарих та жүйелілікті жақсы көреді. Содан болар, аталмыш курстың алғашқы кіріспе дәрісі «Диахрондық лингвокомпаративистика және түркі палеотарихы» атты тақырыпқа арналды. Дәріс оқушы лектор ретінде Чуваш Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Егоров Николай Иванович арнайы шақырылды. Дәріс  барысында ғалым протүріктерді былай қойғанда, прототүріктердің тарихынан бастап, арғы ата-бабаларымыздың мәдениетін тілімен ұштастыра келе, құнды да қызықты деректермен бөлісті. Мәселен, түркі халқы ежелден бері мал шаруашылығымен айналысқаны мәлім. Соған сәйкес көне замандағы лексикалық бірліктердің біразы  осы аталған еңбек түріне қатысты екені анықталды. Бір қызығы, бұл лексемалар бүгінгі күнге дейін көптеген түркі тілдес халықтар арасында сол қалпында қолданылатыны ғалым тарапынан мысалдармен дәлелденді.

Көне түркі заманында Орхон-Енисей, Талас, Алтай жазба ескерткіштері, Орта ғасырларда ұлы ғұламалар Махмұд Қашқари, әл-Фараби, әл-Хорезми, әл-Бируни, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Мұхамед Хайдар Дулати еңбектері түркі тілін, тарихын, мәдениетін зерттеушілер үшін алтын қазық болса, оған дейінгі жай-күйі бұлыңғыр. Себебі прототүріктердің тілі жайлы ақпарат жоқтың қасы. Түркітану мен алтайтану ғылымына сүйінші болған ҚазҰУ-да ашылған бұл институттың маңызды миссияларының бірі де осы ең көне замандағы түркі тілінің өзіндік ерекшеліктерін анықтап, бүгінгі күндегі көрінісін сараптау болады. Тың мәліметке толы болған Николай Иванович оқыған дәрістің соңы осындай қорытынды тілекпен аяқталды.

Өз тілінің тарихын білу – жүрегі «қазақ» деп соққан әр азаматтың міндеті. Ал соны тереңінен зерттеп, қалың жұртқа жар сала жариялау – тіл білімі мамандарына аманат болмақ. Қазақ Ұлттық университетінде жаңадан бой көтерген түркітану мен алтайтану ғылыми-зерттеу институтының да басты атқарар жұмыстарының бірі осы. Олай болса, жас ғылым ордасына ғылым мен білім жолында сәттілік тілейміз!    

                                                                                     

Тлеумурзина Коркем Булатовна
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты
Рамазанова Шайгүл Әмірғалиқызы
филология ғылымының кандидаты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті