ҚазҰУ-да халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті

ҚазҰУ-да халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті
жеке
блог

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай 25 қараша күні Әл-Фараби кітапханасында «В. ТОМСЕН ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ТҮРКІТАНУ ҒЫЛЫМЫ» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференция басталмас бұрын Мархабат Томановтың «Ғибратты ғұмыр» сериясымен шығарылған кітабының тұсаукесері жасалды. (Томанов М. Ғибратты ғұмыр/ ред.басқ. Ж.Қ. Түймебаев. Жауапты редактор: А.Б. Салықынбай.  – Алматы: Қазақ универстеті, 2023. Ш.20. – 612 б.)

"ULU BUDUN" түркі елдерінің тарихын, мәдениетін зерттеу қоғамдық бірлестігімен бірігіп өткізілген іс-шара болығандықтан, кіріспе сөзді бірлектік жетекшісі Курмангалиева Меруерт Санатовнаға берілді. Одан соң кезекпен шет елден қатысушы ғалымдарға сөз берілді. Тарих, философия және саясаттану ғылымдарының докторы, Шыршық мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, Өзбекстан, Ташкент қаласынан келіп отырған Назаров Насриддин Атакуловичтың «Орхун ескерткіштері және түркі ойы: қатынас диалектикасы» атты баяндамасынан басталды. Одан соң Қырғыз елінен қатысушы Ж.Баласагын атындагы Кыргыз мамлекеттик университети, филология илимдеринин доктору, профессордун міндетін атқарушы Акынбекова Айман Усенбаевнаның «Молдо нияз акындын кол жазмаларындагы чагатай жазмасы» атты өзекті баянджамасы тыңдалды. Сонымен қатар, Ресей, Қарақалпақстан, Түркия, Венгрия елдерінен бірнеше ғалымдар баяндама жасады. Төмендегі бөлімдер бойынша жас ғалымдардың баяндамалары тыңдалып, талданды.

  • В.Томсен мұрасы және түркілік парадигма
  • Көне түркі тілі және қазіргі түркі тілдері: бір буынды түбірлердің семантизациясы
  • Орхон-енисей ескерткіштері: зерттелуі мен жаңа ғылыми көзқарастар
  • Қазіргі түркітану ғылымы

Түркі тілдерінің тамыры бір, өзегі ортақ десек те жаңа ғасырда бір-бірімізді түсіне қою қиындап бара жатыр. Әрине бұның бәрі Кеңес үкіметі тұсындағы саясат салқыны, әліпбидегі ала құлалық екені рас. Кейінгі кезде ортақ әліпби жасасақ деген де ұсыныс, әрекеттер болды. Дегенмен түркі тілдерінің өзіндік айырмашылықтары бұған көне бермейді.

Біз жалпы алып бәйтеректің әртүрлі жапырақтарымыз. Бірнеше түркі тілін терең игерген мамандар да тапшы. Сондықтан филолог жастарды дайындау үшін түркі тілдес елдердің арасында жоғары оқу орындары студенттерін алмастыру, білім жетілдіру істерін жандандыру қажет-ақ. Профессор Ш.Ыбыраев «дүниежүзілік және ұлтаралық дәстүрі әлдеқашан қалыптасқан түркология ғылымының қазіргі заманғы тізгігіне ұмтылу – егемен түркі мемлекеттерінің абыройлы міндеті», - дейді.    Шынында да түркітану ғылымының басында тұрған алаш ардақтыларының қасиетті де маңызы зор әдеби, тарихи, тілдік зерттеулерін танып, түстеп, біліп қана қоймай, жаңа ғасырда заман талаптарына сай жалғастыру, тереңірек зерделеу егемен ұрпақтың міндеті деп білемін!

Игиликова Сымбат Игиликқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі
кафедрасының ғылым және харықаралық байланыс жөніндегі орынбасары