Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Палеолит музейі

Палеолит музейі 2000 жылы əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археолог-ғалымдарының бастамасымен ашылды. Кембридж және Сорбонн университеттерінен кейін, университет жанынан ашылған, тас дәуіріне арналған үшінші болса, ТМД бойынша алғашқы музей.

Музей қорында Қазақстан жерінде табылған 500 000-ға жуық жәдігерлер сақтаулы. Х. Алпысбаев, А. Медоев, Ж. Таймағамбетов, Б. Əубекеров және О. Артюхова сынды ғалымдардың археологиялық экспедициясы кезінде табылған артефактілер музей қорына арқау болды.
Музей алғашқы экспозициясында гоминидтердің муляждары мен алғашқы уақыттағы тұрмыстары баяндалса, келесі бөлімде Қазақстан аумағындағы алғашқы палеолиттік тұрақтары болып табылатын Қызылтау, Шақпақ ата, Семізбұғы, Бөріқазған, Тəңірқазған, Шоқтас, Қосқорған сынды тұрақтар жайлы ақпарат береді. Үшінші бөлімде мустье кезеңіне (орта палеолит) Хантау, Семузбұғы, Өгізтау және Ш. Уәлиханов атындағы тұрақтарына арналған.  Ал, төртінші бөлімде кейігі палеолит кезеңіне жататын Шүлбі, Құдайкөл, Семізбұғы тұрақтарынан табылған жәдігерлер қойылған. Мезолит, неолит, энеолит кезеңдері жайлы ақпарат беретін бөлімдер тас, сүйек және қыштан жсалған заттар мен әшекей бұйымдар келушілердің назарына қойылған. Соңғы алтыншы бөлімде отандық археологтардың ғылыми жетістіктеріне арналған.

Музей танымдық қызметпен қатар, ғылыми және білім беру функцияларын қоса атқарады. Мәселен, археологиялық музейлердің жобасын жасап, музей қызметінің дамуына үлес қосуда. Сонымен қатар, музейде ҚазҰУ-нің Тарих факультетінде «археология» және «музей ісі» бойынша білім алатын студенттер тәжірибеден өтуге мүмкіндігі бар.

 

Назира Нұртазина,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры

Жәнібек Әкімбек 2-курс магистранты («Тарих» мамандығы)



Бөлісу: