Тастағы таңба сыры

Қазіргі заман технология дәуірінің  еншісінде. Әсте болашақ ұрпақ бізді ғаламтордың даму үдерісінде жүрген, ізденіс пен дәйектілікті  қолдайтын топ ретінде қабылдар. Тіпті тарихты оқыған уақытта әлеуметтік желінің өзге құрылымдарын пайдалана отырып, біздің бейнемізді дәл алдында тұрғандай көрсетері анық. Ғылым дамыған сайын оның қуаты да күшейе түседі емес пе? Ал бізші? Біз өз тарихымыз бен дәстүріміз жайлы ғаламтор болмағандағы шежірені қалай жаңғыртып жүрміз? Ақпарат қалай жетті? Дәстүрді дүбірлетіп, дәйекті жаңғыртып, дәлелді көрсеткен замансөз арқылы өткеніміздің бейнесін, ұлттық санамызға қондырып жүрміз. Замансөз - ақпаратты үнмен, ишара, ишарат, сурет ауызша жеткізу арқылы қоғамдық санаға қозғау салу. Ал мен қызығушылық таныту арқылы  ауызша жеткен дерек пен сурет , таңба арқылы түсірілген бейнеден Үйсін тайпаларының ұлттық болмысын  ашпақпын.

Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауыланан 13 км шақырымда орналасқан Таңбалытас сайы  туралы дерек жинастыруым қажет еді. 18 жыл осы аймақта өсіп, Таңбалытастың  мен білмейтін жұмбағына жете мән бермеуші едім. Бірақ сайға беттей бергендегі сырқырап аққан  өзен суының дауысы мен желмен бірге әлсін теңселген шыршаның өлі тыныштығының  үндескеніне сүйсініп кететінмін. Ал екі жартастың ортасынан өтуге батылым бармайтын. Сондағы сылтауым аяғыма суық өтіп кетер яки әрі қарай жүрсем бір дүниеге душар болам ба деген ой еді. Бірақ өмір қызық емес пе? Айналдырып тұла бойымды қысқан екі жартастың ортасына беттетіп қойды. Жаздағы салқыннан қорыққаныммен,  бұл жолы жаңбырлы күзде суық суды малып өтуіге тура келді. Мендегі жігерсіздік яки еріншектік не болмаса қызығушылық жоқтық екенін сол уақытта байқадым. Жартастың ортасына жетіп жан-жағына бағдарлай қарадым. Қонышы ұзын етік киген едім, оның ұзындығы судың ағысына төтеп бере алмай табаным суықтың ызғарын сезінді. Оны қойшы менің іздегенім таңба еді. Арғы бетіне өттім, неге екенін көзім тағы шалмады. Кері бұрылып өз жолыма қайтып келе жатырмын. Ойымда екі дүние бар еді. Бірі: Қорқынышымды жеңе алмай жүруші едім сөйтсем қорыққаным бәлендей үрейлі емес екен ғой. Екіншісі: Таңбалытас аталу себебі неде сонда? Сүйтіп ауылға барысыммен  өлкетанушы ағайым Сәрсенбай Болат Жапсарбайұлынан егжей-тегжейлі ақпар жинадым. Ол кісі бүй деді:

- Жартастағы жалпақ плиткасының бірінде садақ таңба қашалып жазылған. Таңба бейнесі- Э. Ойылып салынған Садақ таңбасы үстінде қара сызықтар түсіп  адам бейнеленген сұлба қалыптасқан.  Садақ иіні ол адамның қанаты секілді. Ал адамның басының сол жағында төңкерілген ай таңба секілді, екі ашалы антенна көрінеді. Бұл әдейі жасалынбаған, табиғаттың бір тосын перілік сыйы секілді.  Осы қанатты адамның жанында зерделеп қараса аттың басы да анық көрінеді. Оны да көп адамдар байқай қоймайды. Осы таңбаларға қарап бабаларымыз бұл жерді - Таңбалы тас деп атаған.

Сүйтіп бұл жердің атауы мен дерегін білдік. Енді тарихтың қойнауын зерттесек бұл таңбаны кімдер, қалай қалдырған. Өмірде уақиға болмай тұрып оның себебі болады емес пе? Бұлда дәл солай. Ерте ерте ертеде деп бастап ертегіге айналдыра алмаймын, бірақ бұл аңыз. Бұлда әуелгі замансөздің сипаты ретінде екіұдай ақпарат беріп отыр. Ауызша жетіп әрі таңба ретінде қашалып жазылған. Б.з.б 3 ғасырда Үйсін тайпалары табиғаты тылсым жерлерді киелі шың ретінде қабылдап, дәл осы белгілерді таңбалап кеткен. Өмірде келеңсіздік болған кезде осындай табиғатқа сыйынып, құрбандық шалған. Тіпті жазалыларды тексеру мақсатында кеш құрым шыңға өрмелеткен деседі. Егер қылмыскер шын мәнінде арамза болса ол бақиға аттанар, ал адал болса тәңір иесі жәрдемші болады деп сенеді екен. Осы арқылы қиындықты жеңіп шығады деседі. 

Таңбалы тастың тарихын зерттеу арқылы 3 дүниені түйдім. Бірінші, тарихтың тылысымына ену арқылы замансөздің бірінші туатынын оны ақпар ретінде болашақ ұрпақ бағамдайды. Мейлің ол таңба болсын, ауыздан-ауызға тараған шешенсөз болсын әуелгі ақпарат болады. Екінші, ұлттық болмысыңды сақтау ұлылығыңды көрсетер. Жете мән бермеген құндылықтар айналамда кездесер, әсте оны бағалап, дәріптеу қажет. Себебі ол менің , біздің өлкенің, ұлттық болмыстың тарихы. Үшінші өзгеден  бұрын өзімнің жігерсіздігімді жеңу өмірдегі бір қамалдың алынуымен бірдей екен. Сонда ғана болашақтың һәм өткеннің барша парақтары ашылады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
журналистика факультетінің 3-курс студенті
Тынышбек Даниза
Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б. Рушанова



Бөлісу: