Қазақша дубляж: Ерсұлтан Рымтаймен сұқбат

Еліміздің киноиндустриясы мен қазақ тілімізді жаңа дәрежеде қоғамда және жастар арасында насихаттауда іске асып жатқан ең ірі саланың бірі – дубляж. Қазіргі таңда осы бағытты кеңінен жандандырып жүрген Қазақстанның әр түкпіріннен жиналған ерікті жастардың «Dopamine Voice» әуесқой дыбыстама тобы қазақ тілінің популизациясының үлкен сұранысына ие. Дыбыстауда қабілеттері жалындаған жастарды бір ортаға  жиған жобаның дубляж және закадр актері, диктор Ерсұлтан Рымтаймен атаулы тақырып жайында сұхбаттасудың сәті түсіпті.

-          Сәлеметсіз бе?! Алдымен өзіңіз жайлы оқырмандарға кеңінен таныстырып өтсеңіз.

-         Сәлеметсіз бе?! Менің есімім Ерсұлтан,  20 жастамын. Мен дубляж актерімін. Қазіргі таңда телеарналарда, онлайн кинотеатрларда қазақ тілінде фильмдерді, мультфильмдерді дыбыстаймын. Мамандығым бойынша театр әрі кино актерімін.

-         Дубляж саласына келуде алғашқы қадамыңыз қандай болды?

-         Мен дубляж саласына кастиң арқылы келдім. Егер білетін болсаңыз «Dopamine Voice» деген қазіргі кездегі ерікті жастардың студиясы бар. Сол жерде қазақ тіліне көптеген шетелдік үзінділерді, толықметражды фильмдерді, мультфильмдерді, анимелерді дыбыстадық. Кейін ресми түрдегі «Қазақфильм» сияқты үлкен студияларға кастиңтерден өттім. Бұның барлығына қызығушылық бала күнімнен басталған. Орысша фильмдерді көрген кезде «Неге қазақша дыбыстамасы жоқ?» деген сұрақтар туындайтын. Дәл осындай сұрақтарға жауап іздей келе, мен дубляж саласына аяқ бастым.

-         Ең алғашқы дубляждағы қиындықтар мен қателіктер жайлы бөліссеңіз.

-         Қателіктер өте көп болды. Олардың ішінде оригиналға пародия жасап кету, яғни дәл сол дауыспен, интонациямен дыбыстау. Анимені дыбыстауды бастағанда жапон тілінің интонациясының қазақшаға сәйкес келмеуі кедергі болды, себебі, қазақ тілінде екпін сөздің соңына түседі. Сондықтан ең бірінші біз қазақ тілді аудитория үшін қызмет еткендіктен күнделікті ауызекі тілде қалай сөйлейміз, солай жеткізуіміз керек. Кейіпкердің дауысын емес, оның ішкі характерін алып шығуымыз маңызды. Соның бәрін білмеген кезіміз де болды.

-         Өзіңіз дыбыстаған ең алғашқы кинотуынды/аниме кейіпкері туралы айта кетсеңіз. Оның қазіргі Ерсұлтан Рымтаймен қандай ұқсастықтары бар?

-         Алғашында біз үзінділерден бастадық. Ол жерде кейіпкерлер өте көп. Егер толық бір туындыны алатын болсақ, онда «Титандар шабуылы» анимесіндегі Конниді атап өтуге болады. Бейнесі өте қызық кейіпкерге өз даусымды бердім. Ол персонаждың энергиясы тасыған, көңілді, аңғалдау, әрбір нәрсеге әзілмен жауап беріп, ешқашан достарын сатып кетпейтін жан. Бұл кейіпкермен ұқсастығым, әрине энергия жағынан десем болады. Маған дәл осы дыбыстау процесі өте қатты ұнады.

-         Сіздің ойыңызша сөйлеу мәнері, дыбыстау таланты ол адамның табиғатынан жаратылған талант па, әлде ол да белгілі бір уақыт өткеннен кейінгі дамыған өнер ме?

-         Әрине, талант. Ол кейіпкердің күйін кешу, түсіну, білу үшін актердің ішкі сезімі болу керек, бірақ жалғыз таланттың өзі жеткіліксіз. Оны жүзеге асыру үшін сізге артикуляция, дикция сияқты қабілеттерді жаттықтыру маңызды. Адамның сол кейіпкердің бейнесіне еніп кетуі болмаса, жалғыз дикция оны жүзеге асыра алмайды. Бүгінгі күнде көптеген мықты деп танылған актерлердің микрофонның алдында еркін сөйлей алмайтын жағдайлары да жеткілікті. Өз даусымды қазір жаттықтырмаймын, тек дыбыс жазу барысында артикуляция жаттығуларын жасаймын.

-         Осы уақытқа дейін де, қазіргі кезде де кино сүйер қауымның қазақша дыбысталған туындыларды бағалауда ойлары екі тарапқа бөлінеді. Өзіңіз қазақша дубляждалған фильмдерді қаншалықты жиі қарайсыз және де кемшіліктері көп туындылар кездесті ме?

-         Иә, бұрыннан бері қазақша дыбысталып келе жатқан фильмдерге көрермендердің көзқарасы екі түрлі, бірақ менің осы салада жүргеннен кейін оның түпкі кедергісі не екендігін, неліктен көрермендер қалауындай режиссерлер жасай алмайтындығын білетін болғандықтан, мен оларды сынай алмаймын. Егер кинотеатрларда фильмдердің қазақша дыбыстамасы болса, міндетті түрде қараймын, десе де қазірдің өзінде кинотеатрларда олар аз. Соңғы кезде мүлдем табылмай кетті. Оның себептері: цензураның қаттылығы, қаржы мәселесі, қазақ тілінде дубляж жасайтын мектептің болмауы және де тағы да басқа себептер өте көп.

-         Дубляж актерлері үшін арнайы гонорар беріледі ме? Киноны дыбыстау үшін қаражат әдетте қайдан алынады?

-         Ресми түрде кинотеатрлар үшін дубляж жасау керек болса, онда ол қаражат мемлекеттен бөлінеді және де сол фильмді шығаруға ат салысқан тұлғаларға беріледі. Егер ерікті түрде «Dopamine Voice»-ті айтатын болсақ, көрермендерден донат арқылы ақша жинаймыз. Жеке өзіміз телеарналарға, онлайн кинотеатрларға басқа студиялардан дыбыстап, еңбекақы аламыз.

-         Шетелдік фильмдерді тамашаласақ қандай да бір қазақ стереотипіне, менталитетіне сай емес сахналарды көруге болады. Оның ішінде көптеген бейпіл сөздер де бар. Сондай бір сахналарды дыбыстағанда көрермен тарапынан қарсы пікірлер мен көзқарастар қаншалықты жиі кездеседі? Ол дубляжды дамытуда қаншалықты қиындық туғызады?

-         Иә, ондай сахналар өте көп және егде жастағы адамдар ол дүниелерге қарсы болады. Егер телеарналарда көрсетілсе, онда арнайы күшейтілген цензурадан өтеді. Бұл жағдай Ресейде де дәл осындай, бірақ Қазақстанға қарағанда әлдеқайда шектеулер аз. Өзіміздің жеке жасап жатқан фильмдерімізді алатын болсақ, бізде қазақ тілінде көретіндер көбінесе жастар, ал оларға цензураның аз болғандығы ұнайды. Дубляждың дамымай жатқандығы, оның ішінде жастарға ұнамауы әдеби сөздердің көп болуы, шынайы өмірдегідей сөйлемеуі, цензураның шектеулері болып табылады. Сол себепті барынша фильмдерді түпнұсқасынан айырмау қажет. Біз ерікті жастардан құралған «Dopamine Voice» тобы қазақша дубляждалған фильмдерге ешқандай цензура қоймаймыз.

-         Дыбыстаудан басқа тағы қандай хоббилеріңіз бар?

-         Басқа айналысатын хобби жоқ десем де болады, себебі, дубляжға кәсіп ретінде ғана емес, сүйікті іс ретінде де қараймын. Ұнайтын ісім, ұнайтын жұмысым.

-         Соңғы сұраққа да кезек келді. Сіздің ең сүйікті фильміңіз қандай?

-         Сүйікті фильмдерім өте көп. Нақты біреуін айта алмас едім. Есіме бірден түскені Джеки Чан түскен фильмдер. Қазір Гай Ричи мен Кристофер Ноланның фильмдері ұнайды.

-         Сұхбат беруге келіскеніңізге үлкен рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілеймін! Қазақстанның мәдениетін, өнерін өркендетуде, оның ішінде қазақ тілін дамытуда атқарған ісіңіз алға бассын. Өз ісіңіздің шебері екеніңізді дәлелдей беріңіз!

-         Рақмет сізге де! Жақсы сұхбат болды. Шығармашылық табыс тілеймін.



Бөлісу: