Дара ақын - Мұқағали

Дара ақын - Мұқағали
жеке
блог

        Мұқағали атамыз қазақ поэзиясының ең көрнекті әрі өте қымбат ақыны. Оның шығармашылығын жақсы көрмейтін қазақ баласы жоқ шығар, сірә. Мектеп кезінде оның өлеңдерін сүйіп оқитынбыз. Сонымен қатар, мүшайралар мен неше түрлі жарыстарға қатысып, Мұқағали атамыздың өлеңдерін сүйсініп, жарыса жаттайтынбыз. Жылда болатын жарыстарды асыға күтуші едік. Осындай ақиық ақынымыз биылда 90 жылға келер еді. Оның өлеңдері оған жан беріп тұратындай. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Шығыстану факультетіндегі Қытайтану кафедрасының 3-курс студенттері 15-ақпан күні Мұқағали Мақатаевқа арналған кішігірім кеш атап өтті. Бұл кеште алдымен оның өмірбаяны туралы керемет ақпараттар жеткізілді. Осы арқылы оның тек ақын емес, сонымен қатар аудармашы болғаны туралы да қызықты ақпарат алдым. Кейіннен, студенттер ақынның керемет өлеңдерін оқып, мектеп кезімізге бір шолу жасап өткендей болды. Кеш өте қызықты өтті. Кураторымыз ақынның қазақ халқының алдында қандай керемет мәртебеге ие екені туралы өз сөзін айтып кешті аяқтады.

         Мектеп кезімізде ақынның «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасына көрініс қойған болатынбыз. Сол уақытта мен алғаш Мұқағали атамыздың осы поэмасымен таныстым. Поэма жүрегіме керемет із қалдырды. Сол көрініс қою – менің мектеп уақытымының алтын естелігі болып қалды. Сонымен қатар, «Шын ғашықпын» атты өлеңін сыныптағы оқушылардың бәрі жаттап алып, айтып жүретін. Ақиық ақынға көптеген арнау өлеңдер де жазылатын, олардың әрқайсысы бірінен-бірі асып түсетін. Теледидарда да Мұқағали атамыз туралы деректі фильмдер болып жатса, әрдайым қызығып көретінмін. Ақын атамыздың әр өлеңі бір-біріне ұқсамайтын, дара қасиетке ие. Сол себепті, әлі де Мұқағали атамыздың өлеңдерін оқымай, қызықпай жүрген адамдар болса, міндетті түрде бұны бастауға кеңес беремін. Сіз өзіңізге керек дүниені табатыныңызға сенімдімін.

 

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Шығыстану факультеті, Қытайтану кафедрасы, Шетел филологиясы: қытай тілі мамандығының 3-курс студенті: Мұқашева Арайлым

Жетекші: Шарыпқазы Н.