Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. КЛАСТАСЫМА ҒАШЫҚПЫН!

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. КЛАСТАСЫМА ҒАШЫҚПЫН!
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. КЛАСТАСЫМА ҒАШЫҚПЫН!

(«Шаншар» театры орындаған «Үбән» атты  сатирамның жаңа нұсқасы.)

    Аудан әкімі болып қызметке жаңа тағайындалған күндерімнің бірінде хатшы қыз:

–Шіренбек Талтайғанович, сізге бір кемпір келіп тұр. –деді.

–Қандай кемпір? Нормалні киінген бе? Әлде, мәсі–кебіспен  келіп тұр ма?

–Кеңкелестеу кемпір сияқты. Сағыз шайнап тұр.

–«Уақыты жоқ екен» де!

–Кластасымын, құттықтауға келіп едім дейді.

–Менің кластастарым елу тоғызда ғой? Ол неғылған, «срочно» қартайып кеткен кемпір?  «Әкім облысқа жиналысқа кетіп қалды» дей сал.

  Хатшы қыз шығып кеткен, бір кезде айқай–шу шығып, артынша хатшы қыздың қолынан тартқанына қарамай, орамал тартқан, камзолы жыртылған, кең етек көйлек киген бір кемпір кіріп келді.

–Ай, Шіренбек, халықты қабылдамайтын қандай әкімсің? Мен сенің кластасың, алғашқы махаббатыңмын ғой? Немене, танымай қалдың ба? «Әкім бол, халқыңа жақын бол» –деген. О несі ей, уақытым жоқ деп? Әкім болғаның құтты болсын! Ой, жынды бас десе!

   Мен көзімді қысып едім, хатщы қыз шығып кетті.

–Ия апа, жайша келдіңіз бе?

–Апа деме!

–Енді не дейін?

–Қарындас де.

–Какой қарындас? Жасыңыз нешеде?

–Алпыс алтыда.

–Қалай менің кластасым боласыз? Мен елу тоғыздамын.

–Жеті жыл  бір класта қалып кеттім  ғой, сөйтіп сендермен қатар оқыдым. Ой, жанеем, әлі өзгермепсің, красавчигім! Көйлегіңді шешші?

–Ойбай не деп тұрсыз? Әкімге кабинетінде шешінуге болмайды!

–Арқаңда қалың бар еді. Соны көрейін деп едім.

–Апа, жарайды, неге келдіңіз? Жер жоқ, баспана жоқ, орынбасарым етіп алайын десем, жасыңыз келіп қалған. Не керек?

–Маған сен керексің. Есіңде ме, мектептен шыққан соң, қол ұстасып, тоғайда қыдырғанымыз? Бір сиырдың қасында кездестік. Сонда мен алғаш рет. Імм, сенімен алғаш рет сүйістім ғой! Болашақ әкімнің ернінен! Мектепте жүрген бір «тормыз», есекбас  едің, қалай әкім болып кеттің өзі?

–Атыңыз кім, апа?

–Апа демеші! Қарындас де. Сен... Сен бүлдіріп кеткен соң, тұрмысқа да шыға алмай қалдым. Менің атым Қызтумас. Келші, қатар тұрып селфи жасап жіберейін,  көршілер сенбейді әйтпесе! –деген ол камзолының қалтасынан ұялы телефонын алып, селфи жасағысы келіп, қатарыма тұра қалды. Тұра қаштым. Ол қуалап жүріп, ұстап алып, белімнен құшақтап, қақиып тұра қалады. Суретке түскісі келіп. Оның кеудесінен итеріп жібердім.

–Мен әкіммін ғой, әкіммін! Кім көрінгенмен суретке түсе бермейді әкім деген!

–Ойбаай, кластасыма ғашықпын деп келсем. Әкіммін дейді ғой! Әдірем қал әкімдіктен! Құдай бар болса, екі аяғың аспаннан келіп, сотталып кет! –деген ол ашуланып тұрды да, кенет жымып:

–Шіренбек, бір нәрсе айтайын ба? –деп сұрады.

–Ия, бол тез, уақытым жоқ. Облыста жиналыс.

–Сенен бір бала туып алғанмын ғой...  Соны жұмысқа орналастырып берші? Өз қаның ғой жаным...

–А? Не дейді? Әкімге жала жауып тұр! Провинция! Ой, провакация! Ахырана!  Ахырана! –деп айқайлап едім, күзетші келіп, кемпірдің қолын қайырып, кабинетімнен алып кетті. Сонда да ол: –«Мен саған ғашықпын! Махаббат жасқа қарамайды!» –деп айқайлап барады.

–Вот дает! Түрі не принитый өзі. Ғашықпын дейді. Давноо болған оқиғаны айтып, нострениені носкиге түсіріп... Мен әкіммін ғой, әкіммін! Жиналысқа кеттім! Облысқа!

2021 жыл. 12 қараша.

(Авторлқ құқы қорғалған.)