Алтын дән ауылдық округінде жаңа спорт алаңы пайда болды

Алтын дән ауылдық округінде жаңа спорт алаңы пайда болды
жеке
блог

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Алтын дән ауылдық округінде жаңа "Скиф" спорт алаңы пайда болды. Тұрғындар мұнда футболдан, волейболдан, шахмат, шашки және тоғыз құмалақтан жарыстар өткізіп жүр. 

"Молодежь за ЗОЖ" қоғамдық бірлестігі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің гранттық қолдауының арқасында СҚО-ның Мағжан Жұмабаев ауданындағы Советское ауылында "Скиф" атты спорт және ойын алаңын ашты. 

Жобаның үйлестірушісі Елена Огаркованың айтуынша, спорт алаңының құрылысы жергілікті тұрғындарды жұмылдырып қана қоймай, тұрғындар арасында волонтерлік қызмет ұйымдастыруға сеп болды. 

"Жобаның арқасында біз еріктілер ұяшығын құра алдық. Алтын дән ауылдық округінің 15 тұрғыны спорт және ойын алаңын салуда барлық жұмыстарға етене араласты. Еріктілер Советское ауылындағы қараусыз қалған футбол алаңының аумағын тазартуға көмектесті, онда балаларға арналған әткеншектер, әртүрлі жаттығуларға арналған белтемірлер (турник) орнатылды. Азаматтардың қолдауының арқасында тұрғындар үшін қауіпсіз алаң пайда болды. Бүгінде біздің волонтерлер тіпті жергілікті қауымдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысуға бел буып отыр", - дейді Елена Огаркова.

Мемлекеттен берілген грант қаражатына қоғам белсенділері футбол, волейбол, баскетбол, шахмат және тоғызқұмалақ ойындарына қажетті заттарды алған. Жергілікті тұрғындар осы спорт түрлерінен түрлі жарыстар ұйымдастырып жүр. Барлық шара алдын ала құрастырылған кесте бойынша тегін өтеді. 

"Біз Советское, Придорожное және Сілекті ауылдарының тұрғындары бұрыннан армандаған ойларын жүзеге асырғанымызға қуаныштымыз. Дәл осы елді-мекендерде жұмысқа жарамды ересектер мен NEET санатындағы жастар үшін айналысатын ештеңе болмаған. Ұйымдастырушылар жоба аясында ересектерге басты назар аударуға ұмтылды. Осы топтарды әлеуметтендіру мақсатында көшбасшылық қасиет қалыптастыру үшін біз тренингтер және шаралар, сондай-ақ турнирлер мен отбасылық сайыстар өткіземіз. Барлық шараға тұрғындар кесте бойынша қатысады, ол арнайы ашылған Тelegram-каналында жарияланып отырады. Кестеден бөлек, онда әдістемелер, ойындардың шарттары және пайдалы кеңестер жарияланып отырады", - дейді жобаның үйлестірушісі. 

Сондай-ақ, оның айтуынша, бос уақытты өткізудің жаңа алаңын ашу нәтижесінде Алтын дән ауылдық округінің екі тұрғыны жұмыспен қамтылған. Қоғам белсенділері "Скиф" спорт алаңын салу жобасы жастардың рухани, адамгершілік және дене тәрбиесін арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді. Айта кетейік, бұл жоба осы жылдың қазан айында аяқталады.