Даланың киесі

Даланың киесі
жеке
блог

ДАЛАНЫҢ КИЕСІ

І

Өзбекстанмен шекарадағы созылып жатқан Қызылқұм іші. Әр жерде тырбия өскен сексеуілден өзге көлеңке боларлық бұта жоқ. Жүздеген шақырым аумақты алып жатқан құмды шөлде таздың шашындай шашырай орналасқан скважиналар бар. Қызылдың бауырын мекен еткен тіршілік атаулының шөл басып, жан шақыратын қасиетті мекені – осы скважиналар.

Кеңестік заманда қойшылардың қыстауы орналасқан бұл жер қазір даланың аңынан өзгеге аса қажетілік туғыза қоймайды. Қауға шелектің көлеміндей тат басқан трубадан мөлдір су жоғары көтеріле бірқалыпты ағып жатыр. Құм ішіндегі тіршіліктің белгісіндей болып скважина айналасы шағын көлшікке айналған. Табиғат-ананың аң-құсқа тарту еткен суаты, бәлкім. Осы су көзін көптен бері тұрақты суатына айналдырған ашатұяқ қарақұйрықтың бір үйірі бар-тын.

Сыңар мүйіз жасамыс теке қарамағындағы ешкілері лақтағалы қарауылды күшейткен. Бұл көктемнің жаймашуақ кезі. Құм арасы жылдағы әдетінше тамаша кейіпке енген. Айнала көгеріп, қыстың қаһары кеткенін, алда аптап ыстық күтіп тұрғанынан хабардар етеді. Құм арасының құлпырып түрленетіні осы шақ. Сәл күн қызса, Қызылдың іші қайтадан бұрынғы кебін киеді. Биыл үйірдің қатары көбейді. Енді ұрпақтарын моторын гүрілдетіп, ұзын темірінен от шашатын екі аяқтылардан, баспалап жүріп бас салатын аш қасқырлардан, суат маңында, тырнағында көміліп жатып тілерсектен шап беріп айырылмайтын қақпаннан қорғауы керек. Ата киік осының бәрін ішкі түйсікпен ұқты. Қайбір жылдары өзі секілді қарақұйрықтар үйір-үйір болып, құм арасындағы мекендерінен өргенде құдды бір байдың мыңғырған отар-отар қойы секілді болатын. Соңғы жылдары қарсылыққа қауқары жоқ, бар сенері тұяғы болған жануарлардың жаулары соңдарына мықтап түсті де, санын күрт азайтты.

Кәрі текенің үйірі бүгін тырнағынан ерте өрді. Даланың қызыл отына жайылып жатқан ешкілеріне, аналарының жанында асыр сап жүрген лақтарына сүйсіне көз салған аталық топтан бөлек дөңестеу жерге жайылды. Үйір басшысы үлкен «дүрбелеңнің» боларын сезгендей мазасызданып кетті. Ішкі дауысы басына төніп тұрған қауіпті хабарлағандай. Бірақ қауіптің қай тұстан сап ететінін білген жоқ. Осындай беймезгіл шақта бүйірі қабысқан, құйрығын аяғының арасына қысқан бөрілердің мазаны алатындары үйреншікті әдет. Осыдан секем алғандай. Желдің бағытын байқап, иіс тартып еді, айтарлықтай ештеңе таппады.

 

ІІ

Қаланың шеткі аудандарының бірінде таң атқалы бері қарбалас. Кеше Алматыдан осы үй егесінің құрдасы Бектас келген. Бүгін ауылға баратын сыңайлы. Өйткені, Айдостың қала ішіне мінетін жеңіл көлігінің орнында ауылға барғанда мінілетін «Hunter» тұр. Жол жабдығын қамдап болып, үй іші таңғы асқа отырды. Шай үстінде Айдостың кенже ұлы:

-         Папа, қайда барасыздар, - деп еркелей сұрады. Әкесі баласына жұмсақ сөйлеп:

-         -Балам, Бектас ағаң аңға апар деп қолқа салған соң ауылға бара жатырмыз. Бір жағынан, өзімнің мына тұрған ауылға бармағаныма біраз болыпты, - деді.

-         Онда мен де барайыншы ауылға.

-         Жоқ, балам, мамаңа кім қарайды? Жалғыз тастап кетсек қорқады ғой. Кейін бәріміз барамыз. Шайыңды ішіп ал да, барып ойнай ғой, - деп баласын басынан сипаған отағасы:

-         Қане, Беке, астан алып отыр, - деді.

Шай ішіліп болып, бет сипасқан Айдос пен Бектас сыртқа беттеді. Оны-мұнысын реттеп, келіншегіне шаруаларын тапсырып, көлікті оталдырғанда күн арқан бойы көтеріліп қалды. Қала мен ауыл арасы артығымен есептегенде, жүз елу шақырымдай жер. Жүз шақырымдай тегіс тас жол болса, қалған бөлігі – қара жол. Зымыраған тас жолда екеуден-екеу келе жатқан жолаушылар әңгіме тиегін ағытатыны белгілі ғой. Алдымен әңгімені қаладан шыққалы бері үнсіз ойланып келе жатқан Бектас бастады:

-           «Қарақұйрық атамыз» деп келеміз-ау, Айеке. Мен саған қолқа саларда бір нәрсені ескермеппін. Сол жануарлардың төлі жас емес пе екен?

-           Ау, Бектас, саған не болды? Бес қаруыңды сайлап, мылтығыңды майлап шыққанда райыңнан қайтпақпысың?! «Шешінген судан тайынбас» деген, - деп күле жауап берді.

-           Жоқ, ә! Тек жас төлдің обалына қалмайық дегенім ғой.

-           Ай, құрдас, дегенмен Алматыға барамын деп секемшіл болғансың-ау, - деп қалжыңдады Айдос. Әңгіме желісін тас жолдың аяқталуы бұзды. Бір жарым сағаттай бірсыдырғы жол алматылық қонақты мезі етсе керек, қара жол басталысымен көліктің артында жатқан екі қосауыздың бірін алып, ұңғысына оқ сүңгітті. Құрдасының қимылына қарап Айдос:

-           Міне, мұның жөн. Жолда қоян, қырғауыл кездесуі мүмкін, дайын отыр, - деді.

Ирелеңдеген қара жол біресе сексеуіл арасына кіреді, біресе жазық далаға шығады. Артына бұлтқа ұласатындай будақтаған шаң қалдырған жаңа көлік барынша-ақ жүріп келеді. Сексеуілдің ортасына кіре бергенде машинаның алдын бір қоян кесіп өтіп, ылдиға қашты. Машина дереу тоқтай қалды да, секіріп түскен Бектас қоянның бағытына бірінен соң бірін қос оқ жіберді. Оқ атқан бағытына жүгіріп барып, елу қадамдай жердегі сексеуіл түбінен қалқанқұлақ сұр қоянды көтеріп, мәз болып келе жатқан досының алдынан шыққан Айдос:

-           Пай-пай! Алматыға кетіп, мылтық ұстауды ұмытты ма десем, бабыңда екенсің ғой, - деді. Оған Бектас:

-           Иә, сөзіңнің жаны бар. Иығыма мылтық дүмін қоймағалы көп болды. Әй, дегенмен, бағанадан бері сұққан ащы тіліңнің есесін бір-ақ қайтардым-ау, - деді қарқылдай күліп. Осындай әңгімемен ауылға да келіп қалды қос жолаушы.

Үй ішіне сәлем бере кірді екеуі. Ибалы келіндері дастарханды дайындап үлгеріпті. Таныстық пен өткен-кеткенді әңгіме етіп, шай ұзақ ішілді. Шаңырақтың үлкені, Айдостың ағасы Байнияз бата жасап, қонақтар сыртқа беттеді.

-           Ал, Беке құрдас, ауыл – осы. Енді екеумізге қараған тірлік жоқ. Тіпті көлікті де Әділ айдайды, - деді Айдос.

-           Өй, пәлі! Қаланың тас жолында ғана рөл ұстайды екенсің ғой, - деп қалжыңдады Бектас құрдасына. Бұған барлығы күлді. Қызарақтап қалған Айдос:

-           Жоқ, ә! Мына құм арасы мен оған жетемін дегенше тышқан қазып тастайтын оқпан да, ескі арықтардың орыны да көп. Оны мына Әділ сияқты күнде көріп жүрмесең, байқамайсың, - деді. Айдостың ағасы Байнияз:

-           Ал, жігіттер! Жол соққан шығар, үйге кіріп демалыңдар. Қалған шаруалар реттеле жатар. Бұйырса, кешке жүріп кетеміз, - деді.

Жастыққа басы тиісімен, екі құрдас ұйқыға кетті. Қанша уақыт өткені белгісіз, тек Әділ келіп:

-           Айдос, Беке, жүретін уақыт болып қалды. Кешігіп қалмайық, - дегенде ғана оянды. Тіке тұрып екі кесе айранды сімірген құрдастар оталып, жүруге дайын тұрған машинаға отырды. Рөл тізгіні Әділде, алдыңғы орынға Бектас отырды да, артқы жағына Айдос ағасы екеуі жайғасты. Қараңғы түсе ауылдан шыққан аңшылар отыз шақырымдай жердегі құм арасына ілігемін дегенше түн қоюлана түсті.

 

ІІІ

Күн тас төбеге көтерілгенде кәрі теке бастаған топ қарақұйрық Желқазған скважинасына құлаған. Скважина ойпаттау жерде орналасқан. Жан-жағы айнала қорщаған құм төбелер. Желқазған десе, дегендей жер. Жерден жарты метрдей шығып тұрған тат басқан құбырдан төгіле аққан су шағын көлшікке айналған. Су айналасы тіршілік барының дәлеліндей жайқалып тұр. Төбеден жөңкіле құлаған бойы ешкі-лақтар суға бас қойған. Алдымен барып, шөлін қандырып үлгерген бірлі-жарым текешіктер сүзісіп ойнап жүр. Ал үйір басшысы сол жал төбеден бері түскен жоқ. Таңнан бері мазасызданып, бір қуғынның боларын сезгенімен, қауіптің қай тұсынан, қай бүйірінен тиерін дөп баса алмай дал болды. Қырағы көзімен айналасын шолғанымен, танауын желге тосып, қанша иіс тартқанымен, бөтен иіс таппады. Сөйтіп, ақырын ойпатқа түсіп, салқын судан мейірі қанғанша ішті де, үйірін бастап, ойпаттан шығып кетті. Желқазған скважинасы мен қарақұйрықтар жайылымының арасы біршама ұзақ. Шөлі қанған ешкі-лақтар сексеуілдің шырпысы мен жерден қылтия бас көтерген шөптің басын шалып, асықпай жүріп келеді. Жайыла жүргендіктен, жол өнбей, жайылымға жеткенде күн ұясына қонақтап қалып еді. Ал жайылымға аса қашық емес жердегі жатағына тұяқ тірегенде қою қараңғы түннің пердесі түрілді. Қарны шиыршық ата тойған ешкілер күрт-күрт күйіс қайырып, лақтар енелерінің қасына жата бастады. Күні бойы сақтықта жүріп, жөнді жайылмаған теке де үйірдің шетін ала, дөңестеу жерге тізе бүкті. Күні бойы қарауылдық жасап, қалжыраған теке тізе бүгісімен маужырай бастады. Түн ортасы ауа селк етіп, шошып оянды. Құлағына құмығып жеткен таныс әрі қорқынышты мотор дауысын анық естіді. Бағанағы күдігі алдамапты. «Пыс» етіп, оқырана атып тұрды. Оқыс қимылдан шошып қалған ешкі-лақтар ербие тұрысып қалды. Ес жиғанша болған жоқ, үлкен құм төбенің бауырынан бері қарай түскен прожектор жарығы көздеріне шағылысып, қарақұйрық үйірі тұяқтары тапырлап қаша жөнелді. Машинадағы төртеуі:

-           Әне кетті!

-           Бас газды!

-           Қарасы қалың екен. Я сәт! – десіп, даурықты.

Рөлге ие болып келе жатқан Әділ газды барынша баса түсті. Айдос прожекторын киіктерден айырмауға тырысып келеді. Ал Байекең мен Бектас екі қосауыздың құлағын қайырып, бірі люктен, бірі оң жақ терезеден атуға дайын тұр.

-           Әділ, басыңқыра! Оқ жетпейді. Аралықты қысқарт! - деп айқайлады Байнияз. Люктен жар беліне дейін шығып тұрған Бектас та:

-           Бас! Бас! Айеке, сен ана дәу текеден айрылма! – деді.

Ышқынған «Hunter» қойсын ба, жердің апшысын қуырып-ақ жіберді. Қарақұйрықтар құмға кірген бойда кездескен. «Шамасы, Желқазғанның скважинасынан шөл басып, бері қарай жайылатын болған ғой» деп ойлады Әділ. Киіктердің бағыты – құм іші. Бірақ машина жүре алмайтын сусыма құмға ілігем дегенше он шақты шақырым бар. Осылай деп топшылаған Әділ газды баса түсті. Әне-міне дегенше киіктермен құйрық тістесіп жақындап қалды. Байекең де, Бектас та оқ жеткенін атып келеді. Алдымен Байнияз екі атып бір ешкіні құлатты. Бектас бұл кезде алқынып, топтан кейіндей бастаған лақты атып түсірді. Бұлар енді көкжасық ешкі мен лақты қойып, сыңар мүйіз үлкен текенің соңына түсті. Сіңірлі неме оңайлықпен жеткізер емес. Теке ойламаған жерден бұлт етіп солға ойысты да, машинаға қарай тура салды. Оқыс басылған тежегіштен екі мерген де жандарынан өте шыққан олжаларын нысаналай алмай қалды. Люктен шығып тұрған Бектас екі оқты жобалап жібергенімен, дарытпай кетті. Бұрылып алып, қайта қуғанда прожектор жарығына теке мен үш ешкі түсті. Қасындағы үшеудің қайдан қосылғаны белгісіз. Сыңар мүйіз үйірбасы оңға қарай барынша ойысып барады. Іші қылп ете қалған Әділ:

-           Осыны қоя берсек қайтеді, а? Мыналар бара жатқан бағытта екі-үш шақырымнан соң арықтар бар. Мерт қылып кетпесін, - деді. Қызып алған Бекең:

-           Тәуекел де, Әділ! Одан да бас газды! – деп айқайлады.

Әділ қателеспеген еді. Олар келе жатқан бағытта ертеректе не мақсатпен қазылғаны белгісіз тік жар арықтар бар. Машина киіктердің соңынан қатты жылдамдықпен келе жатып, бір шоқ сексеуілді айнала бергенде арықты көрді Әділ. Тежегіш басуға кеш еді. Бар екпінімен арыққа ұрған машинаның тұмсығы арықтың ернеуіне тірелді де, люкте бейқам тұрған Бектас ұшып кетті. Көліктің алдында отырған Айдос пен рөлдегі Әділ де естен танып қалды. Тек жеңіл жарақаттанған Байнияз ғана тез қимылдап, дөңгелектің бос айналып тұрғанын көрді де, құшақ-құшақ сексеуілді астына салды. Сөйтіп, Бектас пен Әділді көліктің артына жайғастырды да, өзі рөлге отырды. Газды ышқынта басып, машинаны артқа шығарысымен ауылға тартты. Бар тілегі – көліктің сөніп қалмауы болған Байекең бірден ауданға тартты. Екі сағаттың көлемінде аудандағы ауруханаға жетті. Өз жарасын жеңіл-желпі таңдырғанымен, екі інісі мен оның құрдасының жайын уайымдай берді. Қарғыс атқан қасіретті түн өтіп, таң бозарып келеді.

ІV

 

Қатты жарақат ала қоймаған Әділ мен Айдос екі күннен соң ауруханадан шықты. Төртеуінің арасынан ауыр жарақаттанғаны – Бектас. Алматылық қонақ люктен ұшып кеткенде сексеуіл томарының үстіне түсіп, екі қабырғасы сынған, оң қолы иық тұсынан шыққан. Ауданда ес жиғасын Бекеңді қалалық ауруханаға жіберді. Сонда бір айдай жатып, сауығып шықты. Аурухана төсегінде жатқанда Айдос жиі келіп тұрды. Байекең мен Әділ де келді. Сонда Бектас Байниязға:

-           Байеке, сол жолы сіз болмағанда қырылып қалғандай екенбіз. Сыңар мүйізге қанша көздеп атсам да оғым дарымай қойды. Соған таңмын, - деді.

-            Жоқ, Бектас, мергендігіңе шүбә келтірме, кәрі текеге тигізіпсің. Оның өлексесі арықтан жүз метрдей ғана жерде жатыр екен. Арнайы барып қарадым, - деді жымиып.

-           Е, онда ол осы апатқа түсуімізге көрінген екен ғой. Даланың киесіне бекер баланбағанына көзім жетті.

-           Енді аңға шығуға беттемей қалған боларсың? – деген Байнияздың сұрағына Бектас:

-           Атамаңыз! Алла қанша ғұмыр берсе, тіршілік атаулыға қару кеземеймін, - деді.

Бір айдан аса уақыт өтті арада. Қабырға сынығы жазылып, қолын иығына асып, Айдостың үйіне шықты. Бірер күн қонақ болып, Алматыға қайтуға билет алдырып алғасын Байекеңе телефон соғып, қайтатынын, оған алғысы шексіз екенін жеткізді.

Теміржол вокзалы ығы-жығы нөпір халық. «Ақтөбе-Алматы» бағытына жүретін жүйрік пойыздың 11-ші вагонының тұсында төрт жігіт қауқылдасып тұр.

-           Енді аңға келмейтінің белгілі, Бектас. Бірақ қонақ болып, қыдырып келіп тұр, - деді Байнияз өзімсіне сөйлеп.

-           Әрине! Алла бұйыртып, жол түссе келемін міндетті түрде, - деді Бекең. Осы кезде пойыздың жүретіні хабарланып, жолсерік асықтыра бастады. Қолын мойнына асып алған Бектас:

-           Ал, бауырлар, аман болыңдар! Хабарласып тұрамыз, - деп тепкішекке аяқ салып, жолсеріктің көмегімен вагонға көтерілді.

-           Жақсы, Беке! Жол болсын! – деп жамырай қоштасты үшеуі.

«Өкіртіп» сигнал берген пойыз вокзалдан қозғалып, жүріп кетті.