Біз кімбіз?

Ағымдағы заманнан тарлан тарих туралы сұраса, біз не дейміз? Бірі: "Қазақ, шіркін, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, рухы құламаған ұлы халық болған ғой!" десе, енді бірі: "Біз мал болдық, жоңғардың қолына бағынсақ, орыстың аяғына жығылдық" дейді.
Әрбір адам мынадай бір сұрақтарды өзіне қоя білуі керек: Біздер кім едік? Біздер кімбіз? Біздер қандай болмақпыз?
Байқасаңыз, бұл сұрақтар үш бірдей уақыт заманын қамтиды. Кешегі тарих, бүгінгі күн, ертеңгі болашақ.
Өз басым, ата-бабалары жөнінде ұнамсыз нәрселерді айтудан ұялмайтын шешенсымақтарға өкпем қара қазандай. Керісінше, өткен тарихымызды аяққа таптатпай, қиянат жасамай, өскелең ұрпаққа насихаттай білуіміз қажет. Өз заманының халқына адал, еліне пайдалы да, өнегелі адамын мақтай білу керек деген пайымға келгім келіп отыр. Дегенмен, айтпақ ойым болашақ ұрпақтан біздер кімбіз деп сұрайтын болса, олардың бойында мақтаныш сезімі сезілетіндей етіп жауап бере алуы керек. Әр заманның өз жақсысы бар, бірақ уақыт өте келе, біз де жақсырақ болуымыз қажет. Бүгінгі күн-ертеңге тарих. Міне, халық құндылығы да осында.



Бөлісу: