Қазақы комизм немесе зілді юмор

Қазақы комизм немесе зілді юмор
жеке
блог

«Бонопарттың үйленуі» әңгімесіне рецензия

Қазір юмордың заманы. Юморды бағалайтын, оны жақсы көретін, оны көруді, тыңдауды қалайтын көпшілік көбейді. Юмор адамның ерекше бір қабілеті, қыры деп санап, соны тіпті адамның болмысынан талап ететін сана қалыптасты. Кейде өмірдің өзі – юмор. Ежелгі философтар (Аристотель, Демокрит) өмірдегі қиындық атаулыны қабылдаудың екі жолы бар деп көрсеткен: бірі – трагедия, екіншісі – юмор. Заманауи адам ауыртпалық пен тақуметті трагедиямен қабылдаудан барынша сақтанады. Мүмкіндігінше жеңіл қабылдауға тырысады. Ал жеңіл қабылдаудың бір жолы – жай юмор, яғни, өмірге юмормен қарау. Болған жайтты әзілге айналдырып, оның уытын қайтару. Екінші жолы – зілді юмор. Бұл күрделі. Болған жайтты юморға айналдыра отырып, одан сабақ алу, астыртын мәнін түсіну. Бұл тәсіл арқылы трагедияның өзін юморға айналдырып, мәселенің тіпті ауыр екенін байқатуға болады. Мұның сарказм мен иронияға қатысы жоқ. Тек юмор, бірақ зілі бар. А.Байтұрсынұлы айтқандай, әзілдің екі түрі бар: бірі – зілсіз әзіл, екіншісі – зілді әзіл.  

Трагедияның өзін юмормен жеткізген шығарманың бірі – Д.Исабековтің «Бонопарттың үйленуі» атты әңгімесі. Бастан-аяқ юмормен өріліп, комизмге құрылған. Бірақ астарында ұлттық трагедия жатыр: қазақтың балаға ат қою мәдениетінен айырылуы; ата салтын өзектен теуіп, санасыз қалуы; қазақты отарбамен келіп отарлаған шайтансуға бас қойып, рухсыз қалуы; діннен безіп, дінсізге табынуы. Осының бәрі күлкі, жеңіл әзілмен жеткізіледі. Оқып отырып, әр сөйлеміне күлесіз. Оқиғаның комизміне, кейіпкерлердің орашолақ, ебедейсіз іс-әрекетіне күлесіз. Шығармадан бүкіл қазақ халқының комизмін көруге болады. Оны жазушының «қазақ болып өмір сүру қызық сияқты» деп шығарманы аяқтауынан аңғаруға болады.  

Әңгіме 1990 жылдары жазылған. Кеңес одағы ыдырап, қазақ халқының өз өміріне өз көзқарасымен қарап, бағалай бастаған сәті. Ал шығармадағы оқиға 1989 жылы болғанға ұқсайды. Жазушының өзі хронотопты ұмытпай, әңгіменің соңына қиюын келтіріп, кірістіре кетеді. Бұл – ұтымды тәсіл. Өйткені шығарманы тетіктеп түсіну үшін хронотоп аса маңызды. Оқиға болған уақыт – ауылдағы қазақтың ақ судан ауызы босамай, әбден азып-тозған шағы. Тегінде жоқ мұндай азғындық қазақ қанын әп-сәтте «арақсіңді» етті. Қазір Сібірдегі түркі халықтары арам судан қалай уланып жатса, қазақтың да қаны дәл солай уланып жатқан еді. Көзі сығыр, атжақты, моңғол күреңді азиаттықтардың Вася, Чапай, Роман, Максим боп (дәл қазіргі сібір халықтары құсап) еуропаша-славянша атанып алашұбар боп шауып жүрген шағы. Кашпировскийдің сеансы, Дзержинский ескерткіші, «құрғақ заң», қаңырап қалған үй сынды маңызды хронотоп белгілер шығарманың шынайлығын күшейтіп, комизмін арттырып тұр.

