Жаз

Жаз
жеке
блог

Жаз деді маған гүлдердің кірпік қаққанын,
Бұлғаған қолын бұлттардың мамық, әппағын.
Қанатын керіп құстар ұшатын суылдап,
Жып-жылы ұясын, жасыл орманын тапқанын.

Жаз деді маған шөптердің күліп тұрғанын,
Мейір күймесі ат басын бізге бұрғанын.
Жақсылықтың мынау жаршысы болып тамшылар,
Асығып келіп тереземді тез-тез ұрғанын.

Жаз деді маған гүл ғашығы деп шықтарды,
Ай сәулесіне малынып алып ұшқанды.
Төбелер, ойпат, құмдар, жартасты оятып,
Қылтиып үстіне әнге сап әсем шыққанды.

Жаз деді маған бейнесін осынау даланың,
Аспан - қыз әкеп жұлдыз - алқасын тағарын.
Жер де бір жігіт лүпіл қағады жүрегі
Аспаннан мүлде айыра алмай жанарын.

Боялды айналам мейірімге мен де боялдым,
Зымырап қашып қоймайды енді қоян күн.
Кемпірқосақтай бейнеңнен көзімді алмадым,
Сұлулығыңа далам-ау қайтіп тоярмын.

Шалғынды кешіп, жусанды сүйіп жататын,
Жайлауым менің түңліктен таңы ататын.
Жазып бір келіп бейнеңді сенің ең сұлу,
Жаз деп бір тағы атыңды керім атадым.

Жұлдыз Бейсек.