Бүгінгі қазақ отбасындағы қыз бала мен ербала тәрбиесінің жағдайы

Қазақ халқы ежелден-ақ қыз бала мен ер бала тәрбиесіне аса маңызды көңіл бөліп, әдеп пен адамгершілік сияқты қасиеттерді жоғары ұстаған. Оның барлығын дәлелдейтін көптеген мақал-мәтелдерді мысалға келтіруге болады. “Анасына қарап қызын ал” деген мақалдың мәнісіне тоқталсам. Қыз бала тікелей көрген-білгенін анасының нұсқаулығы бойынша өз бойына сіңіріп, тәлім-тәрбие алады. Үлкенді құрметтеу, кішіні ізеттеу, ата-ананың айтқанын әр-кез бұлжытпай орындап, болашақта бір үлкен шаңырақтың ибалы келіні атану үшін жастайынан әрекет жасайды. Яғни қыз бала анасынан не көрсе кейін келін болып барған жерінде де сол көргеніндей істейді. Отбасы қоғамымыздың бір бөлшегі болса, сол отбасының шаңырағын шайқалтпай берік ұстап, ошақ қасында отыратын әйел адам екені барлығымызға белгілі.

Қазақ халқында кең тараған әрбір нақыл сөздің артында үлкен терең ой жатыр. Осы сияқты қаншама мақал-мәтелдер шығару арқылы ата-бабаларымыз қыз баланы өнегелі тәрбиеге баулыған. Әкенің де, шешенің де тәрбиесі - орны толмас асыл қазына деп айта аламын. “Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды” деген ұлағатты сөз бар. Әкенің жөні әрқашан да бөлек. Әке отбасым деп тынбай еңбек етіп, үлкен жауапкершілікті өз бойына алған, отбасының тірегі деп айтсам болады. Әке-шешелерімізді құрметтеп ізет тұту - біздің өмірлік парызымыз деп айтсам қателеспеймін. Қанша жерден ата-анамыз қатты айтса да, әрқашан баласының қамын ойлап, амандығымызды тілеп жүреді. Ата-аналарымыз - біздің асыл қазынамыз. Ата-анамыз бізді болашақта қоғамның дамуына үлкен үлес қосатын тұлға ретінде тәрбиелеп жеткізеді. Бала алдымен шыр етіп дүниеге келген күннен бастап отбасының берген тәлім –тәрбиесімен сусындап, ер жетеді. Осы жерде айтқым келгені, баланың өмір сүрген ортасы қандай тәрбие берсе, бала да өскен соң қоғамда өзінің жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынас жасауы тікелей соған байланысты дамиды.

Ежелде халқымыз көшпелі өмір салтын ұстанғандықтан, биік үйлер тұрғызуға аса көңіл бөлмеген және оларды материалдық құндылықтар аса қатты қызықтырмаған. Біреудің байлығына көре алмаушылықпен қарау, күштеп тартып алу сияқты әрекеттерден аулақ болған. Оның орнына халқымыз рухани жағынан өсіп-өнуге аса мән берген. Ал материалдық құндылықтар ретінде тек киіз үй және оның жабдықтары, ыдыс-аяқ, көрпе-жастық және т.б жинап көшіп-қонып өмір сүрген.

Қазақ халқы өнегелі тәрбиені қалыптастыруда ақсақалдардың көмегіне жүгініп, олардан кеңес сұрап, бата алып отырған. Бата алу арқылы алыс сапарға аттанған ер-жігіттің аман-есен оралуын тілеп, өсиет-тілектер арнап отырған. Отбасында жаңа түскен келінге байланысты көптеген әдет-ғұрыптар қазіргі күнге дейін сақталып келген. Келін ата-енесін әрқашан сыйлап, айтқанын бұлжытпай орындап, үй тірлігін белсенді атқарып отырған. Енесі әрқашан қолдау көрсетіп, білмеген жерін үйретіп, бала тәрбиесінде ақыл-кеңестерін айтып отырған. Барлық отбасы мүшелері бір дастархан басында жиналып, әр түрлі мәселелерді талқыға салған. Соның арқасында үлгілі де, өнегелі отбасы деген атқа ие болған. Осындай отбасында тәрбие алған бала да – мемлекеттің дамуына үлес қосатын тұлға болып шығады деп нық сеніммен айта аламын.

Ал енді қазіргі таңда осы тәрбие сақталған ба деген сұрақ әркімді мазалауы мүмкін. Менің ойымша, Қазақстанның белгілі бір аймақтарында әдет-ғұрып қазірге дейін сақталғандары бар деген пікірдемін. Бірақ, уақыт өте келе басқа шет елдердің отбасы туралы тұжырымдамалары біртіндеп еніп келе жатыр десе де болады. Қазіргі жастарымыз үлкендердің өсиетінен гөрі басқа елдердің ой-пікірлерін өнеге тұта бастаған. Сән саласында басқа елдің киіну үлгісіне еліктеп, жастарымыз жағымсыз әдеттерге көше бастады. Балалардың ойлау түсініктері қатты өзгерген. Себебі интернетке тәуелділік пайда болып, барлық қарым-қатынас әлеуметтік желі арқылы бола бастаған. Менің ойымша, ата-ана әрқашан қыз бен ер балаға орны толмас тәрбие беріп, өмірдің қыр-сырын түсіндіріп айтып, үйрету керек деп ойлаймын. Еліміз өсіп өркендесін десек, ең алдымен бала тәрбиесіне көңіл бөлейік дегім келеді.



Бөлісу: