Өз-өзіңе деген сенімділік

Өз-өзіңе деген сенімділік
жеке
блог

Өз-өзіне сенімділік – өз-өзіңді, қабілеттеріңді ұнату, мүмкіндіктеріңді түсіну және олардың кез-келген кедергілерді жеңуге, мақсатыңа жетуге жеткілікті екенін білу. Ал егер өзіңе сенімсіз болсаң осы мақаланы мұқият оқып шық.

Адам өз-өзіне не үшін сенімді болуы қажет?

Өз-өзіңе сенімді болмасаң, кез-келген жағдайда алғашқы қадам жасау, шешім қабылдау қиын болады. Себебі мынадай ойлар туындайды: мен мұны істей алмаймын, бұл тым қиын, мен лайықты емеспін.  Жетістікке жету талантқа ғана емес, өзіне деген сенімділікке байланысты. Ол неғұрлым көп болса адамның жетістікке жету мүмкіндігі соншалықты артады.

Өзіне деген сенімділік келесі артықшылықтарды береді:

-мақсатыңа нық қадам жасау және оған барынша ерте жету;

-өз бетіңше жұмыс жасап, ешкімге тәуелді болмау;

-өз пікіріңді қорғай алу;

-өзін-өзі бағалай білу;

-пайдасыз өтініштерден бас тарту, “жоқ” деп айту;

-ішкі абырой сезімін сезіну;

-өзгелердің қалауымен емес, өз қалауыңша өмір сүру.

Бұл артықшылықтар басқаларға адамның сенімді, көп нәрсеге қабілетті және әрекет етуден қорықпайтынын көрсетеді. Өзіне деген сенімділік адамның өз жетістіктері мен қабілеттерінің оң бағалауына негізделеді. Өзін-өзі бағалау адамның маңыздылығын түсінуге мүмкіндік береді.

Ал енді өзін-өзі бағалаудың түрлеріне келетін болсақ, ол 3 түрге бөлінеді:

-төмен бағалау: белсенділік өте төмен, қолыңнан біраз нәрсе келсе де, жасауға қорқасың, өзіңді басқалардан төмен санайсың;

-қалыпты бағалау: сен өзіңді құрметтейсің, мүмкіндіктеріңе сәйкес белсендісің, басқаларға барынша пайда әкелесің;

-артық бағалау: сенімділік менмендікке, тәкаппарлыққа айналады, басқаларға өз зияның тиіп кету мүмкін, өзгелерді менсінбейсің.

Өзіне деген сенімділік пен өзін-өзі бағалауға қоршаған орта айтарлықтай әсер етеді. Басқа адамдар, әсіресе жақындары мен достары қолдап, жігерлендірсе, өзіне деген сенімділігі жеткіліксіз адам мотивация алады. Бірақ, адамдар керісінше, оның қолынан ештеңе келмейтінін, ештеңеге қабілетсіз екенін үнемі қайталаса, өзіне сенімді адам да өзіне күмән келтіре бастайды. Ол күйзеліс пен депрессияға ұшырайды. Сондықтан қоршаған ортаның қолдауы өте маңызды.

Енді ең басты сұрақ: “Қалай өз-өзіңе сенімді болуға болады?”

Сенімділік бірден пайда болмайды, ал мына кеңестер кез-келген жағдайда сенімді болуға көмектеседі:

-күнделік арнап, оның ішіне жақсы нәрселерді жаз. Жетістіктеріңді жазып отыр. Егер сен өзіңді жақсы нәрселерге бағдарламаласаң, ол орындалады.

-ең алдымен өз-өзіңіді жек көруден, кінәлаудан аулақ бол. Барлық адамға ұнау мүмкін емес. Бастысы өзіңді жақсы көр. Күнделікті өмірде тек кемшіліктеріңе ғана емес, артықшылықтарыңа да мән беріп, өз-өзіңді жиі мақта.

-айналаңдағы саған теріс әсер ететін адамдармен қарым-қатынасыңды үз. Себебі саған расымен жақын адам саған тек жақсы жағынан әсер етеді. Сені қорлап, кемсітетін адамдар ешқандай пайда әкелмейді. Өз-өзіңді құрметтесең мұндай адамдардан аулақ болуға тырыс! Айналаңа позитивті ойлайтын адамдарды жина, негативтен арыл.

-өзіңді басқалармен салыстырма! Себебі әр адам жеке тұлға. Оның орнына өзіңді “кешегі” өзіңмен салыстыр және жан-жақты қабілетіңді дамыт.

-дұрыс тамақтанып, спортпен айналыс. Өзіңе деген сенімділік тән денсаулығынан басталады. Жеміс-жидек жеп, көп су ішіп, пайдасыз тағамдардан бас тарт.

-өзіңді бірінші орынға қой! Саған ұнамайтын заттардан бас тарт. Басқаларға өзіңді жай ғана қолданып кетуге жол берме.

-сырт келбетіңе мән бер. Әрдайым таза, әрі ұқыпты бол. Үтіктелген, таза киім, жағымды иіссу сенімділікке тікелей әсер етеді.

-біреу қатты айтты екен деп сағыңды сындыруға болмайды. Алдыңа мақсат қойдың ба? Соған жетуге ұмтыл! Өзінің қолынан ешнәрсе келмейтін адамдар сенің де қолыңнан ешнәрсе келмейтінін айтады. Бірақ сен оған емес, өз-өзіңе сен!

-көп кітап оқы, өз-өзіңді дамыт. Жан-жақты дамыған, ақылды адам әрдайым өзіне сенімді болады.

Осы кеңестерді қолдансаң көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізесің.

Табысқа жету үшін бірінші қадам жасаудан маңызды ештеңе жоқ. Тек өзіңе деген сенімділікті дамыта отырып, қорқынышты жеңіп, әрекет ету қабілетіне ие боласың. Сен өз ісіңнен көбірек ләззат ала бастайсың. Өзіңе деген сенімділіктің арқасында көптеген жаңа достар тауып, олармен уақытты тек жағымды ғана емес, нәтижелі әрі пайдалы өткізе аласың.

Бұл әлемде тым көп адам бар. Әркімнің ойына еріп жүре беруге болмайды. Қоғамда өз орныңды табу үшін өзгелерді емес, өзіңді тыңдап үйрену керек. Тек өз-өзіңе деген сенімділіктің арқасында топ жарып, жарқыраған жұлдыздай бола аласың! Мен саған сенемін!