Қазақ-корей бір туған...

Қазақстанға Қиыр Шығыстан тарихи депортация кезінде көшіп келген корей халқы бүгінгі таңда тарихи мәдени мұраға бай, ұлттық бірегейлігі мен сан ғасырлық салт дәстүрін дәріптеген ұлт ретінде үлгілі. Жаңа жерге қоныс аударған корейлер түрлі экономикалық және тарихи өзгерістерге ұшырағанына қарамастан теңіз және құрлық дәстүрлерін ұштастыру арқылы сақтап қалды. Алайда, корей халқының әдет-ғұрыптарына мән беріп көңіл бөлсек, қазақ халқымен көптеген ұқсастықтар бар екенін аңғаруға болады.

Тілдік ұқсастықтар

Қазақ пен корей тілдерінің өзара үйлесімді жақтары баршылық. Лингвисттердің айтуынша, екі тіл де алтай тілдер семьясына жататындықтан оладың құрылымы, грамматикасы ұқсас. Корей және қазақ тілдерінде 300-ге жуық сөздің мағыналық және айтылу жағынан ұқсастығын байқауға болады.

Мысалы, 작은 [чагын] деген сөз кішкентай, шағын деген мағынаны білдіреді, [бурак] - бұлақ, 까다로운 [катал]  – қатал және т.б. Сонымен қатар, корей тілінде "Тәңірі" сөзі "Тангун" - "корей халқының атасы" дегенді білдіреді.

Ру және тек

Бүгінде Оңтүстік Корея мемлекетінде 52 миллион адам өмір сүреді. Барлығы 250-ге жуық тектен тарайды. Олардың ішінде ең танымалы - Ким, Ли, Пак және Чхве. Ал қазақтар үш жүзге, оның ішінде руға бөлінеді. Әдетте, бір атадан тараған туысқандарға үйленуге болмайды. Ал қазақта жеті атадан асып барып, қыз алысып-беріскен. Бір тектен шыққан корейлерге туысқан болып есептелгендіктен, 1995 жылға дейін өзара некелесуге мемлекет тарапынан ресми түрде тыйым салынған.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет

Корей халқында үш мерекені атап өту заң саналған. Ол біріншіден баланың туған күні; екіншісі – үйлену тойы; үшіншісі – мүшел тойы (алпысқа келуі).

Корейлер отбасындағы қарт адамдарды құрметтеп, олардың мерейтойларын өткізеді. Соның ішінде ең маңыздысы балалардың ата-анасының 61 жасқа толу мерейтойын тойлауы болып табылады. Бұл мерейтой отбасындағы балалардың барлығы ер жетіп, отбасын құрып, олардың тойлары жасалып болғанда ғана тойланады. Егер ондай болмаса, мерейтой кейінге қалдырылып, 2, 4, 6 жылдан кейін тойланады. Мұндай салт біздің елде де бар. Қазақтар әке-шешелерінің дөңгелек жасын тойлайды. Сондай-ақ, қазақта 61 мүшел жас деп есептеледі.

Отау құру

Қазақстандық корейлер де олардың ата-бабалары сияқты некеге тұруға ерекше мән береді. Бұл адамның өміріндегі төрт басты оқиғаның бірі және салтанатты түрде өткізіліп, оған барлық туыстарының назары аударылады. Неке алдында құда түсу рәсімі өтеді. Сырға салу – келін түсіруге арналған жөн-жоралғылардың ең алғашқысы.  Корейлерде бұл "Ченчи" деп аталады, олар да қызға құда түсіп, болашақ келінге сырға тағады. Қыз тұрмыс құрып, өз жұртымен қоштасады. Үйлену тойынан соң жаңа құдалар қайта бас қосады. Қазақтарда бұл - құдалық, ал корейлерде – шамири. Ал келінді үйге кіргізгенде оның жолына ақ мата жайып, үстіне күріш төгеді. Ол келіннің жолы ақ және ырзықты болсын деген тілекті білдіру. Бір жағынан қазақ халқының қызын ұзатып шығарып салғандағы алдына ақ мата төсеуі екі халық арасындағы үндестікті көрсетіп тұрғандай.

Корейлердің дәстүрі бойынша келін түскеннен кейінгі үшінші күні үй шаруасымен айналысып, өзінің не нәрсеге бейім екендігін байқатуы тиіс.

Бұл халықта да өлген адамды жоқтау салты бар. Егер үй иесі қайтыс болса, еркек туыстары оң жаққа, әйелдер сол жаққа отырады. Жоқтау айтып, жылайды.

Тұсау кесу

Қазақ баласын қырқынан шығарса, корейлер баласының 100 күнге толғанын атап өтеді. Онда да туысқанның бәрін шақырып, дастарқан жаяды. Корей халқы баланың бір жасқа толу күніне қатты назар аударған. Қазақ халқында бұл ғұрып "Тұсаукесер", корейлерде "Асянди" деп аталады.  Корейлер мереке құрметіне арнайы жібек матадан  ұлттық киім (ханбок) тіктірген. Туған күн мерекесінде баланың болашағын болжау рәсімі жасалған. Үстел үстіне: күріш, кітап, қызыл үрмебұршақ, чартаги (кеспе), қаламсап немесе қарындаш, қайшы, жіп, ине, пышақ, ақша қойған. Бұл рәсімнің мақсаты – сәби қай затты таңдаса, оның болашақ мамандығы сонымен байланысты болмақ.

Наурыз және Чхусок

Көшпелі қазақ ұлты табиғат құбылыстарын байқай отырып, тіршілік тірегі болған дәстүрлі шаруашылығын соған сәйкестендіріп жүргізген. Сондықтан, халқымыз ызғарлы қыстан аман шығып, табиғаттың қайта түлеп, тіршілік жаңаруына барлық жаратылыспен қатар қуанатын. Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Осы күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Корей халқында кейбір мейрамдарды жыл мезгіліне, шаруашылыққа байланысты өткізген. Соның ішінде жаңа жыл салтанатын өткізуге ерекше көңіл бөлген. Олар жаңа жылды қалай көңілді өткізсең, жаңа егіннің өнімі де мол болады деп есептеген. Көктемнің басы мен егін салу кезін де көңілді өткізген. Ал, егін жинау орақ басталу кезі Чхусок мерекесінде жаңа егіннің өнімінен түрлі тағам даярлап, ұлттық ойындар мен той өткізуді дәстүр еткен. Чхусок мерекесі күні таңертең әр шаңырақта дастархан басында ата-бабалар рухына құрбандық шалу - «чарэ» рәсімі өткізіледі. Ал қазақ халқы Наурыз мейрамының қарсаңында ата-баба, қайтқан туыстың рухына құран бағыштап, жеті шелпек пісірген. Сонымен қатар, бұл күні жаңа піскен жеміс - жидек пен дәнді-дақылдардан дастарқан жайылып, Амал мерекесіне ұқсас ағайын-тума, көрші-жұрт бір-бірінің үйіне барып, аман-саулық сұрасқан.

Иіліп сәлем беру

Корейлерде сәлем ерекше мағынаға ие. Шығыс халқындағы сәлем беру идеологиясында баланс тудыратын инь-янь тұр. Ер адам "янь" болса, әйел адам "инь". Яғни, иіліп сәлемдесу арқылы бір-біріне құрмет көрсетеді. Қазақтың келіндері де өзінен үлкен адамдарға иіліп сәлем берген. Бірақ бүгінде сәлем беру түрлері өңірлерге байланысты өзгерді.

Жер үстел

Корей сериалдарын көп қарайтын болсаңыз, олардың кәдімгі үстелге қарағанда жер үстелде отыратынын байқаған боларсыз. Қазір тек тамақтанатын жер үстел ғана емес, сонымен қатар, сабақ оқитын да жылжымалы жер үстелдер пайда болды.

Қазақтар да ежелден жер үстелде ас ішеді. Біздің жер үстелден өңірге байланысты түрлі пішінде келеді. Мысалы, солтүстікте жер үстел дөңгелек пішінді болса, батыста төртбұрышты. Ал корейлерде жер үстел шағын, бірнеше ғана адамға арналған.

Ұлттық аспаптар

Каягым - көп ішекті шертпелі аспап. Шамамен VI ғасырда жасалған. Оның 12, 24 ішекті түрлері бар. Жетіген де - көп ішекті шертпелі аспап. Өзінің аты айтып тұрғандай, жетіген алғашында 7 ішекті болған, бірақ қазір аспаптың бірнеше ішекті түрлері бар.

Пипа жергілікті ертеде қолданылған ішекті аспап. Пипа аспабы сопақша келген алмұртқа ұсқас 5 ішекті домбыра тектес аспапты "хянбипа" дейді. Ал, төрт ішектісін "танбипа" деп атаған.

Хэгым — кішкене мойыны созылыңқы екі ішекті, бір ысқышы бар танымал музыкалық аспап. Ысқышы қобыз секілді жылқының қылынан жасалады.

Ұлттық сыбызғымыз тал шыбықтан жасалса, корей сыбызғысы ерте заманнан бері бамбук ағашынан жасалған. Оның "дэгым", "чунгым", "согым" және тағы басқа көптеген түрлері бар.

Хун - үрмелі аспаптар тобына жататын аспап. Саздан жасалып, әр түрлі түстерге боялады. Ойналуы қазақтың сазсырнайы сияқты.

Чангу - шаңдауылға ұқсас қолмен ұрып дыбыс шығаратын екі жақты ұрмалы аспап. Сырланған ағаштан жасалынып, екі жақ беті теріден қапталады.



Бөлісу: