Тек сол адам...

Тек сол адам...
жеке
блог

Маған өзімді мұғалім болу бақытын сезіндірген кішкентай Кемеңгерлерім бар. («Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауының қатысушылары). Алтын қыздарым байқау аяқталса да, арақатынасты үзбей, халімді сұрап тұрады. «Апай, қалайсыз? Массагетте бәрі жақсы ма? Соңғы блогтарды оқып едім. Тілшілер сезімдерін, жағдайларын ашық айтып жатыр ғой. Сізде бәрі жақсы ғой, иә?» деген хат алдым кеше. Жайымды айтсам жасырмай...

Мен ол адамды алты жыл күттім. Мен оны Тәңірден тіледім...

әскери адам болсыншы деп;
мінезі қатты болсыншы деп;
маған дауыс көтеріп ұрыспайды, бірақ сонда да мен оның алдында бір саты кіші екенімді сезініп, бір қараған жанарынан-ақ именіп тұрсам екен деп;
болашақта балаларымызға ең жақсы тәрбие беріп, ең үлгілі әке болатын жан болсыншы дедім;
мені өмірінің соңына дейін дәл бастапқы сезіммен сүйіп өтетін болса;
бар бал қылық, нәзіктігімді тек сол адамның алдында үйіп-төксем;
екеуіміздің ойымыз әрдайым бір жерден шығып, айтқызбай ұғысып отырсақ деп;
бір-біріміздің қас-қабағымызға қарап, еш ренжіспей, түсініспеушіліктерді бейбіт түрде шешетін күшті махаббатымыз ғана болса дедім...

Жатсам-тұрсам соны ойлайтынмын. Кім болады? Қандай адам болады? Неге ертерек кездеспей жатыр? Әр нәрсенің уақыты болады екен, әрбір істің қайыры болады екен. Өзін сақтап күте білген жанға тәңір тілегін айнытпай береді екен.

Мүмкін, күлерсіздер, бірақ мен қиялдың тереңіне бойлаған кезде тіпті сырт келбетін де елестетіп, ерні үлкен, қасы қалың болса, беті жылтыраған қыз сияқты әп-әдемі емес, ерге тән келбеті, батырға сай тұлғасы болса, бойы аса ұзын болмаса деген ойлар да келетін. Жоғарыдағы үлкен кісі барлық арманымды естіп тұрғандай, тура ойымдағы адамды алдыма әкеліп бергеніне таңым бар, қиялым шексіз енді, жалғаса беретін... Тіпті қалада жұмыс істеп, демалыста адам сияқты бой жазып демалып келетін ауылымыз болса деген ойымды да елеусіз қалдырмапты..)

Міне, жанымда тек сол адам болса менде жаман дегендер де жақсы болады.

Тек сол жан болса, ауырып отырғанымды да ұмытып кетемін.
Тек сол адам болса, майда-шүйде мәселелерді де елемеймін.
Тек сол жанымда болса, уақыт пен ақшаның жеткізбей жатқанына да мән бермеймін.
Тек сол адам қасымда жүрсе, түн ортасы ауып, ертең жұмысқа ұйқым қанбай баратыныма да алаңдамаймын.

Маған аспандағы айды алып бермей-ақ қойсын, тек жанымда бар махаббатын арнап жүрсе, менде бәрі жақсы...

P.S.: Ұялсам да, жаздым енді. Әріптестер, бірден айтайын, прикол ұстау жоғынан, ұнамаған пікірлеріңізді өшіріп тастаймын...))