Әңгіме публицистикалық стильмен басталады. Дәл кеңес кезіндегі партком, облком, комсомол жиналыстарындағы ұзан-сонар, ішпыстырар баяндамаларды күлкіге айналдырғандай. Жазушы тіпті бүкіл кеңес дәуірін әзілге айналдырғандай әсер қалдырады: Сыр бойындағы алыс бір ауылға кеңес одағының үш күнде орнауы, орысша боқтай алатын мұртты қазақтың пайда болуы, сол мұртты қазақ ұрпағының балаға Бонопарт деп ат қоюы, кеңес кезіндегі адам есімдерінің «интернационалдануы», орыс сөздерінің жаппай енуі, кеңес дәуіріндегі алкогольдің тарауы, қазақтың ата дәстүрді ұмытуы – осының бәрі бір қарағанда заман шындығы сияқты, бірақ түптеп келгенде бұл – нағыз казус, қателік. Ауылда Испанәлі, Вьетнамбек, Оскар (Асқар), Маркен сынды персонаждардың жүруі – сол ауытқушылықтың бергі жағы ғана. Арғы жағы – қазақтың ауыр ұлттық трагедияға тап болуы. Шығарманың өміршеңдігі де сол – проблеманың (трагедияның) әлі жалғасып жатқаны: халқымыз әлі еліктеп балаға шетелдік ат қойып жүр, ауылда әлі де Коля мен Мишалар жүр, қазақша аттардың өзін лақаптап шетелше атап жүр... Шығарманы оқып отырып, Жаңа Қазақстанды да табуға болады.  

Әңгіменің тақырыбы, сюжеті, оқиға желісі, шиеленісі мен шешімі, кейіпкерлердің іс-әрекеті толығымен юморға құрылғандықтан, жазушы юмор әсерін арттыру үшін тосын тәсілдерді қолдана білген. Біздің ойымызша, бұл шығарма юмор жанрының тілдік аспектілерін қарастыруға тамаша дереккөз, таптырмас материал бола алады. Жазушы бүкіл көркемдеуіш құралдар мен стиль қалыптастырушы тәсілдерді юмор жасау қызметіне жұмылдырған. Шығармада қайталау, еспе қайталау, бейнелеу, перифраз, эпитет сынды көркемдеуіш-стилистикалық құралдар мен есімдік, ырықсыз етіс, сұраулық шылаулар сынды морфологиялық категорияларды юмор түзуші элементтер ретінде ерекше қолданылған. Кейбір құралдарды жазушы интеллектуалды туынды деңгейінде пайдаланып, жасырын сілтеме беріп отырған. Мәселен, құда түсуші ауыл мен құдалық күтуші ауылдарда «төтенше комиссияның құрылуы», бір-біріне жансыз жіберіп, екі жансыздың да казус-жауап қатуы (Масқара болдық, рас екен! – деді салы суға кетіп), «ота» жасалған үйге ресми тұлғалардың бірінен соң бір келіп, бір «сөзді» айтып (жата берсін) аттануы – мұның бәрі қайталаудың мәтінтұтастырғыш ерекше қызметінің көрінісі.    

Қорыта айтқанда, шығарма әдеби тұрғыдан да, тілтанымдық жақтан да талдауға құнды үлгі. Дулат Исабековтің бұл әңгімесі – қазақтың трагедиясы мен комизмін қатар көрсете отырып, ұлттың ауыр мәселелерін юмормен жеткізген, тілдің стилистикалық құралдарын бір мақсатқа бағындыра алған, өзектілігін әлі де жоймаған өміршең шығарма. Д.Исабековтің шығармашылығын танысуды осы әңгімесінен бастасақ, еш өкінбейміз деген пікірдеміз. Әңгімені оқыған адам өмірді юмормен қабылдауы мен жеткізуіне көмектесер тағы бір кейс қоспақ.  

Қ.Слямбек