Оқу әлеміндегі оқырман балалар

Оқу әлеміндегі оқырман балалар
жеке
блог

Кітап – адамның рухани байлығын арттыратын асыл қазыналардың бірі. Білім мен мәдениеттің шыңына жетелейтін тәрбие құралы. Ұлт жазушысы Мұхтар Әуезов «Әрбір адамның ең жақын досы кітап болуы тиіс» деп өскелең ұрпақты өнегелі тәрбиеге шақырған. Ал, қоғамның болашағы – жастардың қолында екені баршамызға аян. Жастарымыз Әуезов айтқандай кітаппен қаншалықты дос немесе қолынан кітабын тастамай жата-жастана оқи ма деген сауал қазіргі қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселе. Сынаптай сырғыған, секунд сайын жылжыған жылдам ақпарат заманы бәрімізді смартфондар мен әлеуметтік желіге тәуелді етті. Алтын уақытымыздың мағыналы сәттері ғаламтордың еншісінде кетті. Дана Абай: «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп, тұлғаны дамытудың қайнар көзі кітап деп таныған.

Осы орайда Алматы қаласы Әуезов ауданы №104 жалпы білім беретін мектеп «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша білім алушылардың оқу мәртебесін, оқу сауаттылығын, сонымен қатар, рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру мақсатында танымдық іс-шаралар өткізді. Атап айтар болсақ, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Мен оқыған бір кітап»атты сыныптан тыс кітап оқу шарасы өткізілді, оқушылар  демалыс уақытында кітап дүкеніне саяхат жасап, бейнероликтер түсірді. Өздерінің жасаған шығармашылық жұмыстарын әлеуметтік желілерге жариялап, өзара бәсекеге түсті. Бір қызығы, сол оқыған кітаптарын әр білім алушы қызықтыра әрі қызыға талдап, жарыса оқығандары ұстаздарды ерекше тәнті етті. Кейіпкерлердің кемел істерінен балалар ерекше шабыт алып, оқыған шығармаларынан суреттер салды.

Сонымен қатар, «Оқу әлеміндегі оқырман бала» атты Абайдың қара сөздерін жатқа оқудан жарыс өтті. Жас оқырмандарымыз ақынның жалынды сөздерінің астарын түсіну арқылы, өздерінің бойындағы жақсы немесе жағымсыз қылықтарды байқады. Ғибратты сөздері арқылы адамгершілік пен ізгі қасиеттер туралы ойларын ортаға салды. «Әр өлеңі – бір әлем» деген атаумен М. Мақатаев өлеңдерінен мәнерлеп оқу сайысы өтті. Қара өлеңнің мұзбалағы саналатын ақынның шығармалын балалар ерекше ықыласпен оқыды. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, оқырманның көңілін бірден баурап алатын ақын өлеңдері жастарымыздың көзінен жалын ұшқынын тұтатқандай әсер қалдырды.

Жалпы, жас буынның жан-жақты ойлауын, ой ұшқынын терең толғауына ықпал ету мақсатында «Марк Твен және қазақ әдебиеті тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шәкірттеріміз әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінің рухани байланысын талдау тұрғысында ерекше белсенділік танытты. Оған дәлел Р. Роллан «Жан Кристоф» интеллектуалдық ойыны. Ойдың арпалысы мен сананың сергектігін дамытар іс-шара ізденімпаз дарындардың сөйлеу шеберлігі мен ойлау тапқырлығына ерекше әсер етті. Шаршы топтың алдында тосыннан жауап тауып, ойдың жүйріктігін көрсете білуге үйрету –біздің ұстаздардың басты мақсаты.  

№104 ЖББМ Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары
Назаров Бейбіт Нұрлыханұлы
Хайдарова Ақнұр Жолдасқызы