Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. КЕЛІНГЕ ТҰСАУ КЕРЕК

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. КЕЛІНГЕ ТҰСАУ КЕРЕК
жеке
блог

«Баланы жастан, қатынды бастан!» –деп айтқан ата–бабаларымыздың бәріне филосрфия ғылымдарының докторы деген атақ беру керек қой. Інім келді ілмиіп. Мына жаңа заң бойынша, әйеліңді ұрсаң, қырық күнге қамаласың, қит етсе, полицияға хабарлайды екен. Бұл жолы екі баласын жетектеп, ауылдағы шешесіне кетіп қалыпты. Інім момын еді, «Ақынсың ғой, тілің майда...» –деген соң ,салып ұрып, құдағидың ауылына барайын. Жайылып жатқан сиырдың жапасынан тайып құлай жаздап, аулаға кірсем, құдағи пісте шағып отыр екен. «Құдағи, аман есенсіз бе? –деп ыржалақтап барып едім: – «Немене, өліп қалды деп ойладың ба?» –дейді. Жақтырмады. «Сөзімде бар астар, бақытты болсын жастар!» –дедім. «Құрып кетші әрі!» –деп бұрқ ете қалды. «Семішкеден жағыңыз талмасын, балалар жетім қалмасын!» –деп өлеңдеттім. «Өй, албасты, құрып кетші әрі!» –деді тағы да. Келінім есік алдын сыпыруға шықты. Сәлем салған жоқ. Ашуланып, шаңды бұрқыратып сыпырып жатыр. Бір кезде, насыбайын атып құда шықты. Жағдайды айтып едім, құда жақсы адам екен, «Қоқым–соқым тұз жаман, қайтып келген қыз жаман, бар, қызым, қайнағаңмен құры!» –деді.

Келінді алып қайттым. Тағы бір күні інім телефон шалды. Келін полиция шақырыпты. Қорлық–зорлық бабы бойынша қаматпақ екен. Келсем, інім қақиып қалыпты. Жұдырығын түйіп, оң қолын жоғары көтерген бойда. Сөйтсем, тілі сумаңдаған келінді ұрмақ болып, жоқ, ұрайын деп қалып, сол күйі қыбыр етпей қалған ғой. Полицияға дәлел болсын деп. Полицияға келін: –Кешіріңіз, жәй й, қорқытып алайын деп едім.. –дейді. «Апалақ, тапалақ, саған керек, шапалақ!» –дедім. Сол екен, өзімді біраз жерге трактормен сүйрегендей сұйреңдеп кетті. Арада апта өтпей жатып, інім тағы келіп тұр. Келін кетіп қалыпты. Бұл жолы шешемді ертіп алдым. Таксилетіп келсек, құдағи пісте шағып отыр екен. Алдында бір қапшық пісте. Пістеден өлгендей. «Малдық –шалдық, тағы да келіп қалдық!» –дедім мен. Әйтеуір ұйқасса болды ғой. Анам «Құдағи, көзіңіздей көріңіз!» –деп басына қымбат орамал жауып еді, құдағи қатып қалған нан сияқты жібіп сала берді. Екеумізге пісте шаққызды. Құда «Бәрі сенің кесірің, қызыңа телефон шалып, бүлдіресің де жүресің!» –деп әйелін ұрып құлатты. Келінді күлімдеп, алып қайттық. Ертеңіне келінім тағы полиция шақырыпты. Бұл жолы інім оны емес, суретін ұрған екен. Апта өткенде, тағы кетіп қалды. Бұл жолы әйелімді ертіп алдым. Үйіне келсек, аулада бір қапшық пісте тұр, құдағи жоқ. Сөйтсек, құда ұрған соң, құдағи төркініне кетіп қалыпты. «Айта–айта, Алтайды, Жамал апам қартайды..» –дедім мен күрсініп. «Кешікпей келем деп ең, қайным жүр, елеңдеумен!» –деді әйелім әндетіп. Келінді алып қайттық. Содан ініме айттым: –«Айналайын, келінді тұсап қойшы!». Бір күні тағы шақырды. Барсам, келін полиция шақырыпты. Інімнің қолында бие тұсайтын тұсау. «Ай, мұның не?» –деп сұрамаймын ба? «Өзің ғой, тұсап қой деген.. Ұйықтап жатқанда тұсап қойып ем, адам бостандығына қауіп төндірді деп арызданды ғой» –дейді. Туу, інім «Тормыз ғой, тормыз", тууу!