ИНКЛЮЗИВТІЛІК – ЖАҺАНДЫҚ ҮДЕРІС

Әлемде физикалық және психикалық дамуы жағынан әртүрлі ерекшелігі бар ондаған миллион адам өмір сүреді. Басқалар секілді олар да қоғам өміріне толыққанды қатысуы керек. Инклюзивті қоғам және осыған қатысты Қазақстандағы жағдай қандай деген сауал көпшілікті ойландыруға тиіс. Инклюзивті қоғам – жынысына, жасына, этникалық тегіне, мәртебесіне және физикалық немесе психикалық жағдайына қарамастан әр адам өзін толыққанды мүше ретінде сезінетін қоғам. Оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жөні бөлек. «Инклюзия» сөзін естіген кезде біз бірден пандустарды, мүмкіндігі шектеулі балалар сыныптарын және Даун синдромы бар адамдар жұмыс істейтін кафелерді елестетеміз. Шын мәнінде, біздің қоғам санасында мүгедектігі бар адамдар параллель әлемде өмір сүретіндей: үйлер мен көшелер мүгедектігі бар (денсаулығы шектеулі) адамдар жүре алатындай бейімделмеген, мектептер мен университеттер инклюзивті емес және нейротиптік балаларға арналған, ал мүгедектерге арналған жұмыс орындары көбінесе тек әлеуметтік жарнамада болады.

«Қоғамға толық қатысу» деген нені білдіреді? Бұл барлық адамдар, соның ішінде физикалық және психикалық даму ерекшелігі бар жандар бірдей мүмкіндіктерге ие болуы: еркін қозғалу, кез келген мекеме мен ұйымдарға (дүкен, дәмхана, мұражайлар) бару, жұмыс істеу, қарым-қатынас жасау, спортпен және шығармашылықпен айналысу және, әрине, білім алу. Тар мағынада инклюзивтілік әдетте кедергісіз орта және денсаулығына байланысты ерекше қажеттілігі бар адамдарды қоғамдық өмірге тарту контексінде қарастырылады. Бірақ кең мағынада инклюзивті қоғам – бұл жынысына, жасына, этникалық тегіне және кез келген басқа сипаттамаларына қарамастан әркім өзін толық мүше ретінде сезінетін қоғам.

Қазақстанда инклюзивті қоғам қалай құрылуда дегенге келсек. 2021 жылы Қазақстанда «Мүгедектігі бар адамдарға арналған кәсіптер атласы» іске қосылды. Онда 16 мыңнан астам мамандық бар, олардың 7 мыңы бірегей. Бұл бұрыннан қалыптасқан, бірақ онлайн оқыту мен жаттықтыруға көшуге байланысты жаңа серпін алған және салыстырмалы түрде жаңа мамандықтар – интернет арқылы сату, SMM, жүйелік әкімшілендіру және т.б.
«Алматы қаласы мүгедектер ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ләззат Қалтаеваның айтуынша, Атлас жақсы жасалған, өйткені ол азаматтардың осы санатына (мүгедектігі бар) кейбір мамандықтарға қолжетімділік шектеулі деген таптаурын пікірді бұзады.

«Атлас мүгедектіктің қандай түрлерімен және қай жерде жұмыс істеуге болатындығын көрсетеді, – дейді ол. – Ал қазір 2019 жылы іске қосылған «Қолжетімді орта» бағдарламасының арқасында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында мүмкіндігі шектеулі жандар мен мобильділігі төмен топтар үшін қандай нысандар қолжетімді екендігі көрсетілген тұтас интерактивті карта бар. Бұл тек жұмыс орындары туралы ғана емес, сонымен қатар адам клиент ретінде келетін нысандар туралы карта. Мысалы, сұлулық салоны немесе мейрамхана, т.б.».

Инклюзивті қоғамда, адамның құндылығы оның физикалық қабілеттеріне немесе қандай да бір жетістіктеріне байланысты емес, бәрі тең деп саналады, бұл көзқарас қоғам әлеуетін күшейтеді. 
Инклюзивті қоғам құруға әр адам атсалыса алады. Ең қарапайым әдет – дұрыс сөйлеуден бас­талады. «Мүгедек», «аутист», «Даун», «арбашы» – кең таралған, бірақ бұрыс сөздер, өйткені олар адамның ауруын оны анықтайтын қасиетіне айналдырады. People-first language принципін қолданған дұрыс, яғни алдымен адам, содан кейін оның ерекшелігі. Мысалы, «аутизммен ауыратын адам», «церебральды сал ауруы бар қыз». Бұл қағида барлығына құрметпен қарауды қалыптастырады және мұндай үрдіс инклюзивті қоғамның бір бөлігіне жатады.

Адамның мүгедектігіне, бірегей ерекшеліктеріне немесе психикалық даму өзгешеліктеріне қарап, қоғамнан шеттетуге болмайды. Инклюзивтілік – жаһандық тенденция және біз бұл бастамаларды толығымен қолдауымыз қажет. Елдегі балалар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты ескірген көзқарастар мен стереотиптерді толығымен өзгертуді қолға алған жөн.



Бөлісу: