Қазақ пен корей халқының салт-дәстүрлер сабақтастығы

Қазақ халқымен тұрмыс тіршілігі бір арнада тоғысып, болмыс бұлағымен біте қайнасқан корейлер бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұраға бай, сан ғасырлық салт-дәстүрін дәріптеген ұлт ретінде үлгілі. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде тарихи отанынан Қазақстанға жер аударылған корей халқы тезі қатты тағдыр тауқыметіне темірдей төзім танытты, қиындықтарды қазақ халқымен бірге еңсерді. Қазақтың кеңпейілділігі мен корей жұртының еңбекқорлығының арқасында ұлттар арасында берік достық қалыптасты. Өзгеге қырын қарамай, құшақ жаятын қазақстандықтар корейлерге пана бола білді, ал корейлер үшін Қазақстан отанына айналды. Бүгінде сол корейлердің ұрпақтары Қазақстан азаматы ретінде елімізде ғылым, білім, мәдениет, денсаулық және экономика салаларының дамуына өз үлесін қоса отыра корей ұлтының мәдени құндылықтарын сақтап келеді.

Дана Молдабаева – қазақ және корей отбасысында дүниеге келген, орыс, корей, қазақ, ағылшын тілдерінде еркін сөйлей алатын педагог. Дана ханымның жеке тұлға ретінде қалыптасуына корей мәдениеті өз ықпалын тигізді. Ол бүгінде Корея мәдениетіне қызығатын жастарға корей тілін үйретумен айналысады. Біз Дана ханыммен Қазақстандағы корейлер жайлы әңгіме өрбіттік.

- Сіз корей салт-дәстүрлерін ұстанасыз ба?

Әрине, кішкентай күнімнен ата-әжемнің тәрбиесін көріп өскендіктен болар, корей мәдениеті жүрегімнің бір бөлшегі боп қаланды. Әжем ата-баба салт-дәстүрінен қол үзіп қалмасын деп ерте кезден бойымызға ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсірді. Жалпы, біз үшін әрбір корей атап өтуі тиіс үш басты мереке бар: бұл баланың шілдеханасы, үйлену тойы және алпыс жас мерейтойы. Сонымен қатар, ұлттық мейрамдарымызды да тойлаймыз.

- Қазақтың қай салт дәстүрі сізге ұнайды?

Мен аралас отбасыда өсіп, орыс мектебінде оқысам да, айналам қазақтар болғандықтан, көптеген әдет-ғұрыптарды көріп келемін. Маған жалпы қазақтың барлық жол-жоралары ұнайды. Әсіресе, ұзату кезінде қызға сәукеле тағылып, оның өз жұртымен қоштасуы өте ерекше. Әр ұзатуда болған сайын бұл көрініс жүрегімді елжіретпей қоймайды. Және тілашар да баланың білім жолына аттағанын тойлайтын қызықты мейрам. Осы орайда Наурыз мейрамын атап өтпеске болмас. Наурыз мейрамындағы қуаныш, шаттықсыз көктемді елестете алмаймын. Тіршілік қайта гүлденіп, өмірдің жаңа есігі ашылатын көктем мейрамы - менің ең сүйікті мерекем.

- Корей тілін қалай үйрендіңіз?

Мен мектеп бітірген соң тіл үйрену мақсатында Оңтүстік Корея астанасы Сеулде бір жыл бойы оқыдым. Кәрісше ештеңе білмеген соң, бастапқыда ортаға сіңісу қиындық туғызды. Кореяда кәрісше білмесең, ешкім сені түсінгісі келмейді. Дегенмен, қажырлы қайрат пен құлшыныстың көмегімен корей тілін тез уақытта меңгеріп алдым. Одан кейін, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде филология факультетіне түсіп, академиялық алмасу бағдарламаларымен Кореяның әртүрлі қалаларында білім алуға мүмкіндік алдым.

- Оңтүстік Кореядағы корейлер мен Қазақстандағы корей өкілдерінің арасында айырмашылық бар ма?

Әрине, алдымен географиялық тұрғыда Қазақстанның құрлықта орналасуы біраз айырмашылыққа себеп болып табылады. Корея асханасы түрлі теңіз тағамдарына бай. Ал Қазақстанда теңіз тағамдары аса қолжетімді болмағандықтан, тағамдарымыз жергілікті халықтың ас мәзіріне негізделген. Тағы бір ерекшелік Оңтүстік Кореялықтардың менталитетінің өзгешелігінде, оларда үлкенге құрмет бізден қарағанда қатты сақталады. Кейде асыра пайдаланудан буллинг, әлеуметтік теңсіздік секілді мәселелер болады екен.

- Салт дәстүрлер қаншалықты тұрақты? Оларды заманға қарай ауыстыру әлде сақтау, қайсысы маңызды?

Уақыттың жылжуымен мәдениеттің өзгеруі қалыпты дүние. Себебі, технологияның пайда болуымен түрлі мәдениет араласып, кейбір ғұрыптар өткеннің еншісінде қалуда. Біз қаласақ та, қаламасақ та жаһандану процесі жүріп жатыр, дегенмен бастысы бұл ұлттық бірегейлігімізді жоғалтпай, адами құндылықтарды сақтап қалу деп есептеймін.

- Қазақтар мен корейлердің арасында қандай ұқсастықтар бар?

Қазақстандық корейлер мен қазақтарды ең алдымен ортақ тарихымыз байланыстырады. Кеңес одағы кезінде екі ұлт бір ел - бір шаңырақ астында барлық қиындықты өткерді, жас мемлекеттің қалыптасуының әр кезеңіне белсене қатысты. Корей тілінің оқытушысы ретінде байқағаным, екі тіл де Алтай тілдеріне жататындықтан грамматикалық ұқсастықтары көп. Сондықтан, қазақ тілді азаматтарға корей тілін меңгеру оңайырақ келеді.

Ал мәдени жағына тоқталатын болсақ, біздің отбасылық құндылықтар бір бірімен өте ұқсас. Корейлерде үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қағидаттар, отбасындағы әке мен ананың рөлі, менталитет қазақ халқындай әдеп пен ізгілікке бағытталған. Сонымен қатар, корей халқы баланың бір жасқа толу күніне қатты назар аударған. Қазақта бұл ғұрып "Тұсаукесер", корейлерде "Асянди" деп аталады. Мереке құрметіне арнайы жібек матадан ханбок (ұлттық киім) тіктіріп, баланың болашағын болжау рәсімі жасалған. Бала үстел үстіндегі қай затты алса, сонымен болашағы байланысты болмақ деген ырым қазақта да бар.

- Қазақ пен корей халқының арасындағы достығының көрінісі бүгінде қандай? Бұл достықты тағы қалай дамыта аламыз?

Қазіргі күні Оңтүстік Корея тарапынан елдегі этникалық корейлерге көп қолдау көрсетіліп келеді. Алматыда елшілік жанындағы білім беру орталығында тегін корей тілін меңгеруге, түрлі іс шараларда белсенділік танытуға болады. Мен сол мүмкіндіктерді қолданып, бірнеше рет Оңтүстік Кореяда білім алу гранттарын, стипендияларын ұтып алдым. Расымен де, Корея Қазақстандық корейлердің жағдайына аса көңіл бөледі. Биыл біздің республикалық Коре ильбо газетіміздің тарихына жүз жыл толып отыр. Әрі Алматыда мемлекеттік республикалық музыкалық комедиялық корей театры жұмыс жасайды.

Мұнда Қазақстанның көп векторлы саясаты айтарлықтай пайдасын тигізді. Осы бір достық қарым қатынасты ары қарай өрлету үшін жас ұрпақты сүйіспеншілікке баулып, бірлікте болуға тәрбиелеу біздің парызымыз. Ал корейлер өз құндылықтарын заманмен сабақтастыра отыра ұрпақ бойына сіңіру керек деп есептеймін. «Не ексең, соны орасың» демекші мәдениет ары қарай жалғасын табуы үшін алдымен қоғамда өмір сүруі тиіс.

- Қазақстанда корейлерге деген көзқарас қандай?

Жалпы елде корейлерге деген көзқарас өте жақсы қалыптасқан. Мұның себебі корейлердің еңбексүйгіштігінен болар. Бізді кішкентай кезімізден еңбекке, жауапкершілікке баулып, тірліктен жатырқамауға үйреткен. Иә, адамдар әртүрлі, себебі жақсы ұлт болмайды, ол ұлтты құрайтын жақсы адамдар ғана бар. Жалпы, корейлерге деген көзқарас өте жақсы екендігі мені қуантады.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!



Бөлісу: