Жер сілкінісі кезінде қауіпсіздік шараларын сақтайсыз ба?

Жер сілкінісі жер асты дүмпулері мен жердің беткі қыртысының тербелуінен болып тұрады. Жер сілкінісін зерттейтін ғылым саласы сейсмология деп аталады.  

Алматы қаласында биыл бір жарым айдың ішінде екі рет қатты сезілген жерасты дүмпуі орын алғаны белгілі.

Бірінші жер сілкінісі 23 қаңтар күні сағат 00:09 шамасында болған еді. Осы кезде Алматы қаласында шамамен 4 баллдық жер сілкінісі орын алды. Қала тұрғындары мен қонақтары мұндай жер сілкінісінен кейін біраз абдырап қалды. Көп қабатты үйлердегі адамдар далаға шығып, барынша сақтық шараларын жасады. Бұқаралық ақпарат құралдары, яғни газет, журнал, радио, теледидар журналистері халықты барынша сабырлыққа шақырды. Ал екінші жер сілкінісі 4 наурыз күні сағат 11:22 де болды. Бұл жолғы толқын бірінші жер сілкінісіне қарағанда біршама күштірек болып, соның салдарынан кейбір мекемелердің, үйлердің іші-сырты бүлінген жағдайлар кездесті, адамдар афтершок сезініп жатты.  

 Көптеген оқу орындарында, мекемелерде, соның ішінде мен оқитын мектепте де жер сілкінісінде қандай сақтық шаралары қолданылу керектігі жайлы жаттығулар өтті. Жер дүмпуі кезінде ең алдымен сабырлылық сақтау, егер ғимараттың ішінде, үйде болған жағдайда бөлмедегі жиhаздардан, терезелерден алыс тұру, ішкі қабырғалардың бұрыштарынан орын алу, көп қабатты үйлерде тұрса онда жер сілкінісі аяқталғаннан кейін ғана сыртқа шығу, сыртқа шығар кезде электр қуатын, газды, суды өшіру, төтенше жағдайларға байланысты алдын-ала даярланған сөмкелерін алу, ал егер сыртта болса ашық алаңға қарай бару, биік ғимараттардан, электр беруші желілерден алыс тұру және т.б. сақтық шаралары түсіндірілді әрі жаттығу түрінде көрсетілді. Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету қажеттігі, сондай-ақ жер дүмпуі кезінде лифтіні (аспалы саты), баспалдақты қолданудың адам өміріне қауіпті екендігі айтылды.

Жалпы алғанда, төтенше жағдай кезінде сақтық шараларын қолдану адам өмірі үшін аса маңызды саналады. 

Қыдырбекова Бибінұр Серікқызы,  
№182 жалпы білім беретін мектептің 11 сынып оқушысы



Бөлісу: