- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мұндай адамдар ертең...
"Мұндай адамдар ертең тайқып шығады". Әнші Меруерт Түсіпбаева экс-министрдің әрекетіне шүйлікті
Қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші Меруерт Түсіпбаева экс-министрдің Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы хабарламаға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы өнер иесі өзінің instagram парақшасына жариялады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері бұған дейін де қоғамдағы келеңсіз оқиғаларда үнсіз қалмаған.
"Соңғы кезде қазақтың еркексымақтары қазақтың әйелдерін ұрып-соғып, зорлап, өлтіру фактілерін көбейтіп жатыр. Одан кейін қоғам біздің қыздарды басқа ұлтқа шықтың деп даттайды. Масқара, сонда маңайындағылар араша түспей, қарап тұрған ба?! Неткен жауыздық?! Араша түсетін бір адам болмаған ба?! Байғұс әйелдің жаны шыққанша ұрып-соғу – айуандық. Марқұмның аяғы ауыр болған деген де мәлімет бар. Зорлыққа жол жоқ", – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар фотосының бетін не үшін жапқанын да түсіндірді.
"Беттерін неге жаптым?! Мұндай адамдар ертең тайқып шығады. “Маған өзі атылды, мен тек өзімді қорғадым, жай итеріп қалып едім, шалқасынан түсті, өліп қалды” десе, таңғалмаймын. Сот өтіп, кінәлі деп танылғанға дейін ешкімнің бетін көрсетуге құқығымыз жоқ. Өйткені оның нақты кінәлі екенін сот жүйесі ғана анықтай алады. Қатаң заң қажет!", – деді әнші.
Оқырмандары әншінің кімді тұспалдап отырғанын білсе де, бетін көрсетпеуіне байланысты екі жақ пікір жазды. Бірі: "Бұл әрекетін “сақтықта қорлық жоққа” баласа, екінші тарап "бүкіл БАҚ жазып жатыр, кімді жасырғаныңызды білеміз", – деді.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды.
Бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін де істі болған. Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді.
Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды.
Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Ерболұлы