Жұмаққа кіргің келсе...

«Жұмаққа кіру үшін» сау елінен жерініп, сау анасын дертті етіп, сау ақылдан айнып, сау денесін жарып жатқандарға өздері жиі сілтеме жасайтын хадистерге сүйене отырып бұл мақсаттарына жетудің әлдеқайда тиімді һәм бейбіт жолдарын ұсынғым келеді. Жәннатты аңсайды екенсің, жесірге үйленіп бағын аш, жетімді асырап жеткіз, қамқоршысыз қарияға көмек қыл, хоспистегі сырқатты күтіп көңілін аула, мүгедек баланың емін іздес, қаңғыбас хайуанды асыра, көк түтін шаһарға ағаш ек, оталған орманды қоры, ластанған бұлақтың көзін аш, парақордың артына шам алып түс, үкімет назарын сапасыз жолға һәм көпірсіз жарлы ауылға аудар. Қазақстанда осындай көпке пайдалы, нағыз сауапты іспен ондаған жылдар бойы айналысып келе жатқан белсенділер бар. Солардың қарасын көбейт, үнін зорайт. Батысты өркениет жолына түсірген де қоғамның ар-ожданына айналған сондай нағыз азаматтар. Ал төрт кластық біліміңмен арамза молданың қолындағы соқыр қаруға айналып, жетпіс жеті атаңа қатысы жоқ қайдағы бір дүмшелердің кегін қуып, жаттың қу мекиен даласында, құлазыған жұртында, я болмаса бейбіт жатқан іргелі елдің үлкен шаһарындағы бейқам бала-шағаның ортасында пырс етіп жарылғаныңнан — өзіңе қол жұмсап, өзгенің бейкүнә қанын төккеніңнен не сауап табатыныңды, не қайыр көреріңді жақсылап бір ақылға сал. Іс жүзінде кімнің мұсылман екенін бір ойла.

Ғалым БОҚАШ



Бөлісу: