- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Арғы дүниеге барып...
"Арғы дүниеге барып келгендей халден оянған". Мұхамеджан Тазабек Жүрсін Ерманның жағдайы туралы айтты
Былтыр танымал ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскен еді. Кейін өнер иесі Швейцарияға емделуге кеткені белгілі болды. Жақында емін аяқтап, елге оралған Жүрсін Ерманның денсаулығы туралы айтыскер ақын, дінтанушы Мұхамеджан Тазабек айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instargram-парақшасында бөліскен.
"Айтыстағы әкеміз, өмірдегі көкеміз Жүрсін ағаға сәлем беріп, хәлін сұрап, батасын алып қайттық. Әуелі Алла, одан соң елдің тілегімен ортаға оралып, өз үйі, өлең төсегінде ем алып, демалып жатқан ағамыздың жүзін көріп, лебізін тыңдап қуанып қалдық. Алланың тағдырынан қашып құтылған кім бар?! Бірақ араңнан алыстап кетуге қимайтын, алдыңда ұзағырақ жүруін қатты қалайтын ерлер бар. Жүрсін ағамыз сондай тұлға ғой. Ашуланғаны - нардың ботасын қарпығанындай залалсыз, қуанғаны - жоғалғаныңды тауып бергендей жан жадыратқан, тіл қатқаны - таудан тас домалағандай жалт қаратқан ерекше қасиеттердің иесі - тұғырлы қазақ Жүрсін ағамыз ғой. Дүние төңкеріліп тұрса да әділін айтатын, мың қарға қарқылдағанын қаласа да қыран мінезінен қайтпай саңқ ете қалатын, озғанды күндемей, ор қазғанды тілдемей, әр шаруаның ортасын ұстайтын осындай оғыландар күн сайын азайып бара жатқаны - рухани көштің кері бұрылып, төрдің күн сайын жұқарып бара жатқанының көрінісіндей", - деп жазған ол.
Мұхамеджан Тазабек ақынның жансақтау бөлімінен шыққандағы алғаш айтқан сөзін бөлісті.
"Аллаға дұға қылып, абыз ағамыздың амандығын тілеп қайттық. Жан жары, сүйікті серігі Бақытжамал апамыздың аяулы алақанында тұрғанын, жүрегі мақтадан жұмсақ, көкжиектен кең Ардақ қызының қамқорлығында екенін көріп, көңіліміз тынышталып тарқастық. Иманды құлдың досы - бір Алла ғой! Сырты сан түрлі бояумен құбылса да пенденің жүрегіндегі иманын бір Алладан басқа ешкім білмейді. Ағамыз он екі күн жансақтау бөлімінде жатып, арғы дүниеге барып келгендей хәлден оянған бетте де, ең бірінші: "Ардақжан, намаз оқымасам болмайды екен" деп тіл қатуы да, жүректе не бар екенін көрсетіп тұр ғой... Елдің батасын алып, көптің дұғасында жүрген асыл ағамызға бір Алла жар болсын! Ұл-қыздары мен ұрпақтарының қызығын көріп, шәкірттері мен жанашыр жұртының құрметіне бөлене берсін!" - деді Мұхамеджан Тазабек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, Жүрсін Ерман - ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның "Жанартау", "Арайлы күн, армысың!", "Ұлытауға бардың ба...", "Құдіретке жүгіну", "Екі тізгін, бір шылбыр", "Құстың көлеңкесі", "Ырғай", "Арнадым сізге", "Көктөбедегі кездесулер", "Алыстан және жақыннан", "Гөй-гөй" атты кітаптары бар.
Еске салайық, бұған дейін танымал ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Ал кейін дәрігерлер Жүрсін Ерманның денсаулығына қатысты пікір білдірген еді. Сондай-ақ, Швейцарияда емделіп жатқан Жүрсін Ерманның жағдайы белгілі болды. Кейінірек шетелде ем алып жатқан Жүрсін Ерман Алматыдағы айтыстардың бірінде көзге түсті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек