Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл

«Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай»

Мағжан ЖҰМАБАЕВ

Қазақ тілі — қазақ халқының  басты рухани байлығы.  Әр халық үшін тіл маңызды құндылық. Біздің ата-бабамыздан қалған баға жетпес  мұра. Тілден құдіретті, бағалы  қасиет жоқ деп ойлаймын. Жарық дүниеге келген сәби бұл әлемді  қай тілмен таныса сол тіл ол адам үшін қымбат.Тіл тарих тағылымынан өтіп, тізбектелген заманның тікенегіне қадалған, ауыртпашылық пен қиындықта өз халқының мүддесі үшін қызмет қылған халық құралы.Тілдің ұлттарды теңестіретін құрал екендігін осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын ұғынған Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілінің абыройы жоғары халық – тілінің абыройы төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдай анық ақиқат. Тілінің жігін жоғалтпай, өз жігін жоғалту оңай емес”, — деп жазған екен. Алаш көсемі айтқан осы ой әлі де өз күшінде, тіпті қазіргі даму заманында көкейкестілігі артпаса, кемімей тұрғаны өзегіңді өртеп, ішіңді қайнатып, жаныңды қынжылтады. ХХ ғасыр басындағы зиялы ұлт тұлғалары өмір сүрген дәуірден, қазіргі күніміз кемел дәуір емес пе?! Сондықтан дүниенің мәдени бәйгесінен қалмау үшін біз ең алдымен тіліміздің бәсекеге қабілетті болуына қарқынды қарымтамен назар аударғанымыз жөн. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.Тіл тағдыры – ел тағдыры. Әрбір адам өз ана тілін білуге және мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті.

Тілімізді әлемді тану моделіне айналдырудың басты артықшылығы бүгінгі заманның талабына сай, қоғамның сұранысына ие, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашуында, интеллегенция дәрежесіне көтерілуінде деп білемін.Өзгелерді ұғыну өзіңді ұмыту емес. Еңселі ел болып қалыптасу жолында өз тіліміздің де абыройын асқақтатып, деңгейін көтеруіміз шарт деп санаймын. Өзге елдің тілін білуге деген құлшыныс ынтаны өз тілімізге де қолдана білсек, алып та алпауыт ғасыр бәйгесінде жүйрік аттай арындап, тіліміздің тізгінін қымтап ұстап, жалғастыра тізбектеуге мүмкіндік жасағандай болар едік. Тіл-тірлігіміздің айғағы, болашағымыздың бағдар шамы. Бүгінгі ұрпақтың ұлт тіліне деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымы, намысы мен жігері тілімізді төрге шығарарына кәміл сенімдімін. Өссе тілім, мен де бірге өсемін, көркейсе ұлтым, ғасырларға көшемін!…



Бөлісу: