Өмірімді өзгерткен ерекше кітап(Байқау)

Адам өмірін оңай өзгерте алады ма? Әлде күнделікті күйбең тіршіліктің қамын ойлап, жасап жүрген харекетін жалғастырып, бұл өмірдегі өз орнын таппай жүре бермек пе? Бір сәт бізді алаңдатып, өзімізді сергелдеңге түсіріп, жанымызды жегідей жеген тымырсық ойлардан арылып, шешімін таппас деген жағдайларды шетке ысыра қойып, жүрегімізге тыныштық орнатайықшы...

"Адам тағдырын өзгерте алмас" деген пікірге сірә, қосыла қоймаспын. Бұлай деп пайымдауымның да өзіндік себептері бар. Кішкентай кезімнен бастап, жол сілтер шамшырағым, ақылшы ұстазым сияқты болып кеткен кітаптарымды өзімнен бір сәт те алыс қалдырған емеспін. Қайда барсам да, сөмкемнің ішінде бір немесе екі кітап жүретін. Сондағы ойым, зерікпеу ғана болатын. Бірақ, уақыт өте келе кітаптың адам өміріне тигізетін ғажап әсерінің бар екендігіне анық көзім жетті. Әрине, көп оқыдым деуден аулақпын. Адам ешқашан тойдым, болдым демесе керек-ті. Сол сияқты әзірге білім шыңына жеткен жанды да кездестірген емеспін. 

"Тиыннан теңге құралғандай әр оқылған кітаптан білім жиналады" демекші, оқыған азды-көпті кітаптарымның әрқайсысы, жаныма азық болып, дүниетанымымның көкжиегін кеңейтті. Тіпті, өмірімді өзгертіп, ойым мен санамдағы сан сұрақтың жауабын табуға көмегін де тигізді. Ендеше, массагеттіктер өмірімді өзгерткен ереше кітап жайлы білгілеріңіз келе ме?

Жақында ғана Т. Ахтановтың "Шырағың сөнбесін" атты тамаша туындысын оқып бітірдім. Алған әсерімді жеткізудің өзі қиын болып тұрғаны-ай! Бұл шығарманың тақырыбы адамды ә дегеннен-ақ еліктіріп, оқымасыңа қоймайды екен.  Кеңес офицері Қасымбектің қарапайым қазақ қызы Нәзираға үйленген сәтінен бастап, небір қиын кезеңдерді суреттейтін бұл шығарма оқырманды ерекше елітіп, тіпті көзіңе жас алдыртпай қоймайды. Қасымбектің әскери адамға тән бар болмысы мен бұйығы мінезі сол кездегі қазақ жігітінің түр-тұлғасын айқын көрсетіп тұрғандай әсер етті маған. Нәзираның есімі қаншалықты әдемі болса, мінезі  мен түр-сипаты соншалықты көркем болып елестеді. Бір байқағаным кітапты оқи отыра, мен де сол кейіпкердің бір бөлшегіне айнала бастағанымды сездім. Олар қуанса бірге қуанып, қайғырса қайғысына ортақтасып, қамын жеп, оқиғаның қалай өрбитінін білгім келе түскені де маған таңсық емес. Тура фильм көріп отырғандай күй кешесің. Бірақ, фильмде  көркем суреттеу мен қиялға көбірек ерік береді. Айырмашылығы, автор сол кездегі соғыс дейтін тажалды өз көзімен көрген соң, зұлмат жылдарды оқырманның көзіне ерісіз елестете жазған. Алғашында бәрі жақсы болатын. Қасымбектің жұмыс бабына орай Нәзира ауылынан ұзап шығып, жат жерге кетіп, өмірінің жаңа парағы ашылғандай еді. Тіпті, екеуінің көз қуанышы болатын құрсағындағы шақалақты ойлағанда, өзін дүниедегі ең бақытты жандай сезінетін. Бірақ, осындай бақытты мезгілсіз сәтте келген соғыстың үзерін кім білген. Адам өз мақсатына жету үшін неге де болса барады емес пе? Қатыгездіктің түрлі әдісін тауып, тіпті бір жанның өмірін қию керек болса да, өз мүддесі үшін қолдан келгенін аямай жасайтыны хақ. Ал соғыс бір жанның өмірін ғана емес, бүтін бір халықтың өмірін жалмайтын, жанды азапқа салып, жүрегіңді мұзға айналдырып жіберетін сұм екенін осы бір оқыған кітабымнан кейін анық аңғардым. Құрсағындағы сәбиді оқ пен оттан аман сақтап қалу үшін жанын шүберекке түйген Нәзира тағдырдың теперішін көріп, өліммен сан рет бетпе-бет кездессе де, бойындағы барлық күш-жігерін жинап, өмірін өзгертуге тырысты. Сүйген жарынан соғыс айырса да, күресін тоқтатпай, әр бір сәт сайын  азаматының шамшырағын сөндіріп алмас үшін, алға жылжып, өзінің берілуге құқығы жоқ екендігін түсініп, ақыры аман қалды.

Шынымды айтсам, мұндай ауыртпалықты көрген адамдардың қасында кейбір жандардың қиындық деп жүргені жай баланың ойыны секілді болып қалатынын түсіндім. Бұл  кітапты оқып отырып, жүрегім қан жылап, талай рет көз жасыма ерік бергенім де рас. Кітапты оқып бітірген сәттен бастап, өмірімді түбегейлі өзгерте бастадым. Әр күніме шүкіршілік айтып, бұрын байқамаған небір асылды енді ғана байқағандай болдым. "Қолда барда алтынның қадірі жоқ" демей ме, атам қазақ?  Бүгінде бейбіт ғұмыр кешіп, тәуелсіздіктің таңы атса да, пенде болғаннан соң ба, барымызды бағаламай, астамшылыққа жол беріп жатамыз. Соғысқа қатысқан ардагерлерімізге де лайықты құрмет көрсете алмай жатқан секілдіміз. Материалдық жағынан емес, рухани тұрғыдан. Олар біз үшін қан майданда жандарын пида етуге әзір болды. Ал кейбір жастар қоғамдық көлікте қарт адамды көре тұра, көрмегенсіп отыра береді. Бұл майдангерлеріміздің жүрегіне қаншалықты ауыр тиетінін енді ғана ұғынғандаймын. Бір ғана кітап сансыз сұраққа жауап болып, жүректегі небір сезімдерді қозғайтынын кім білген? Адам қолмен ұстап, көзбен көрмесе, оқып сезінбесе құр сөздің керегі де шамалы. Оқып көріңіздер. Мүмкін, сіздердің де өмірлеріңіз бен ойларыңызды өзгертіп, ашылмас есіктің кілті тап осы кітап болатын шығар...



Бөлісу: