Бұқар жыраудың жырларындағы діни көзқарастар

 Бұқар жырау Қалқаманұлы – қазақ халқының аты шулы жырауы. Көптеген деректерде ол Абылай ханның кеңесшісі болған делінеді. Көмейі бүлкілдеп, өлеңдете сөйлейтіндіктен, көрегенділікпен болашақты дәл болжап, толғауы арқылы өнегелі ойларын халыққа өлеңімен жеткізген оны айналасындағылар «көмекей әулие» деп атаған деген де деректер бар. Жоңғар шапқыншылықтары жиі болған уақытта өмір сүргендіктен, оның көп жырлары ерлік, батырлық тақырыбында және Абылай ханның кеңесшісі қызметін атқарғандықтан, көптеген толғауларыАбылай ханға арналады. Дегенмен, ол «қызым саған айтамын, келінім, сен тыңда» дегендей, Абылай ханға арнау арқылы өзінің ой-толғамдарын халыққа айтады. Мысалы, оның көпшілікке танымал «Қилы заман» толғауында:

«Күнбатыстан бір дұшпан,

Ақырында шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Діндарының аты боп,

Күншығысқа қарайды.

Шашын алмай, тарайды,

Құдайды білмес, діні жоқ.

Жамандықта міні жоқ,

Затсыз, тексіз бір кәпір,

Аузы-басы  жүн кәпір,

Жемқорларға жем беріп,

Азды көпке теңгеріп,

Ел қамын айтқан жақсыны,

Сөйлетпей ұрар ұртына» - деп өзінің болашаққа болжамын халыққа айтқан еді. Жырау сол замандағы алда болатын отаршылдық кезеңді осылай дәл болжап, жырмен жеткізе білген әулиелігімен ерекшеленеді. Толғауларында философиялық ойлар мен діни көзқарастары айқын көрінетін жыраудың қай жырында да асқан парасаттылықпен көмкерілген, ақылмен ойылып, әдемі ұйқаспен өрілген астарлы мән-мағына жатыр. Ахмет Яссауидің ұлы мұрасын оқу арқылы асыл дініміздің ақиқатын терең түсінген ол өз өлеңдеріне арқау етті. Түркістан аумағындағы Қарнақ медресесінде ағартушылық бағытта қызмет еткендіктен де болар, діни тәлім-тәрбиені жырмен жеткізіп, Алла Тағаланың жалғыз Жаратушы екенін, дініміздің қадір-қасиетін жас ұрпақ санасына қондыру мақсатын көздеген.

«Күллі әлемді таратқан,

Ең алдымен, Алланы айт.

Бойыңа жан таратқан,

Аты жақсы Тәңіріні айт.

Төрт Шадияр Мұстафа,

Кітап ашқан ғалымды айт,

Мұхамбеттің аяты,

Алла сөзі – Құранды айт» - деп басталатын өлеңінде имандылық қасиеттер мен ізгілікті, ата-анаға деген құрмет, әділдік пен адалдықты жырлаған. Өнегелі ғұмырындасалиқалы сөздері мен оралымды ойларын жыр-толғаулары арқылы жеткізген Бұқар жыраудың есімі төл әдебиетіміздің тарихында алтын әріппен жазылып қалды.

Исламтану мамандығы 4 курс - Исабекова Диана
Жетекші - Аманқұл Темур 



Бөлісу: